Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Праймериз – таңдауға берілетін мүмкіндік

Праймериз – таңдауға берілетін мүмкіндік

Елбасы – Nur Otan партия­сының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы жыл­дың 17 тамыз күні мен 3 қа­заны аралығында партия ішілік таң­­дау, яғни праймериз өткізу туралы Қау­лыға қол қойды. Бұл ел үшін аса маңызды саяси шешім болды.
Жалпы праймериз әдісін дамыған Еуропа елдері жиі қолданады. Бұл үрдіс сол елдердің Ата Заңымен бекітілген. Яғни негізгі сайлауды праймериз өткізу арқылы, нақтырақ айтқанда алдымен елдегі бар партияның ішкі іріктеуінен кейін барып өткізеді. Праймериз – елдің ішіндегі беделді, танымал, сөзі өтімді, партияның белсенді мүшесін анықтауға берілген мүмкіндік. Мұны кеңінен қолданатын Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада секілді елдер тәжірибесі біздің елге де келіп жетті.
Праймериз туралы «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында пікір білдірген Nur Otan партиясы облыстық филиалы төр­аға­сы­ның бірінші орынбасары Ақмарал Әлна­зарова бұл атау қарапайым халық үшін бей­мәлім сөз екенін, дегенмен оның баламасы алдын ала іріктеу, сайлау дегенді білдіретінін айтты.
– Өркениетті елдердің тәжірибесін тыңғы­лықты зерделеген Nur Otan партиясы, партияішілік іріктеу өткізудің ережелерін бекі­тіп, сайлауға түсетін кандидатты өз арасында таңдау үшін осы әдісті қолданбақ. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау, – деп жазды А.Әлназарова.
Елбасы, партия төрағасы Н.Назарбаев елі­міздің сайланбалы органдарында әйел азамат­тардың үлесін 30 процентке дейін жеткізуді тапсырған болатын. Бұл партияішілік іріктеу кезінде ескерілуі тиіс. Яғни партиялық тізім­дер­дің сапалық құрамында әйелдердің үлесі кем дегенде 30 процент болады. Сонымен қатар жастардың, атап айтқанда 35 жасқа дейінгілердің де үлесі 20 процентке жетуі тиіс.
Қолданысқа енген Қаулыға сәйкес праймериз 5 кезең бойынша жүргізіледі. Ең алдымен кандидаттарды ұсыну және тіркеу, сонан соң кандидаттарды үгітке даярлау, үшінші – үгіт жұмысы, төртінші – дауыс беруді өткізу және бесінші – тізімдерді дайындау.
Айта кету керек, өткен жылы пилоттық жоба негізінде кадрлық резервке іріктеу аймақ бо­йынша Сырдария ауданында ұйымдастырылды. Жобаны өткізудегі мақсат – жаңа қоғамдық пікір иелерінің тобын қалыптастыру болды. Ауданда 3700-ден аса мүшесі бар партия 24 бастауыш партия ұйымына біріккен. Құжат тапсырған 47 үміткердің арасында бастауыш партия ұйымы ұсынғандар мен өзін өзі ұсынғандар болды. Олардың барлығы дерлік білікті кадрлар мен талантты азаматтар. Үміткерлердің 18-і әйел азамат болса, 9-ы 30 жасқа дей3нгілер, ал ең жас үміткер небәрі 22 жаста болды.
Қоғамда қызу пікірталас өткізген үміт­керлердің арасында өңірдің өзекті деген мәселесін алға тартып, белсенділігін көрсеткен үміткерлер партия мүшелерінің дауыс беруі арқылы кадр резервіне өтті.
Шын мәнінде6 өзара бәсекелестік туғызып, белсенді түрде ұйымдастырылған іріктеуден болашақ еліміздің дамуына үлесін қосатын ең беделді азаматтар басым дауыс жинады.
Қай кезде де өзінің тың идеяларымен және бастамаларымен республика көлеміне таныл­ған Сырдария ауданы былтырғы жылы праймериз өткізуді абыройлы атқарып, пилоттық жобаның өміршеңдігін дәлелдеді. Сондықтан тағы да берілген осындай мүмкіндікті аудан жұртшылығы жақсы қабылдап, қолдау білдіріп, белсенді қатысатынына сенім мол.

Бибісара ЖАНӘЛІ

09 маусым 2020 ж. 656 0