Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиация заңы қандай қызмет атқарады?

Медиация заңы қандай қызмет атқарады?

Қазіргі әлемдік қауымдастықтағы заң саласының тәжіри­бе­сінде медиация дауларды реттейтін баламалы механизм ретінде үшінші бейтараптық позицияны ұстанып, дауласушылардың өзара еркін ымыраға келуі үшін барлық жағдайды жасайды және осының негізінде әділ шешім салтанат құрады. Осы медиация үдерісінде медиатордың өзін бейтарап ұстайтындығынан, сондай-ақ дауласушы­лар­дың еркінділік, құпиялылық пен өзара сыйластықтағы тең құқылы дәрежедегі ортақ бір келісімге келуінен медиация рөлінің маңызы артып отыр. Аталған талап шарттарының сақталуы нәтижесінде медиация дау-жанжалдарды ше­шу­ші ретіндегі құқықтық мәртебеге ие. Медиация туралы келісім-шарт жасалған күннен бастап есептегенде оның мерзімі бір айдан аспайды. Мұнда шешім екі жақтың келісімі мен татуласуы бойынша алынғандықтан тез орындалатыны айтпаса да белгілі.
Медиация жағдайында үшінші жақ деген ұғым болмайды.Медиация заңның тағы бір артықшылығы - мұнда қағазбастылық пен төрешілдікке, уақыттың созылуына, оның босқа зая болуына жол қалмайды. Мұның мәнісі - дауласушы жақтардың мәселесі мамыражай, бейбіт жолмен шешілуінде.
Азаматтық немесе болмашы әрі орта дәрежедегі қылмыстық іс сотта қаралып жатса да, сонымен бір мезгілде келісім-шарт бойынша өзара бітімге келіп үлгерген екі жақтың ортақ ұйғарымы сотқа жолданған жағдайда аталған азаматтық немесе қылмыстық іс қысқартылады. Яғни, соттар бұл мәселе бойынша үкім шығармайды. Медиаторлар кінәлі немесе кінәсіз жеке және заңды тұлғаларды іздемейді. Ол тек тартысушы тараптарды өзара ыңғайлы шешім қабылдауға бағыттайды.                                                                       Сондай-ақ, медиация жолымен жасалған келісім тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі сақтауға жәрдемдесе алады әрі олардың алдағы күндерге деген өзара сенімін нығайтуға септігін тигізеді. Ең бастысы, тартысушы тараптар одан кейін де бір-біріне кінә, өкпе артпай оң, жылы шырайлы қарым-қа­тынаста қала береді. Міне, оның түптей келгенде әйтеуір бір жағы ұтылып қалатын сот пен арбитраж шешімдерінен өзгешелігі осында.



 Н.Әбдікәрім,   
Сырдария аудандық сотының 
                                                                          бас маман – сот отырысның хатшысы                                                                                 
20 желтоқсан 2019 ж. 1 239 0