БАР ЖАҒЫНАН ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Аталған жаңалықтың Қазақстанда заңды түрде еніп, әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған.
Жалпылай айтсақ, бұл қызметтің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – істі болған жандарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа дәл келеді. Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді екен. Яғни сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге отырғызбай, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.
Кеше аудандық баспасөз орталығында пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған «Жұмыспен қамту. Әңгімелесуден қалай өту керек?», «Жеке кәсіпкерлікті қалай ашу керек?» деген тақырыпта «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығының ұйымдастыруымен семинар-тренинг өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев және осы орталық директорының орынбасары Ж.Алтынбаева, орталық психологы А.Қордабай мен сала мамандары қатысты. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, оның ішінде жұмыс орындарына белгіленген квотаның орындалуы, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуы туралы баяндама жасаған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерді тіркеу бөлімінің бас маманы Е.Зұлқарнаев нақты кезеңде аудандық пробация қызметінің есебінде барлығы 33 адам тіркеуде тұрғандығын атап көрсетті. – 2019 жылдың жеті айында аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде барлығы 23 адам хабарласқан. Оның ішінде 11 адам тұрақты жұмысқа орналасты, төртеуі қоғамдық жұмысқа тартылды, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша үш адам қысқа мерзімді кәсіби оқуға жіберіліп, оның екеуі бүгінде өз кәсіптерін ашқан, – деді.
Баяндамашылар тыңдалған соң, облыстан келген орталық мамандары арнайы сауалнамалар алып, кәсіп ашудың қыр-сыры төңірегінде тренинг өтті. Мамандар сұрақтарға жауап берді. Аудандық емхана психологы М.Камалұлы қоғамдық өмірге бейімделу жайлы арнайы дәріс оқыды.
Майя ҚОЖАБАЙ