Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы індетті жауапкершілік жеңеді

Жұқпалы індетті жауапкершілік жеңеді

Бүгінде бүкіл әлем хал­қына қауіп төндірген «Covid-19» инфек­ция­сы­ның екінші толқынын бол­­дыр­мау мен алдын алу ба­ғы­тында кешенді жұ­мыс­тар жүріп жатыр. осы ретте, жұқ­палы індеттің алғаш­қы ке­­зеңіндегі төн­ген қауіп­ті ес­кере отырып, сақтық ша­раларын әсте естен шы­ғармауымыз қажет. Сон­дай-ақ, маска­лық ре­жим­­­­­­­­­­­­­­­­­­ді сақтап, ауыр­мау­дың жолын қарастыр­ға­ны­мыз абзал.

Аудан бойынша бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфекцияның нақтыланған – 183 жағдайы есепке алынған болатын. Барлық тіркелген 183 жағдайдың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 12 жағдай тіркелген. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін ауданда «Covid-19» инфекциясының таралмауы үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда аудандық аурухана бойынша инфекциялық стационар 30 төсек орынға дайын, қажетті дәрі-дәрмектердің қорымен жасақталған, медицина қызметкерлері арнайы қорғаныш киімдерімен қамтылған. Сондай-ақ аудандық ауруханада фильтр бөлімшесі жасақталған және емханада фильтр кабинеті жұмыс жасайды. Бұл жұмыстардың мақсаты ауруханаішілік инфекцияны болдырмау, медициналық қызметкерлер мен емделушілер арасында коронавирус инфекциясын таратпау болып табылады.

Бүгінге дейін күнделікті жедел респираторлы вирустық инфекциямен науқастанған адамдарға мониторинг жүргізілген. Тымау ауруына қарсы 3646 тұрғын тегін екпемен қамтамасыз етілді.

– Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып кетті. Аудан бойынша пандемия ошақтары тіркелген жағдайда сол жерге барып инфекцияның көзін анықтап, науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды бақылау, сынама алынуын ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілетін болады. Мамандарымыз екінші толқынға толықтай дайын деуге де болады. Қазіргі уақытта арнайы қорғаныш киімдері мен залалсыздандыру құралдарымен, бетперде, резеңке қолғаптармен толық қамтамасыз етілген, – дейді аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Жанар Нұрсұлтанова.

Бүгінде аудан әкімдігінің жанынан құрылған құрамында әкімдік, полиция, кәсіпкерлік бөлімі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары бар мониторингтік топ жұмыс жасайды. Осы күнге дейін қаулы талаптарын, шектеу шараларын бұзған 34 жеке тұлғаға әкімшілік шара қолданылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады және күшейтілетін болады.

Жақындарымыз бен өз денсаулығымызға бей-жай қарамай, сақтанып, барынша қорғанып жүргеніміз абзал. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, күнделікті бетперде тағып, жиын-той, адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармай, залалсыздандыру құралдарын пайдаланып сақтанғанымыз өзіміз үшін маңызды. Қорытындылай келе, жұқпалы індетті жауапкершілік жеңеді деп айтуға толық негіз бар.

Айдана ҚАЛИЕВА
24 қазан 2020 ж. 374 0