Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 7000-ға жуық азамат өтініш берген

7000-ға жуық азамат өтініш берген

«Nur Otan» партиясы праймериздің алғашқы аптадағы қоры­тын­дысын жариялады. Ақпаратта бір апта ішінде праймеризге қатысуға 7000-ға жуық адам өтініш бергені айтылған.

Осыдан тура бір апта бұрын елімізде «Nur Otan» партиясы ішкі партиялық іріктеуге, яғни праймеризге қатысу үшін өтініштер қабылдауды бастады. Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партия­ішілік сайлау ауқымында өтеді.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі екенін айтқан болатын. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау болып табылады.

Республика бойынша бір аптаның ішінде праймеризге қатысуға 7000-ға жуық адам өтініш берген. Олардың 34%-ы – әйелдер, оның ішінде 100-і – көпбалалы ана, 24%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар, сондай-ақ 51-і – ерекше қажеттілігі бар азамат. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 2419 адам ұсынылса, қалған кандидаттар өзін-өзі ұсынғандар.

Естеріңізге сала кетейік, праймеризге қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.

Партия құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер ретінде тіркеле алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan» партиясының қатарына қосылу керек. Праймериз өткізу, сондай-ақ кандидаттарға ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау мәселелері бойынша «Nur Otan» партиясы 8 (800) 080 4441 арнайы жедел желіні іске қосты.

Гүлсім ӘЛЖАНОВА

25 тамыз 2020 ж. 417 0