КӨГІЛДІР ОТЫН ИГІЛІГІН КӨРМЕК
Халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы ол күнделікті қажеттілікке байланысты екені белгілі. Оның ішінде, газдандыру мәселесі бар. ауданды газдандыру көптен бергі халықтың көкейінде жүрген мәселе. бұл өз кезегінде шешім тауып, оның игілігін көретін күн алыс емес. бұл жұмыстар биылдан бастап жүргізіліп, халық көгілдір отынды тұтынатын болады.
Құны 3,1 млрд. теңге болатын Тереңөзек кентіне жүргізілетін автоматты газ тарату станциясын (АГТС) орнатумен қоса «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан бұрма газ құбырының құрылыс жобасы 2018-2019 жылдары іске асырылып, үстіміздегі жылдың мамыр айында аяқталмақ.
Сонымен қатар, құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын Тереңөзек кентінің кварталішілік газ құбырлары желісінің құрылыс жобасы 2019-2020 жылдарға жоспарланып, қазіргі таңда жұмыстар басталды. Бұл жобаны іске асыру үшін 2019 жылға республикалық бюджеттен 525,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы сатып алу жұмыстары нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме «Алия Сервис» ЖШС-гі анықталды.
Осыған орай, қазіргі таңда аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің қазандықтарын газға лайықтандыру жұмыстары бойынша техникалық ұсыныс пен техникалық шарттары алынып, газ құбырын тарту және қазандықтарын газға лайықтандыруға жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге, сараптамадан өткізуге 2019 жылға аудандық бюджеттен 11,5 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жалпы, жоспарлы жұмыстар жүріп, газдандыру сапалы іске асқанда аудан халқы көгілдір отынның игілігін көрмек.
«ТТ» ақпарат