Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі сырдариялықтарға Үндеу жолдады

Аудан әкімі сырдариялықтарға Үндеу жолдады

"Nur Otan" партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Рүстемовтың «Nur Otan» партиясы «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидасы негізінде өткізілетін партияішілік іріктеуіне байланысты  сырдариялықтарға арналған үндеуін фейсбук әлеуметтік желісіндегі "Нұр Отан" партиясы Сырдария аудандық филиалы ресми парақшасына жариялады. 

– Өздеріңізге белгілі, «Nur Otan» партиясы «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидасы негізінде партияішілік іріктеу өткізуді қолға алған болатын. Былтыр пилоттық жоба ретінде ұйымдастырылған праймериз Елбасының тапсырмасына сәйкес биыл еліміздің барлық өңірінде өткізілмек. 17 тамызда басталған, бірнеше кезеңнен тұратын партияішілік іріктеу – жетекші партия тарихындағы ауқымды жоба.

Праймериздің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық корпусты қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға үміткерлерді ұсыну үшін мықты көшбасшыларды анықтау болып табылады. Бұл қоғамның дамуына өз үлесін қосуға ынталы, белсенді әрі тың идеялары көп азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан аудан тұрғындары мен бастамашыл топ мүшелері праймеризге белсенді түрде қатысады деп сенемін.
Былтыр пилоттық жоба ретінде өткізілген праймериз Қызылорда облысы бойынша Сырдария ауданында ұйымдастырылғанын жақсы білесіздер. Аудандағы партияішілік іріктеу ашық, жария түрде өтті және жоғары деңгейде қорытындыланды. Осы ретте жетекші партияның аудандағы мүшелері мен жақтастары биыл да ауқымды жобаның абыроймен өтуіне атсалысары анық.


Партияішілік іріктеу шарасы коронавирус пандемиясымен сәйкес келіп отыр. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігі үшін праймериз онлайн форматта өткізілмек. Бұл жетекші партияның ашық әрі қолжетімді жұмыс жүйесі қалыптасқанын білдіреді. Праймериздің тағы бір ерекшелігі – партия мүшесі болып табылмайтын, бірақ білімі мен тәжірибесін туған елінің қажетіне жұмсауға мүдделі азаматтардың да іріктеуге қатыса алуы. Сондай-ақ әйел азаматтар мен жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылуда.


Осы ретте Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосамын деген азаматтарды праймеризге қатысуға шақырамын. Жобаға қатысушыларға сәттілік тілеймін!, – делінген жазбада. 

18 тамыз 2020 ж. 531 0