Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемиядан сабақ алып, бір-бірімізге жанашырлық танытайық

Пандемиядан сабақ алып, бір-бірімізге жанашырлық танытайық

Жер жаһанды бір тарының қауызына сыйдырған жұқпалы індет қалыпты өмірге қауіп төндіргені анық. Бұл кесел әлемде тез тарап, соның салдарынан экономика тұралап, халыққа қиындық тудырды. Онымен күресте барлығы бір кісідей жұмылып, нәтижесінде жағдай қалыпқа түсе бастады. Алайда, жұқпалы індеттің тағы бір толқыны қылау бере бастағандай. Сондықтан оған әлебетте дайынжық керек. Осыған байланысты аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Ерлан Амантайұлы, короновирус инфекциясының қанша­лықты қауіпті екенін тұрғындар түсінгендей. Осы орайда, жұқ­палы індеттің белгілерін атап өтсеңіз?

– Жаңа коронавирус – адамдарда осы уақытқа дейін анықталмаған коронавирустың жаңа штаммы. «COVID-2019» деген атауға ие болған жаңа коронавирус биылғы жылдың наурыз айында елімізде алғашқы жағдайы тіркелді. Содан бері жұқпалы инфекция тез тарап, онымен ауырғандар саны күрт артты. Негізі, қауіпті кесел респираторлы вирус болып табылады. Ол инфицирленген адаммен қарым-қатынаста болғанда, оның тыныс алу жолдарынан бөлінетін тамшылары, мысалы жөтелгенде, түшкіргенде, сілекей тамшылары немесе мұрын бөлінділері арқылы тарайды. «COVID-2019» жұқпасының белгілері басқа да респираторлық аурулардың белгілеріндей болуы мүмкін. Оның клиникалық белгілеріне мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы, жөтел және дене қызуының көтерілуі жатады. Кейбір адамдарда ауыр түрде өтіп, пневмония мен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Сирек жағдайда бұл кесел өлімге әкеледі. Вирусты аурудың ауыр түрімен егде жастағы, сонымен қатар ағзасында басқа да патологиялары бар адамдар ауыруы ықтимал.

– Жұқпалы індет ауданды айналып өткен жоқ. Десе де бір-бірімізге жанашырлық та­нытудың нәтижесінде эпиде­миологиялық ахуал қалыпқа түс­ті. Қазіргі таңда ауданда тір­келген жағдай бар ма?

– Бәрімізге белгілі, биылғы жылдың 7-ші сәуірінде аудан бойынша коронавирустық инфекциясының алғашқы жағдайы тіркеліп, бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфек­циясының нақтыланған – 182 жағ­дайы есепке алынды. Аурушаңдық көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 474,4-ті құрады. Тіркелген 182 жағ­дайдың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 12 жағдай тіркелген. Нақтыланған 182 жағдайдың ішінде ауру белгілері бар науқастар 136 болса, ауру белгілері жоқ – 46 жағдай. Инфекциялық стационарда жатып ем алғандар саны – 122, үй карантинінде жатып ем алғандар – 27, ал карантиндік стационарға 31 науқас жатқызылып, клинкалық хаттамаға сәйкес емдерін толық аяқтады. Бүгінгі күні ауру белгілері жоқ 1 науқас карантиндік стационарда оқшауланып, тиісті медициналық бақылауға алынды. Пандемия бас­талғалы аудан тұрғындарынан жалпы 2566 сынама алынса, оның 2378 сынамасы теріс, 182 сынамасы оң болса, 6 сынама жұмыс барысында.

– Кеселмен күресте өзіңіз басқаратын басқарма және медицина мамандарының еңбегі ұшан-теңіз. Індет анықталған орындарға залаласыздандыру жұмыстарын жүргізу арнайы мамандарға жүктелді. Осыған тоқталып өтсеңіз?

– Барлық ошақтарда басқарма мамандарымен (эпидемиологтар) дер кезінде жүйелі эпидемиологиялық зерттеп-тексеру жұмыстарын ұйымдастырылып, індетке қарсы іс-шаралар толығымен орындалды. Сонымен қатар, әрбір ошақта «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда обылысы филиалының аудандық бөлімшесімен залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп отырды. Күндіз-түні тынымсыз еңбек еткеннің нәтижесінде жағдай қалыпқа түсті. Осы орайда, эпидемиологиялық ошақтарда жұмыс жасап, инфекция жұқтырған науқастармен тікелей байланыста болған қызметкерлерімізге аудан әкімдігі тарапынан арнайы карантиндік үй-жай бөлініп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Осындай жағдай жасағаны үшін зор алғыс білдіремін. Одан бөлек, қауіптің бетін қайтаруға жанашыр азаматтар да өз көмектерін көрсетті. Медицина мамандарына демеу көрсетті, қажетті деген құрылғылар мен дәрі-дәрмекті алып берді. Бұл қиындық кезеңіндегі халықтың ынтытақ-бірлігін танытты.

– Әлем елдерінде індеттің тағы бір толқыны басталып жатқанын байқап отырмыз. Бұ­ған дайындық барысы қалай?

– Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қызылорда облысы бойынша шектеу шараларды, оның ішінде каран­тинді кезең-кезеңмен жеңілдету туралы» Қаулыларына сәйкес, 17 тамыздан бастап өңірдегі әлеуметтік, мәдени нысандар жұмысын қайта жан­дандыруда. Басқарманың infoka zakhstan.kz базасына бүгінгі күнге дейін барлығы 775 нысаннан хабарламалар келіп, карантиндік сани­тариялық-дезинфекциялық шаралар­ды қатаң сақтап, өз қызметтерін жалғастырудада. Сонымен қатар, індеттің одан әрі таралуының алдын-алу мақсатында халықтың карантиндік талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған мониторингтік топ жұмысы биылғы жылдың мамыр айынан бастап жүргізілуде. Мониторингтік топпен бүгінгі күнге дейін 272 нысанға түсіндірме жұмыстары жүр­гізілді, оның ішінде 144 нысанға ескерту парақшалары таратылды. «Карантиндік талаптардың сақталуы және карантин кезінде анықталған құқық бұзушылықтар» бойынша ау­дандық полиция бөлімімен бірлесіп, 28 тұрғынға 1 166 760 теңге көлемінде айыппұл салынып, толығымен өнді­рілді. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатынын айта отырып, аудан тұрғындарының арасында инфекцияның жолын кесу, алдын-алу мақсатында қатаң карантиндік режим талаптарды сақтау қажет. Яғни, өздігінен оқшаулану, әлеуметтік ара­қашықтықты сақтау, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау, ұжымдық және отбасылық іс-шараларды өткізуді тоқтату, адамдар көп жиналатын орын­дарға бармау, науқас адамдармен байланысқа түспеу және суық тию белгілері пайда болған жағдайда жергілікті дәрігерден кеңес алу керек. Алдыңғы толқында елдегі, аудандағы жағдай қандай болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сондықтан біз пандемиядан сабақ алып, қазір сақтық шараларына мән беруге тиіспіз. Бір-бірімізге жанашырлықпен қарайық.


Сұхбаттасқан
Е.БЕРКІНБАЕВ

26 қыркүйек 2020 ж. 577 0