Тозған жол түзеледі

Қоғамдық тыңдауда жобалаушы мекеме – «Каздорпроект» ЖШС-нің инженерлері «Қызылорда-Жезқазған» жолының 12-424 шақырымына салынатын жол сапасы туралы айтты. Бұл аумақта Сырдария, Жаңақорған және Шиелі ауданына тиесілі жер бар. Оның ішінде 76-127 шақырымы ауданға қатысты жерлер. Міне осы аумақтағы жерді пайдалаушыларға кедергі келтірмей, жолды сапалы салу үшін әрбір инженер өзіне тиісті жұмыстарды баяндады.
Жалпы Қызылордадан Жезқазғанға дейінгі жол 6 лотқа бөлінген. Әрбір лотқа жобалаушы мердігер мекеменің жауапты инженерлері бекітіліпті. Республикалық маңыздағы жол болғандықтан жолдың қалыңдығы 57 см болады екен. Және де І және ІІ деңгейлі, яғни 4 және 2 жолақты асфальт төселетін болады. Екі аралықтағы елді мекендерді ескере отырып, айналма жолдар салынады. Сондай-ақ асфальт жол астынан мал өткелдері де түседі. Мұның биіктігі бұрындары 2,5 метрді құраса, қазір 3 метрге дейін биіктеген. Әрбір 25-30 шақырым сайын демалыс орындары болады. Бұл жерде екі облыстың кәсіпкерлері сервистік кешен салып, өздерінің кәсібін ашуға мүмкіндік бар. Демалыс алаңы автотұрақ, эстакада, санитарлық бекетпен қамтамасыз етіледі. Бұл жер күн сәулесі арқылы жарықтандырылады. Жалпы айтқанда, үлкен күре жол барлық талапқа сай салынбақ.
Жол салу құрылысы кезінде қалдықтар арнайы полигонға төгіледі. Ауыр техникалар жүретін арнайы айналма жол болады. Оның шаңын басу үшін су себу жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Асфальт жол салу кезінде экологиялық ахуал бақылауда ұсталады.
Жолдың сапалы салынуы үшін негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталған мамандар тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады.
Қоғамдық тыңдауға қатысқан «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Қызылорда облыстық филиал директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай өткен жылдың күзінен басталған жобалау жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін аяқталатынын айтты. Ал тиісті қаражат мәселесі шешіліп жатса, жол салу құрылысы келер жылы басталмақ.
Ердос БЕРКІНБАЕВ