ЖҮЗІНШІ ТҮЛЕК

Соңғы қоңырау салтанатын мектеп-лицей директоры Б.Бақбергенова құттықтау сөзбен ашты.
– Биылғы оқу жылында мектеп-лицей оқушылары түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, толағай жетістіктерге қол жеткізді. Қадірлі жас түлектер! Мемлекетіміз сіздерге сапалы білім, саналы тәрбие алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасап отыр. Сондықтан да терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспіз. Алда сіздерді үлкен сынақ күтіп тұр. Барлықтарыңыз сол сынақтан абыроймен өтіп, Қазақстанның білікті маманы болуларыңа тілектеспін, – деді мектеп директоры. Сондай-ақ, ол үздік мұғалімдер мен озат оқушыларға «Алғыс хат» пен мақтау қағазын табыс етті.
2018-2019 оқу жылын мектеп-лицей 505 оқушымен бастап, 503 оқушымен аяқтағалы отыр. Олардың 179-ы үздіктер қатарында. 159 оқушы оқу екпінділері. Биыл мектеп-лицейдің 11 сыныбын 11 түлек бітіргелі отыр. Олардың 2-і Алтын белгіден, 5-і үздік аттестаттан үміткерлер. Бұл мектеп бітіргелі отырған түлектердің басым көпшілігі сапалы білімге ие деген сөз.
Соңғы қоңырау салтанатына аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров қатысып, мектеп бітіруші түлектерді құттықтады. Аудан әкімінің орынбасары он бір жылдық білім негізінде үлкен өмірге қадам басып, өздерінің болашағын қалыптастыратынын айтты. Сонымен бірге, алдағы сынақтардан сүрінбей, қалаған оқу орнына түсуге ақ жол тіледі. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, мектептің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы А.Ізбасарова, аудандық мәслихаттың заңгері Г.Еспенбетова, мектеп бітіргеніне 50 жыл болған түлектер атынан Ұ.Ерімбетова, биылғы түлектердің ата-аналары атынан Б.Мәмбетов құттықтау тілектерін білдірді. Биыл алтын ұядан ұшқалы отырған түлектерге ардагер Х.Әбенұлы ақжарылқап бата берді.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ