Медиация туралы түсінік

Азаматтық немесе болмашы әрі орта дәрежедегі қылмыстық іс сотта қаралып жатса да, сонымен бір мезгілде келісім-шарт бойынша өзара бітімге келіп үлгерген екі жақтың ортақ ұйғарымы сотқа жолданған жағдайда аталған азаматтық немесе қылмыстық іс қысқартылады. Яғни, соттар бұл мәселе бойынша үкім шығармайды. Медиаторлар кінәлі немесе кінәсіз жеке және заңды тұлғаларды іздемейді. Ол тек тартысушы тараптарды өзара ыңғайлы шешім қабылдауға бағыттайды. Сондай-ақ медиация жолымен жасалған келісім тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі сақтауға жәрдемдесе алады әрі олардың алдағы күндерге деген өзара сенімін нығайтуға септігін тигізеді. Ең бастысы, тартысушы тараптар одан кейін де бір-біріне кінә, өкпе артпай оң, жылы шырайлы қарым-қатынаста қала береді. Міне, медиацияның әйтеуір бір жағы ұтылып қалатын сот пен арбитраж шешімдерінен өзгешелігі осында.
Н.Әбдікәрім,
Сырдария аудандық сотының бас
маман – сот отырысының хатшысы