Мықты лидерлер – мықты партия
Nur Otan партиясы «Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша халықтың мұң-мұқтажы мен проблемалық мәселелерін нақты білетін және оны шешуге білімі мен біліктілігі жететін қоғам белсенділерін жасақтау жұмыстарын қолға алғаны белгілі. Оның ішінде пилоттық жоба ретінде былтыр алғаш рет партиялық кадрлық резервке іріктеу өткенін атап өту қажет. Қоғам үшін тиімділігі мол игі бастама, яғни праймериз Қызылорда облысы бойынша Сырдария ауданында ұйымдастырылды.
Праймериздің негізгі мақсаты Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау болып табылады. Осы ретте әлемдік пікір көшбасшыларының пайымдауына сүйенер болсақ, праймериздің жаңа лидерлерді анықтаудың таптырмас құралы екенін анық аңғарамыз. Дамыған елдердің тәжірибесін тыңғылықты зерделеген жетекші партия, партия ішілік іріктеу өткізудің ережелерін бекітіп, сайлауға түсетін кандидатты таңдау үшін праймериз әдісін қолданбақ.
Былтырғы жылы пилоттық жоба ретінде ауданымызда өткен праймеризге өз бағдарламам мен жоспарларымды нақтылап, қатысқан болатынмын. Партия ішілік іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Бәрі ашық, жария түрде өтті. Сондай-ақ партия мүшелерімен кездесу тікелей эфир арқылы ұйымдастырылды. Ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытындағы жоспарларымызбен бөлісіп, оны жүзеге асыру жолдарын ұсындық. Бұл Nur Otan партиясының елмен етене араласып, қоғаммен біті қайнасып жұмыс істеп жатқанының айқын көрінісі деп қабылдадым. Айта кету керек, аталған партия ішілік іріктеу қорытындысында жақсы дауыс жинадым, праймериз мен үшін жоғары деңгейде қорытындыланды.
Бәрімізге белгілі, Nur Otan партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. «Партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс» деді Елбасымыз. Яғни, Nur Otan партиясы креативті идеялары көп, білімі мен тәжірибесін ел дамуына арнауды мақсат еткен қоғам мүшелеріне әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз етеді. Бұл мемлекетке қалтқысыз қызмет етсем дейтін азаматтардың ашық бәсекеде топ жарып шығып, халықтың қалаулысы атануына берілген тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Осы ретте алдағы праймеризге қатысатын үміткерлерге сәттілік тілеймін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ