Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиация – келісімге келудің кепілі

Медиация – келісімге келудің кепілі

Соңғы жылдары елімізде медиацияның жұмысы жанданып, дауласушы тараптардың жанжалын реттеуге мүмкіндік берді. Сот саласына батыл енген бұл әдістің тиімділігі екі жақтың да келісімге келіп, татулықтың орнауы.

Жақында аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов аудан медиаторларымен кездесу өткізді. Құқықтық түсінік беру, медиаторлар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беру мақсатында өткен дөңгелек үстелде сот төрағасы Руслан Алдамбергенов ауданда Н.Ілиясов ауылдық округіндегі медиаторлардың жұмысына ерекше тоқталды.

– "Өз тентегімізді тезге салатын өзіміз" демекші аузы дуалы қарттарымыздың ауылдағы дауларды, қандай да бір жанжалдарды реттеуге қауқары бар. Бұл өз кезегінде ауылдың іргесін сөкпеуге, қайта біріктіруге септігін тигізеді. Жақсы тәжірибе қалыптасқан Н.Ілиясов ауылында медиаторлар сотқа жеткізбей, дауларды сыртқа шығармай бір шешімге келіп, нәтижелі жұмыс жасап отырғанын білеміз, – деді сот төрағасы.

Дамыған елдер статистикасы медиаторлардың көмегімен жанжалдардың 85 проценті тиімді шешілгендігін көрсетеді. Жылдам, әрі жақсы нәтижеге қол жеткізуді мақсат ететін медиация дауласушылардың мүддесін қанағаттандыратын келісімге келеді. Сондай-ақ медиацияның артықшылығына тоқталған сот төрағасы сот рәсімі – тараптар үшін үлкен күйзеліс. Істен ұтылып қалу қорқынышы басқа тарап жағына агрессивті мінез-құлық білдірілуі мүмкін. Ал медиация кезінде жанжалға қатысушылардың арасындағы татулық қатынасты сақтап қалу мақсаты көзделеді. Сонымен қатар қаражатты және уақытты үнемдеуге басымдық беріледі. Сотта қатаң шарттармен шектелсе, медиаторға жүгінген тараптар өкілдердің қызметтеріне, мемлекеттік бажға, тағы басқа шығындарға шығындалмайтынын айтты.

– Мәселен, шетелде жол-көлік оқиғасы орын алды дедік. Алдымен оқиға орын алған жерге полиция, прокуратура органының қызметкерлері шақырылғанымен, міндетті түрде медиаторлар да сол жерден табылады. Медиаторлар екі жаққа келісімге келу ұсынысын түсіреді. Жанжалды шешудің жолы табылып, тараптар татуласса, құқық қорғау өкілдері ешқандай іс қозғамайды, – деді Р.Алдамбергенов.

Аудан елді-мекендерінен келген медиаторлар Т.Жұмабеков, З.Тасбергенов, А.Баймұратов, Б.Жылқыбаев, К.Мұстафаев, Ұ.Жанәлиева, М.Елеусін өз пікірлерін ортаға салып, қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген медиаторлардың қызметіне өзіндік ерекшелік беретін куәлік беру қажеттігін айтты.

Елдің егесі қашанда ауыл ақсақалдары. Елдің атына кір келтірмей, дауласқан ағайынды татуластырып, дұрыс шешімге келетін ақсақалдар шын мәнінде бүгінде медиатор атын иеленді. Бұл жаңа атаумен қатар елде "Билер кеңесі" де құрылып, оның да мақсат-мүддесі бір арнаға түйісті. "Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан" демекші өмір тоқтамай, жалғаса береді. Тәрбиенің тал бесігіне айналған ауыл – алтын бесік. Осы ретте медиация мен Билер кеңесінің айырмашылығын түсіндірген сот төрағасы, алдыңғысы жеке адамдар арасындағы дау-дамайды шешуге себепші болса, екіншісі мемлекеттік мекеме арасындағы келіспеушіліктерге араласатын мүмкіншілігі бар қоғамдық ұйым екеніне назар аударды.

Бітімгершілікке келуді алға тартатын медиация мен Билер кеңесінің мақсаты бір. Ол – татуластыру, келістіру. Бүгінгі күні аудандағы медиаторлардың көмегімен отбасылық келіспеушілік, жерге қатысты даулар шешімін табуда. Ал негізінен медиация мектепішілік жанжалда, орта ауырлық және шағын қылмыс туралы сөз болған кезде, құқық бұзушы және жәбірленуші арасындағы қылмыстық, мәдениетаралық, діни дауларда қолданылады.

Шын мәнінде келісімге келу мүмкіндігі нәтижесінде ұзақ сот таластары болмай, ағайынның араздығына тоқтау болып, елдің бірлігі сақталады. Ең басты мәселе де осы емес пе?
Бибісара ЖАНӘЛІ
03 ақпан 2020 ж. 509 0