«Қызылорда-Жалағаш» автокөлік жолы жөнделді
Газетіміздің 2019 жылғы 22 қазан күнгі №82 нөмірінде «Қызылорда-Жалағаш» автожолы жөнделетін болды» деген тақырыпта мақала жазған болатынбыз. Бүгін қаламымызға арқау болған аталған тақырыпты қайта қаузамақпыз. Өйткені, «Жол жөнделсе» деген тұрғындардың көптен күткен үміті ақталып, қала мен екі ортадағы жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Иә, расында да қала мен аудан орталығын жалғайтын автокөлік жолы тозып кеткен болатын. Бұл мәселе тұрғындар арасында жиі талқыланып, жергілікті билікке бірнеше мәрте сын да айтылды. Тіпті әлеуметтік желіде жолдың жай-жапсары біраз талқыланды. Алайда облыстық маңызы бар автокөлік жолы болғандықтан тұрғындардың талап-тілегін қапелімде орындау аудан әкімдігіне оңай емес екені анық. Бір сөзбен айтқанда, облыстық маңызы бар жолға облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді.
Бұл мәселені аудан әкімдігі облыстық басқарма назарына жеткізіп, аудан тарапынан ресми хат та жолдады. Аудан әкімі Р.Рүстемов жолдың жөнделуді қажет ететінін облыстық мәслихат депутаттарының көшпелі мәжілісінде де көтеріп, халық қалаулыларынан қаржы бөлу мәселесін қарастыруды сұрады. Бұл сырдариялықтардың ғана емес, ішкі жолды пайдаланатын Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары тұрғындарының мәселесі екенін айтқан болатын. Сөйтіп, мәселе оңтайлы шешілуге бағыт алып, облыстық мәслихаттың 37-сессиясында қаржы бөлу мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Бұл хабарды естігенде қуанбаған жүргізуші де, жолаушы да кемде-кем. Өйткені қала орталығына жетемін дегенше сапасыз жолдың салдарынан жанын шүберекке түйіп баратын олардың жай-күйі айтпаса да түсінікті.
Облыстық маңызы бар автокөлік жолының жөнделгеніне риза тұрғындардың бірі Ердос Бақторазов. Жолдың тауқыметін көрген ол бұл мәселені аудан басшысының жастармен кездесуінде көтерген еді.
– Қазақта «Жол қадірін жүрген білер» деген сөз бар. Сол секілді, «Қызылорда–Жалағаш» автожолының күрделі мәселесі жүргізушілерді біраз әбігерге салғаны рас. Аудан әкімдігіне алғысымыз зор. Облыстық маңызы бар жолды жөндеу қажеттігін көтеріп, облыстық басқармаға хат жолдап, облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен қаржы бөлгізіп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазір жол бұрынғыға қарағанда біршама жақсарды. Бұл жол-көлік оқиғаларының да алдын алады, – дейді Ердос Мейрамбекұлы.
Қорыта айтқанда, сапалы автокөлік жолы – инфрақұрылымдық жүйенің дамығанының белгісі. Сондықтан «Қызылорда–Жалағаш» автожолының жөнделуі жүргізушілер мен жолаушылар көптен күткен жаңалық болды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген облыстық маңызы бар жол автокөлік тізгіндеушілерге сапалы қызмет ететініне сеніміміз мол.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ