Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қай жұмыстан да қашпау қажет

Қай жұмыстан да қашпау қажет

Күннен-күнге әлемде жұмыссыздық белең алып барады. Оның ең басты себебі бүгінде барлығы автоматтандырылған технология қызметіне жүгінуді жөн санайды. Өйткені ке­зіндегі көпшіліктің қолымен жасалған жұ­мыс қазір бір техниканың жылдам жұмысына алмасқан. Оның үстіне дүниежүзінде белең алған індет жұмыссыздық деңгейін тіптен құл­дыратып жіберді. Карантин жағдайында ең­бек нарығына деген сұраныс та азайды. Со­ның салдарынан қазіргі қоғамда дағдарыс орын алып, жұмыссыздар саны көбейген.
Жаһанда жұмыссыздық белең алуда
Жұт болып келген жұқпалы кесел жаһандағы алпа­уыт мемлекеттердің жұмыссыздық деңгейіне күрт әсер етті. Мәселен, көптеген кәсіпорындардың жұмысының тоқтауы салдарынан АҚШ-тың экономикасы тоқырап, жұмыссыздар саны 33,5 миллионға жеткен. Ал Финляндияда коронавирус кесірінен әрбір жетінші жұмысшы қысқартуға ұшыраған. Індет шарпыған соңғы екі айда 373 мың неміс, 120 мың испандық азамат жұмыссыз қалып отыр. Сондай-ақ 8 млн француз жұмыссыздық үшін мемлекеттен өтемақы алуда. Eurostat таратқан бұл мәліметтер әлемде жұмыссыздық белең алып бара жатқанын білдіреді. Пандемия алдағы уақытта да созыла беретін болса, жағдай одан бетер ушығуы мүмкін дейді әлемдік сарапшылар.
Өзі қайсібір мемлекет болмасын жұмыссыздық деңгейі 5 процент болса, ол қалыпты жағдай саналады. Ал одан көбейетін болса, онда мұның кері әсері көп. Пандемияға дейін мемлекеттер жұмыссыздық деңгейін қалыпты ұстап тұрды. Ал кесел жайлағанда көрсеткіш өсіп кетті. Мұндай жағдай әлемнің бір бөлігі саналатын Қазақстанды да айналып өтпеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты жыл қорытындысында жұмыссыздық деңгейі 1,1 процентке артуы мүмкін екенін айтты. Яғни төтенше жағдайға дейін елімізде жұмыссыздық 4,8 процент болса, жыл соңында 5,8-5,9 процентке дейін көбеймек. Министрдің айтуынша, жұмыспен қамту процесінің қалпына келуі күрделі болмақ.
Мемлекеттегі еңбек нарығын қалпына келтіру үшін Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтің «Жұмыспен қамту жол картасына» 1 трлн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Соған байланысты Үкімет халықты жұмыспен қамту шараларын қабылдады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске қосылып, «Еңбек» бағдарламасының мүмкіндіктері кеңейтілді. Осының нәти­жесінде биыл 1 млн 200 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Іздегенге жұмыс бар
Бүгінгі қоғамда «жұмыс жоқ» деп жата беруге болмайды. Әсіресе осы кезеңдерде сұранысқа сай мамандыққа бейімделу әсте қажет. Өйткені індет жайлағанда көпшілігіне мамандық өзгертуге тура келді. Төтенше жағдай кезінде кейбір мамандықтарға деген сұраныс болмай қалды да, оның орнына қажетті деген кадрларға сұраныс артты. Ал қазір карантин шектеулері жеңілдетіліп, нарыққа жан біткенде кәсіпорындар мен өнеркәсіптер кадрларға мұқтаж. Осы орайда аудан әкімі Руслан Рүстемов «Фейсбук» әлеуметтік желісінде ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде атқарылатын жұмыстарды жариялап, жұмысшылар керектігін атады.
Биыл ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 18 жоба іске асырылмақ. Оның 8-і әлеуметтік салаға қатысты. Атап айтқанда, Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептің су құбыры мен кәріз жүйесінің ішкі және сыртқы желілері, Бесарық ауылындағы №147 орта мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі және А.Тоқмағамбетов ауылындағы №135 орта мектеп өжіресі жаттығу залына арнап қайта жаңғыртылады. Осы жобаларға байланысты 39 жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар Тереңөзек кентіндегі аудандық орталық аурухананың ішкі жылыту және су құбыры мен сыртқы сумен жабдықтау желілері күрделі жөндеуден өткізілсе, орталық аурухана асханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 40 адам жұмысқа тартылмақ.
Мәдениет саласы бойынша Тереңөзек кенті клубы мен А.Тоқмағамбетов ауылдық клубы ғимаратын ағымдағы жөндеуге 8 жұмысшы қажет. Ал аудандық №11 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің ғимаратын ағымдағы жөндеуге 6 жұмыс орны ашылады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 2 жоба жүзеге асады. Оның біріншісі – тұрғындар көптен күткен көп қабатты екі үйдің құрылысы. Тереңөзек кентіндегі 18 пәтерлі №1 тұрғын үй және 18 пәтерлі №2 тұрғын үй кварталындағы 6 пәтерлі №2 тұрғын үй құрылысы жобасына 116 жұмыс орны ашылып, оның 58-і аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының жолдамасы арқылы ұйымдастырылады. Бұл жоба биыл іске асса кент бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 42 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Сонымен бірге Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жобасы бойынша 36 жұмыс орнын қалыптастыру көзделуде.
Ауданның инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарында биыл жүзеге асатын 6 жоба бар. Тереңөзек кентінде 5 көше (56 жұмыс орны), Шаған ауылында 1 көше (6 жұмыс орны), Шіркейлі ауылында 6 көше (20 жұмыс орны), С.Сейфуллин ауылында 5 көше (26 жұмыс орны), Айдарлы ауылында 1 көше (18 жұмыс орны) жөндеуден өтеді. Кент және ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге барлығы 126 жұмысшы тартылып, оның 63-і аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығы арқылы алынады. Сондай-ақ аудандық маңызы бар «Самара – Шымкент – Жаңадария» автомобиль жолының 10-25 шақырымына орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Оған 50 адам жұмысқа алынатын болса, оның 25-і аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының жолдамасымен барады.
Елді мекендерді абаттандыру бойынша 2 жоба қолға алынады. Шаған ауылындағы Есет би тұйығын абаттандыру (ойын алаңы) және Ж.Омаров көшесін абаттандыру (ойын алаңы) жобасына үш-үштен 6 жұмыс орны ашылады.
– Жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуы, табыс тауып, отбасын асырауы біз үшін де маңызды. Сондықтан құрылысқа бейімді азаматтарды жоғарыда аталған жобалар бойынша жұмыс істеуге шақырамын. Айта кету керек, инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылғаннан кейін қосымша 8 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деген өз жазбасында аудан басшысы.
Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін уақыт емес
Расында, қазір жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін кезең емес. Аз қимылдап, көп пайда тапқысы келетіндердің де тауы шағылғандай. Оны төтенше жағдай кезеңінде байқадық. Оның есесіне бүгінде кәсіби мамандарға, сату және қызмет көрсету, құрылыс, техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Бұл электрондық еңбек биржасы «Enbek.kz» сайтында жарияланған мәлімет. Ал сұранысқа ие аз мамандықтар қатарында заңгер, іс жүргізуші және дене шынықтыру мұғалімі мамандығы бар.
Жалпы, жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шешкен ешкім жоқ. Қоғам бар жерде жұмыссыздық та болатыны анық. Бірақ қазір бостан-бос жата беру, масылдық көзқарас көсегені көгертпейді. Бәсеке орнаған кезеңде талпынып еңбек етпеген, жүгіріп жұмыс іздемеген кейін қала береді. Оған қоса, сұранысы жоғары мамандықты игеріп, заманауи технология тілін біліп жұмыс жасаған жөн-ақ. Заман ағымына сай, тіпті төтенше жағдай кезеңінде мамандық өзгертіп жатқандар нәпақасын тауып жүр. Түптеп келгенде, іздеген адамға екі қолға бір күрек табылады. Тырбанып еңбек еткеннің еңсесі биік болмақ. Ал «Алма піс, аузыма түс» дейтіндер алысқа бармайды. Сондықтан қай жұмыстан да қашпай, ынтамен, ерінбей еңбек еткен озатын кезең бұл.
23 мамыр 2020 ж. 310 0