Әлемде аштықтан зардап шеккендердің саны 11 миллионға артты — БҰҰ
Әлемде ашаршылықта күн кешіп жүрген адамдардың қатары күн санап артуда. 2017 жылы 124 млн адам аштықтан зардап шеккен. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 11 миллионға артқан. Бұл жайында БҰҰ баспасөз қызметінде 22 наурызда есеп беру барысында хабарланды.
Баяндамада айтылғандай, аштықтың себебі — қақтығыс, қолайсыз ауа райы және негізгі азық-түлік тауарларына бағаның өсуі.
Қарулы қақтығыстар 18 елді аштыққа әкелді, оның 15-і Африка мен Таяу Шығыста орналасқан.
Ал ауа райының қолайсыздығы, оның ішінде құрғақшылық 23 елдің жағдайын нашарлатты. Оның үшеуі Африка аймағында орналасқан.
— Мьянма, солтүстік-шығыс Нигерия, Конго Демократиялық Республикасы, Оңтүстік Судан және Йемендегі қақтығыстар салдарынан аштыққа ұшыраған адамдардың саны артып отыр. Ал құрғақшылық шығыс және оңтүстік Африка халқының жағдайын ауырлатып отыр, - делінген хабарламада.
2018 жылы қақтығыс Ауғанстан, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Нигерия, Оңтүстік Судан, Сирия, Ливия, Мали және Нигерде азық-түлік дағдарыстарына әкелуі мүмкін.
Құрғақ ауа райы Сомали, Эфиопия, Кения және Батыс Африкада, сонымен қатар Сенегал, Чад, Нигер, Мали, Мавритания және Буркина-Фасо сияқты ауылдық жерлерде аштыққа әкелуі мүмкін.
Бүгінгі таңда Йеменде азық-түлік дағдарысы белең алған. Жоба бойынша елдегі жағдай қиындай береді.