Басты мақсат – қоғамға бейімдеу
Пробация қызметі әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылса, соңғы жылдары бұл қызмет еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне де батыл енді. Аталған қызметтің негізгі мақсаты – шартты түрде, бас бостандығы шектелген және шартты түрде босатылғандар мен сот қаулысымен әкімшілік қадағалау орнатылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету.
Пробация дегеніміз, бір сөзбен айтқанда, сынау, байқау деген мағынаны білдіреді. Яғни сынау арқылы адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін сот тағайындаған шарттың барлығын орындап, қоғамға бейімделуі керек.
Осы жылдың 15-25 маусым аралығында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі мен пробация қызметі бірлесіп «Шартты түрде сотталған» атты республикалық профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Іс-шара кезінде пробация қызметі есебінде тұрған азаматтармен ауқымды түрде жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, шартты түрде жаза өтеп жүріп, бақылаудан жалтару, құқық бұзушылық пен қайта қылмыс жасауының алдын алу және сотталғандармен тәрбиелік жұмыс атқарылуда.
Учаскелік полиция қызметкерлері сотталғандардың тұрғылықты мекен жайларынан, ата-аналары, туыстары, олардың мінез-құлқына оң ықпал ететін адамдармен профилактикалық әңгіме өткізілуде.
Бұл іс-шараға полиция бөлімінен 13 учаскелік полиция қызметкері мен пробация қызметінің инспекторлары жұмылдырылды.
А.САҚЫБЕКОВ,
аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны