Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Электр энергиясының бағасы қымбаттай ма?

Электр энергиясының бағасы қымбаттай ма?

Қазір барлық тіршілігіміз электр энергиясымен тығыз байланыс­ты. Олай дейтініміз, бір сәт жарық болмай қалса, жоспарлаған жұмыстың барлығы кейінге қалатыны жасырын емес. Бұрындары уақытпен бе­рілетін электр жарығы қазір бір сәтке сөніп қалса, шыдамсыздық танытамыз. Сондықтан электр энергиясынсыз шаруа бітпейді.
Қазіргі таңда ауданды «Шиелі жарығы» ЖШС электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеді. Жақында аталған серіктестіктің электр энергиясымен жабдықтау қызметіне бекітуге берілген бағалардың жобасын тал­қылау бойынша жария тыңдау өткізілді. Оған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Та­биғи монополияларды реттеу комитетінің Қы­зылорда облысы бойынша департамент басшысы Г.Өтегенова, «Шиелі жарығы» ЖШС директоры Қ.Қасымов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты.
Жария тыңдауда «Шиелі жарығы» ЖШС-нің электр энергиясымен жабдықтау қызметі бағасын 2020 жылдың ақпан айынан бастап көтеру мәселесі талқыға түсті. Бұған қатысты серіктестік директоры «Шиелі жарығы» ЖШС электрмен жабдықтау қызметі бойынша қа­зіргі қолданыстағы баға 1 кВт сағатына ҚҚС-мен 17,80 теңге екенін, ал бекітуге ұсынылған жобалық орташа босату бағасы 1 кВт сағатына ҚҚС-мен 19,29 теңге екенін жеткізді. Яғни 8,3 процентке өспек. Мұндағы тарифті өзгертудің басты себебі өндіретін электр станциялардың электр энергиясы, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша көрсететін қызмет құнының және «КЕГОК» АҚ-ның желілері бойынша электр энергиясын беру бағаларының өсуінен екенін айтты.
Жиын барысында тұтынушылар тарапынан сұрақтар қойылды, ұсыныс, сын-ескертпелер айтылды. Оған мамандар тарапынан жан-жақты жауап берілді. Жария тыңдауда ма­мандар осындай жария тыңдауларда ай­тылған ұсыныс-пікір, сын-ескертпелер еске­ріле отырып, соңғы шешім осы жылдың 29 қаң­тарында қабылданатынын жеткізді.
Айта кететін жәйт, күн райына байланысты жел тұрып немесе жаңбыр жауғанда кейбір көшелерде жарық өшіп қалып жатады. Мұны мамандар электр бағаналарының ескіргенінен, сондай-ақ басқа да себептерін айтып жатады. Десе де жарық бағасы қымбаттайтын болса, тұтынушы сапалы қызметті талап ететіні анық. Сондықтан ай сайын тұтынған электр энергиясына ақы төлеп отырған соң әрбір адам қай уақытта да жарықтың сөнбегенін қалайтыны сөзсіз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

28 қаңтар 2020 ж. 792 0