Үміткерлер үгіт-насихат жүргізуде
Бүгінде «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеуі облыс көлемінде қарқынды жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда аймақ бойынша 502 кандидат үміткер ретінде тіркелген. Оның ішінде 31 сырдариялық бар. Негізінен праймериздің негізгі мақсаты Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру болып табылады. Ал жаңа көшбасшылардың бәсекеге қабілетті екенін айқындау басты қағида екені сөзсіз.
Партияішілік іріктеу барысы арнайы Қаулыға сәйкес 5 кезең бойынша өткізіліп жатыр. Бүгінгі күні іріктеуге түскен кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Сырдариялық праймеризге қатысушылар бірнеше бөлімнен тұратын бағдармаларын көпшілік назарына ұсынуда. Көбіне әлеуметтік желінің көмегімен праймериз қатысушылары жергілікті тұрғындармен байланыс орнатып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісуде. Дәл қазіргі уақытта праймериз қатысушылары жергілікті тұрғындармен кездесіп, болашақта атқарылар жұмыстарды саралау үстінде.
Алдағы аптада праймеризге қатысушылар арасында өзара дебат өткізіліп, үздіктер бағдарламаларында көрсетілген басым-бағыттарды таразылайды. Үміткерлердің 22 пайызы нәзік жандыларды құраса, 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 26 пайызға жеткен.
Шын мәнінде «Nur Otan» партиясы тарапынан азаматтардың креативті идеяларын дамыту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынып келеді. Елдің өркендеуіне зор үлес қосқан партия белсенділерін анықтау былтырғы жылы пилоттық жоба ретінде Сырдария ауданында бастау алған болатын.
Жалпы алғанда, партияішілік іріктеудің маңыздылығы жоғары. Демократия мен азаматтық қоғамның рөлін арттыратын праймериз арқылы іріктелген жандар қарапайым халық арасынан шығатыны қуантады. Бұл ретте, аудан экономикасы мен әлеуетін көтеруге жан-жақты белсенділік танытатын «Nur Otan» партиясының үздіктерін келесі айда білетін боламыз. Жетекші партия осындай маңызды жобалардың нәтижесінде мемлекеттік саясатты жүргізетін білікті кадрларды жасақтап алуды көздейді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ