Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетістікке толы жемісті жыл

Жетістікке толы жемісті жыл

Аудан әкімі Р.Рүстемовтің Сырдария ауданының тұрғындары алдындағы алғашқы есеп беруіне жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Өйткені, есепті кездесудің өтетін уақыты мен орны аудандық газетте, аудан әкімдігінің ресми және аудан әкімінің жеке парақшасында бір ай бұрын жарияланып, бірнеше рет хабарланған болатын. Мұны ашықтық пен қолжетімділіктің және халықпен тікелей байланыс орнатудың жарқын үлгісі десек артық айтқандық емес.
Айталық, есепті жиынға жас та, жасамыс та қатысты. Ауданға қарасты әр ауылдан арнайы келген азаматтар да болды. Халық жиынында ардагерлерді, зиялы қауым өкілдерін, Қоғамдық кеңес мүшелерін, жастарды, кәсіпкерлерді және басқа да саланың мамандарын аңғардық. Бір сөзбен айтқанда, аудандық мәдениет үйінде ине шаншар орын болған жоқ, аудан тұрғындары саяси маңызы бар жиынға белсенділікпен қатысты. Бұл халықтың саяси сауатының артқаны, ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстарға ден қоюы және алдағы жоспарларға қызығушылық танытуы деп қабылдадық. Сонымен қатар жиынға облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Б.Намаев бастаған облыстық басқарма басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері арнайы келді.
Есепті жиында аудан басшысы атқарылған жұмыстардың барлығы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде жарияланғанын айтып, тұрғындардың басылым арқылы жүргізілген жұмыстардың жай-жапсарымен хабардар болғанына сенім білдірді. Сондықтан негізгі жұмыстарға ғана тоқталып, ауданның өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтікэкономикалық нәтижесін, көрсеткіштерін жария етті.
– Ерекше атап өтерлігі, өткен жылы аудан үшін өте маңызды құжат – 2020-2022 жылдарға арналған ауданның үш жылдық бюджеті қабылданды. 2020 жылға аудан бюджетінің көлемі 13,2 млрд теңге болып бекітілді, бұл 2019 жылғы аудан бюджетінен 2,2 млрд теңгеге артық, – деп бастады аудан басшысы хабарламасын. Сонымен қатар инвестициялар көлемі 164,6%, өнеркәсіп 100,6%, өңдеу өнеркәсібі 101,7% және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 104,6% болып қалыптасқанын, құрылыс жұмыстары 4 есеге артқанын атап өтті.

Аграрлы ауданда ауыл шаруашылығы саласында да алға жылжу бар. Өткен жылы аудан бойынша 32,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған болса, оның ішінде, күріш 21 мың гектар жерге егілген.
Орта есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынып, барлығы 134 мың тонна Сыр маржаны жиналған. Яғни, салыстырмалы түрде қамбаға 24 мың тонна артық астық құйылған.
– 2019 жылы егін шаруашылығы 968,3 млн теңге көлемінде субсидияланды. Сонымен қатар шаруашылық құрылымдары «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 1 млрд теңгеге 28 дана, өз қаражаттары есебінен 74,8 млн теңгеге 10 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Аудан шаруашылықтары Ресей, Украина, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан мемлекеттеріне 20,3 мың тонна ақ күріш, Иран мемлекетіне 217 бас қозы экспорттады. 2018 жылы Ресейге бақша өнімдерінің экспортталғанын ескерсек, ауданның экспорттық әлеуеті өте ауқымды. Ал, өнімін экспортқа шығару – кез келген бизнестің жоғарғы жетістігі, – деді аудан әкімі.
Айта кету керек, былтырғы жылы ауылдарды дамытуға айрықша басымдық берілген және бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. Мәселен, Елбасының бастамасымен қабылданған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы Ақжарма ауылына 509,6 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға ауылдағы 4 көше жарықтандырылмақ және 8 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 3 көшеге темір-бетонды лоток орнатылады. Яғни, ауылішілік жолдардың сапасы артып, бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе түбегейлі шешімін таппақ.
Аудан басшысы есепті баяндамасында инженерлікинфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданды электрмен жабдықтауға (135 га) республикалық және облыстық бюджет есебінен бөлінген 500,8 млн теңге қаржы игеріліп, жұмыстар аяқталды. Шағын ауданға ауыз су жүйелерін жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 524,8 млн теңге қаржы бөлініп отыр, қиыршық тас автожолын салуға қажетті 1,2 млрд теңге қаржыға тиісті министрлікке ұсыныс берілді. Ұсыныс қолдау тапса, 692 жер учаскесі пайдалануға беріліп, кент бойынша жер кезегінде тұрған 982 адамның 692-нің мәселесі шешіледі. Биылғы жылы 4 тұрғын үйдің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Осы жоба іске асса, кент бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 455 отбасының 78-і (17%) баспаналы болады, – деді аудан басшысы.
Автокөлік жолдарын жөндеу, орталықтандырылған ауыз сумен және аяқсумен қамту жұмыстары да күн тәртібінен түспейді. Жалпы ауданда аудандық маңыздағы жолдар мен ішкі көшелерді жөндеуге байланысты 2,5 млрд теңге көлемінде дайындалған 24 жоба бар екен. Жол жөндеу жұмыстары бюджет шығыстарының ауқымды бөлігінің бірі екенін ескерсек, бұл жұмыстарды бір жылда атқару мүмкін емес. Сондықтан жергілікті атқарушы билік аталған жобаларды кезең-кезеңімен іске асырмақ. Ал, көгілдір отынды тұтыну тұрғындардың көптен күткен қуанышты хабары екені сөзсіз. Аудан әкімі биылғы жылы кент тұрғындары, сонымен бірге, әлеуметтік нысандар газды пайдалана бастайтынын айтты. Сондай-ақ, алдағы уақытта А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, С.Сейфуллин елді мекендерін газдандыру мақсатында жоба-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін бюджеттік өтінім ұсынылғанын жеткізді.
Халық жиынында кәсіпкерлік, экономика, жер қатынастары, білім, денсаулық сақтау, спорт, жастар саясаты, жұмыспен қамту салаларындағы көрсеткіштер де айтылды. Оның ішінде мәдениет саласына қолдау күшеймек. Атап айтқанда, әрбір ауылдық мәдениет үйі мен клубқа мәдени шараларды ұйымдастыруға 2019 жылы 50 мың теңгеден бөлінсе, 2020 жылы 500,0 мың теңгеден бағытталады.
– Бір ел бір елге тек үш құндылығымен ғана мақтана алады. Оның біріншісі – ұлттың төл өнері болса, екіншісі – тамыры терең тарихы. Ал, үшіншісі – әдебиеті мен мәдениеті. Аудан өнерпаздары былтыр 42 халықаралық, республикалық және облыстық байқауларға қатысып, 29 бас жүлде және 68 жүлделі орындарды иеленді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында республикаға белгілі айтыскер ақын Замаддин Ибадуллаевтың 80 жылдығына орай ауданда «Заңғар ақын – Замаддин» атты облыстық ақындар айтысы өткізілді. Айтыстың ашылу салтанатында ақынға «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ардагер ақынды келер ұрпаққа насихаттау, жастарды айтыс өнеріне баулу және тәрбиелеу мақсатында аудандық мәдениет үйі жанынан Замаддин Ибадуллаев атындағы «Дәстүрлі жыршы-термешілер мен жас ақындар» клубы ашылып, клубқа айтыскер, ақын, «Алтын домбыраның» екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов жетекшілік етуде. Ал, биыл сырдариялық ақындардың аудио антологиясы жарыққа шығады. Қазіргі таңда ақындардың тізімі, өлеңдері нақтылануда. Жыл аяғына дейін ұлттық телевизия мен радионың, облыстық телеарнаның және радионың алтын қорындағы шығармалар жинақталады, – деген аудан басшысы «Жастар жылының» жетістіктерге толы болғанын, аудан жастарына ауқымды қолдаулар көрсетілгенін және бұл жұмыстар «Еріктілер жылында» жалғасатынын атап өтті. Жоспарлы жұмыстарға барлық аудан тұрғындарын атсалысуға шақырып, ағымдағы жылдың аудан үшін саяси маңызды және мәнді оқиғаларға толы болатынына сенім білдірді.
– Биылғы жыл еліміз үшін маңызды атаулы мерейтойлар жылы. Атап айтқанда, әлемге әйгілі ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Алтын Орданың 750 жылдығын, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын, Конституциямыздың 25 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтеміз. Сонымен бірге Кеңес Одағының батыры Н.Ілиясовтың туғанына 100 жыл және қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығына орай мәдени шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығын аудан халқымен бірлесе атқарамыз. Баршамыздың еңбегіміз нәтижелі, халқымыздың несібесі көп болғай. Алда биік белестерді ауызбіршілікпен бағындыра берейік!, – деп қорытындылады аудан әкімі баяндамасын.

Мұнан кейін ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. Көргенімізді, көңілге түйгенімізді негізге алар болсақ, ұсыныс-пікірден, сұрақтан гөрі тілектестік білдірушілер, атқарылған жұмысқа оң баға беріп, сәттілік тілеушілер көп болды. Алғашқы болып сөз алған шіркейлілік Қ.Әбілқасымов облыста, ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, өзінің лебізін жыр жолдары арқылы жеткізсе, айдарлылық жас кәсіпкер Ө.Есболатов мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар ауқымды екенін айтып, алғысын білдірді. Еңбек ардагері А.Бақтиярова ауданның берекелі іске бейім екеніне тоқталып, өнер, мәдениет саласындағы іргелі істерді оң бағалады. Өз кезегінде №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің мұғалімі А.Жаңабергенова «Педагог мәртебесі» туралы заңның қабылдануы тарихи шешім болғанын, бұл мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктейтінін айтты. Еңбек ардагері С.Тоқсанбаев пен М.Келдібаев қолға алған бастамалардың жемісті болуы үшін ардагерлер атынан тілектестігін білдірді. Сондай-ақ кент тұрғыны М.Шілдебаев кентішілік жолдарды жөндеу мен дамыту жөнінде ұсынысын айтты. Есепті жиын соңында соғыс және еңбек ардагері Я.Тасыров аудан әкіміне және жиналғандарға ақ батасын берді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
25 қаңтар 2020 ж. 632 0