Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғасырлық белесті бағындырған

Ғасырлық белесті бағындырған

Бала шақтан болашаққа бағыт сілтеген алтын ұяның әрбір шәкірт үшін орны бөлек. Өміріңе білім нәрін құйған мектебің әрдайым жаныңда жаңғырып тұрады. Сондай жаныңа, жүрегіңе жақын ауданның білім ұяларының қарашаңырағы – біз оқыған №35 И.Тоқтыбаев атындағы (бұрынғы М.И.Калинин атындағы) мектеп-лицей. Биыл сүйікті мектебіміздің ғасырлық мерейтойы. Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, ұлтжанды азамат, мектептің 1972 жылғы түлегі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың «Қасиетті қарашаңырақ» атты мақаласы барша түлектердің айтар ойын дөп басып, алтын ұяға деген сағынышымызды арттыра түскені анық.
Мектеп – кеме, білім – теңіз» дегендей, көпке ой салған мақаланы оқи отырып, білім нәрімен сусындаған керемет кезең оқушылық өмірім көз алдымнан сусып өтіп, алғашқы ұстазым, бастауыш сынып мұғалімі Айткүл Жұқабаеваны, пәндердің патшасы – тарихқа қызығушылығымды оятқан ұлағатты ұстаздарым Дәнеш Мамытбаеваны, Қасымхан Смайыловты қимастықпен еске алдым. Ол кездегі ұстаздарымыздың қай-қайсы да бір-бір тұлға еді.
Аудан орталығында көп ұлттың өкілдері мекендейтін. Олар күні бүгінге дейін жергі­лікті халықпен тату-тәтті өмір сүруде. Талай ұрпақты тәрбиелеген, бізге де дәріс берген еңбек пәнінің майталманы Хан Федор Яковлевич, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Борис Цой, тағы басқа ұстаздар шәкірттердің сүйіспеншілігіне бөленді.
Бір ерекше айта кететін жәйт, ғылымда, қоғамда спиральді шиыршықты даму деген ұғым бар. Яғни белгілі бір кезеңде бір шоқ жұлдыздардың тоғысып, жарқ еткен мезгілі. Менің ойымша, сол кездердегі жарқын құбылыс – аудандағы қазақ, орыс мектептерін бітірген – 1970-1980 жылдардың түлектері осындай биік жетістіктерге жетті. Олар Қырымбек Елеуұлы Көшербаев, елімізге белгілі композитор Рамазан Тайманов, №36 орыс мектебін бізбен бірге қатар бітірген, министрдің орынбасары болған Рахымберген Тоқсейітов, елімізге белгілі заңгер Жақып Асанов, белгілі инженер Болат Көшербаев, ағайынды Ғалым, Ғанибек Қазантаевтар, Илья Ильиннің жаттықтырушысы Вилорий Викторович Пак, өзімнің сыныптастарым, белгілі дәрігер Серік Тұрсынбаев, танымал журналист Шаһарбек Нұрсейітов, мемлекеттік қызметкер Рысбай Тұрабаев, белгілі кәсіпкер Мақсұт Әбілдаев, тағы басқа да көптеген түлектер мектептің атағын шығарды.
Сол кезеңде спортпен айналысқан, мектепаралық, аудан, облысаралық, респуб­ли­калық жарыстардың жеңімпаздары мен жүл­дегерлері біздер үшін үлкен мақтаныш еді. Соларға ұқсауға тырысатынбыз. Олардың қатарында бокс­тан спорт шеберлері Қырымбек, Жомарт Көшербаевтар, Тұрар Көшекбаев, волейболдан Болат Рысмаханов, Алмас Мырхиев, Серік Омаров, Болат Дүзімбетов, футболдан Үсен Жүсіпов, Қанат Әбдуов, ағайынды Уалихан, Бақытжан Жарықбаевтар, ағайынды Бақытжан, Пазылхан Абдулпаттаевтар болатын. Дене шынықтыру сабағынан дәріс берген мұғалімдер Рахымжан Кенжеғұлов, Омар Смайлов, Сардарбек Уайсов, Кеңес Иноятов білікті ұстаздар еді.
Сол кездегі мектеп оқушылары спорттың барлық түрімен айналысатын, шымыр да намысқой жастар болатын. Кейіннен олардың көпшілігі еліміздің үздік ойыншылары, жаттықтырушылары болды. Көгалдағы хоккей жаттықтырушылары Төлеген Бекенов, Сұлтан Қобландин және волейболдан жаттықтырушы Болат Рысмахановты атап өтуге болады.
Тағы бір есте қалған жәйт, 7-10 сынып аралығында жаз, күз айларында 1-1,5 айға күріш жинауға байланысты еңбек лагерлеріне баратынбыз. Сол кездерде масаға талана жүріп, еңбек етуге машықтандық. Тезірек ер жетіп, Отанға қызмет етуді ойладық. Бұл өмір мектебінің бір сабағы еді. Көп еңбектенсең ғана биікке жететініңді сезініп, бала көңіл талай қияға самғаушы еді. Ол кезде теледидарды тек бір мезгіл ғана көріп, көбінесе көркем әдебиет, газет-журналдар оқушы едік, кітапханаларды жағалаушы едік.
Біздің қазіргі жеткен биіктеріміз бен жетістіктеріміз, отбасындағы, әулеттеріміздегі қуаныш, берекелі өміріміздің қайнар бұ­лағы – бұл сол кездегі мектебіміздің, ұстаздарымыздың ерен еңбектерінен бастау алады. Болашақ ұрпақтың да өмір жолына ақ жол тілеп, қияға ұшыратын осы мектебіміз. Ғасырлық мерейтойың құтты болсын! Аяулы да сүйікті алтын ұя!

Қалыбек Қобландин
«Отандастар қоры» Президентінің
халықаралық ынтымақтастық мәселелер бойынша кеңесшісі, ҚР Моңғолиядағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі, тарих ғылымдарының докторы, Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының академигі
16 мамыр 2020 ж. 676 0