Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарапайымдылықтың мағынасы тереңде жатыр

Қарапайымдылықтың мағынасы тереңде жатыр

Осы кез келген жанды тоқтата қалып: «адам баласының қай қасиеті ұнайды» десең, бірден «қарапайымдылық» деп жауап береді. Жігіт немесе қыздардан да «болашақта жұп құратын жан қандай болуы керек» дей қалсаң, ойланбастан «қарапайым» дейді. Яғни бұл адамның бар болмысын ашып көрсететін асыл қасиет болып саналады.
Қарапайымдылық – менмендік, мақ­­тан­­шақтық, өркөкіректікте мүл­дем қарама-қарсы қасиет. Мұндай қасиет барлық адамның бойында бар, бірақ бар адам мұны білдіре бер­мейді. Тек өзінің қабілет-қары­мын дұрыс бағалаған жан ғана аталған қасиетімен қадірлі атанады. Ал атаққұмарлықтан аулақ болмай, көкірек көтеріп, менмендікке салы­ну қарапайымдылықты басып ке­теді, одан соң әлгінің құты қашып кетеді. Ақыр соңында өзін бағалай алмаған­ның өзегін өкініш кернейді.
Негізінен, қарапайымдылықты айт­­­­қан­­да адамзаттың асыл тәжі – Мұхам­мед Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ас­қан үлгілі адамды таппаймыз. Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қара­­пайымдылығы жөнінде мына бір оқиғаны әңгімелеп берген: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) алдына тамақ әкеліп: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте ыңғайлы», – дедім. Сонда Ол (с.ғ.с.) маған: «Құл қалай жесе, мен де солай отырып ішемін, бірақ жантайып емес», – деді. Осылайша, өмірінің соңына дейін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жантайып ішкенін көрген емеспін». Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Сізге биік орын жасайық. Сол жерде тұрып, адамдарға насихат айтарсыз», – деп айтқандарға, өзінің қарапайымдылығы себепті мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық дәріптемеңдер! Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты» деген. Яки адам пенде болып жаратылған соң, бір-бірінен артық емес, тек бір-бірінен қарапайымдылығымен, асыл қасиеттерімен ерекшеленеді.
Персиялық ақын Жалаладдин Руми «Кеше мен əлемді өзгертуге тырысатын «өте ақылды» адам едім. Ал бүгін өзімді өзгертуге жұмыс жасайтын қарапайым адамға айналдым» деп өз қабілетін айтқан. Демек, өзіңді өзгелерден биік ұстамай, жаман қасиеттерді тыйып, жақсылыққа жаның құмар болып, өзгелердің көз­қа­расымен санасып, сыйлай біл­генде қарапайым адам саналасың. Ал қарапайымдылыққа барлық ізгі қа­сиет­тер сиятыны сөзсіз.
Әркез өзімен бірге өзгелердің қа­мын жасап жүретін қайырымды жандар бұл қасиетті әрқашан берік ұс­таным етіп сақтаған. Мәселен, қазіргі таңда тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға көмек көр­сетіп, «Атымтай Жомарт» атанып жүр­гендер жетерлік. Олар осындай қарапайымдылығын көпшілікке жария етпей, тек барымен бөлісуді өз міндеті санайды. Өзінің адамдық қадір-қасиетін түсінген жан­дар осылайша ізгі қасиетімен, қара­пайым қылығымен ерекшеленеді. Сон­дық­тан әрбір адам қарапайым болып, жан-жағына қуаныш сыйлап, нұр ша­шып жүргені абзал.


Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

21 желтоқсан 2019 ж. 661 0