Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар.
Елімізде әйел-ананы қорғау – басты мәселе. Бұған Елбасы Н.Назарбаевтың өзі тереңірек мән беріп, «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді...» дегенін айтуға болады. Әрбір әйел-ана – отбасының ұйытқысы. Қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қабылданған «ҚР 2006-2016 жылдарға арналған «Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы» Жарлығында отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны көрсетілген. Өкінішке орай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған айғақ тұрмыстық қарым-қатынаста әйелдерге сыйламаушылық көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде жасалған олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты істер санының азаймауы.
2019 жылы Қызылорда облысы бойынша 218 адам тұрмыстық қиыншылық көрсе, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 8 адамға төмен болған. Яғни жыл өткен сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп жүрген отбасы саны көбейіп келеді.
Бұрнағы күні облыстық «Қамқорлық» дағдарыс орталығы мамандары аудандағы білім, медицина, құқық қорғау саласының мамандарымен кездесу өткізді. Мақсат – тұрмыста қиыншылық көріп, отбасында ауыр жағдайға ұшыраған адамдарды анықтау және олармен жүйелі жұмыстар жүргізу. «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында өрбіген шараға отбасы мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйым өкілдері де қатысты.
– Жаратылысынан жүрегі кең қазақ әйелі төзімділігімен ерекшеленеді. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды. Көп жағдайда қазақ әйеліне тән бұл қасиет оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға да жол бермейді. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады. Отбасындағы жанжалдан ең бірінші балалар жапа шегетіні түсінікті жайт. Сол себепті педагог мамандар оқушының мінезін, бітім-болмысын, көңіл күйін аңғарып отыруы тиіс, – дейді сала маманы Ж.Алтынбасова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері және олардың алдын алу үшін арнайы баяндама жасаған «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Ж.Тұсмағанбетов:
– Бүгінге дейін облыс бойынша 6 отбасы экономикалық, 25 отбасы психологиялық және 48 отбасы күш көрсету сияқты зорлық-зомбылық түрінен зардап шеккен. Ал біздің орталыққа келген адамдардың көбісі қысым көргенін біршама жыл жасырған екен. Себебі отбасын сақтап қалу. Ал қоғамға қауіпті жағдай жасаған адамдармен біз арнайы мамандар арқылы тілдесеміз. Психологиялық көмек көрсетеміз. Әйелдері кешірім беріп, жұбайы өзгеріп, отбасына қайта оралатындар да бар, – деді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде расында да құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынуда. Жасөспірімдер мен отбасына қатысты істерді қарайтын арнайы мамандандырылған соттар да құрылып жатыр. Демек тұрмыстық зорлық-зомбылық шараларының себеп салдарына тереңірек үңіліп, алдын алу жұмыстарының арқасында оның деңгейін төмендетудің кешенді шаралары арту керек. Ал отбасын сақтап қалу әрбір ата-ананың міндеті екенін естен шығармаған абзал.
Майя ҚОЖАБАЙ