Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам үшін өзекті мәселе

Қоғам үшін өзекті мәселе

Қай кезде де жол мәселесі өзекті. Өйт­кені жол қадірін білетіндер оның сапасының сын көтергенін қалайды. Жол жақсы болса, ұзақ та болса жа­қын көрінеді, ал жол жаман болса, жақын болса да алыс көрінбек. Жол қадірін қазір көпшілік өңір үстімен өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто­дәлізінен көріп жүр. Алайда кейбір ауданаралық, ауылішілік жолдардың дұрыс болмауы халықтың нара­зы­лығын тудырып келеді.
Бүгінде тұрғындарды алаңдатып жүрген мәселе – ол Қызылорда-Жалағаш автожолының Қызылорда мен Тереңөзек аралығындағы тас жолы. Олай дейтініміз, бұл жолдың бойында күні-түні көлік қатынайды. Қазіргі егін науқанында ауыр жүк көліктері де осы жолмен жүреді. Бірақ аталған жолдың сапасы сын көтермей тұр. Әрбір жері ойылып, жолаушыларды әлекке салуда. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Осыған орай аудан әкімдігінде көшпелі тыңдау өтіп, аудандағы жол мәселесі қозғалды. Негізі «Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарының жайы және оны жақсарту шаралары туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2013 жылғы 10 шілдедегі №107 ше­шімінің орындалу барысы туралы» мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қарау жоспарланған. Соған байланысты құрылған уақытша комиссия мүшелері, халық қалаулылары ауданға келіп, ұсыныс-пікірлерді тыңдады.
Аудандағы жолдың сапасы, оның жөнделуі жайлы аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде аудандық маңызы бар жолдың 74 проценті жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екен. Көрсеткіш 2013 жылмен салыс­тырғанда 5 процентке артып отыр.
Қазіргі таңда жергілікті маңызы бар «Қызылорда-Әуежай-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының 0-8 шақы­рымы және 13,5-18 шақырымына күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүруде. Сонымен бірге аудандық маңызы бар Бесарық елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстарды мердігер компания – «Қыран» және «Қызылорда жолдары» серіктестігі жүргізуде. Жолдар 2020 жылға өтпелі. Алдағы жылда жергілікті маңызы бар жолдардың жөнделуіне жобалар жасақталғанын жеткізген аудан әкімінің орынбасары депутаттарға тұрғындарды алаңдатып отырған мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, аудандық маңызы бар жолдар өз параметрлік көрсеткіштеріне және жол жабындысы түріне сәйкес IV санаттағы жолдарға жатады. Алайда көктем-күз айларында автомобиль жолдарында ауыр салмақты жүк көліктерінің жүруі көптеп орын алуда. Ол өз кезегінде жол жабындысының жиі бұзылуына әкеліп соқтыруда. Бұл жөнінде аудан әкімдігі тарапынан тиісті органдарға ескертпе хаттар жолданғанымен мәселе осы уақытқа дейін шешімін таппай келеді. Хабарламашы осыған шектеу қою қажеттілігін ұсынды. Сонымен қатар тұрғындар наразылығын тудырып отырған Қызылорда-Жалағаш автожолының ой-шұқырын жөндеуге ықпал жасауды атады.
Өз кезегінде уақытша комиссияның төрағасы, «СМП-Қызылорда» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Т.Әлімқұлов жол мәселесі бойынша барлық ауданды аралап келе жатқанын айтты. Сырдария ауданының жолы өзге аудандарға қарағанда қанағаттанарлық екетін тілге тиек етті. Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Әбдіхалықов Қызылорда-Жалағаш автожолына қысқы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүретінін жеткізді.
Мәжілісте «Кемтар балаларды әлеуметтік және меди­циналық-педагогикалық түзету арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 11 шілдедегі № 343 Заңының облыста орындалуы туралы» екінші мәселе де қаралды. Бұл бойынша аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Л.Мығымбаева, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ә.Іскендірова, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары А.Мұхан баяндама жасады. Әрбір маман мүмкіндігі шектеулі балаларға тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап көрсетті.
Биылғы жылы ауданда 213 мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұрады. Оларға үйден оқыту ұйымдастырылған. Сондай-ақ түзету кабинетінде логопед, дефектолог мамандар жұмыс жасап, балалардың қабілетін артуына септігін тигізуде. Бүгінде аудан мектептерінде инклюзивті білім беру жұмыстары қолға алынған. Дегенмен бұл орайда мамандар тапшылығы бар.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығы жіті бақылауда. Аудан дәрігерлері олардың толық ем алуына барлық жағдайды жасауда. Алайда аудан көлемінде психологиялық-педогогикалық түзету орталығы бол­ма­ған­дықтан мұқтаж балалар көршілес Жалағаш ауданының ПМПК кабинетіне жолданады. ПМПК отырысы жылына 2 рет өткізіледі. Осыған қатысты аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары комиссия отырысын аудан орталығында айына 1 рет өткізуге жағдай жасауға ұсыныс білдірді.
Балалардың үйден оқыту, оларды оңалтуға қатысты барлық шығындар уақытылы өтеліп отыр. Және де үйден қызмет көрсетуге әрбір елді мекенде әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.
Жиында сөз алған уақытша комиссияның төрайымы, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Р.Байназарова бұл өте өзекті мәселе екенін қозғады. Мұны Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Жолдауында айтып, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлықты күшейту керектігіне тоқталды. Сол себепті де уақытша комиссия төрайымы әрбір қазақстандық мүмкіндігі шеутеулі балалардың оңалуына, оларды сауықтыруға атсалысуы тиіс екендігін атады. Одан бөлек оларға «Жалын» тынығу лагерінде демалыс ұйымдастыруды ұсыныс ретінде айтты. Жиында мұнан басқа үйден оқытылатын балаларға арнайы сыныптар ашу, балабақшаларды арнайы мамандармен қамту мәселесі қозғалды.
Көшпелі тыңдауда екі мәселе жан-жақты талқыланды. Аудан басшысы аталмыш мәселелер бойынша аудан бюджетіне сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Аудандық маңызы бар жолдардың жөнделуіне халық қалаулыларының ықпал жасауын атап, мұқтаж балалардың мәселесі өз деңгейінде шешімін табатынын айтты.

Е.БЕРКІНБАЕВ

14 қыркүйек 2019 ж. 524 0