ЖҮРЕКТІЛІК, ЖҮРЕК ТІЛІК
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Шындығында адамның денесінде бір жапырақ ет бар. Егер осы бір жапырақ ет таза болса, онда адамның барлық мүшесі, сана-сезімі пәк болады. Ал енді сол бір жапырақ ет бұзылса, онда ол адамның денесі де, тәні де, жаны да бұзылады, ол бір жапырақ ет – жүрек», – дейді. Яғни, адам денесіндегі бір жапырақ жұмыр ет оның бүкіл болмысын көрсетеді. Бұл тұрғыда, «Бетінің ашық реңі, тұнып тұрған жүрегі» – дейді дана халқымыз. Оның үстіне, жүрек үздіксіз соғу арқылы адамның өмір сүруін қамтамасыз етеді. Демек, бір жапырақ ет болса да оның маңызы зор екені баршаға аян.
Жүрек арқылы пенденің адамгершілігі, мейірімділігі, батылдығы, батырлығы білінеді. Біреуге көмек көрсетуде, жанашырлық танытуда ақыл-ой таразысы жүрекке жүгінетіні белгілі. Кең болса ешкімді кем қылмайды, егер ондайда жүрек жібімесе, ең қауіпті адам сол. Ал кез келген іске батыл қадам жасау, ерлік көрсету, бойындағы бар күш-жігерін жақсылыққа жұмсау ол батырлық белгісі. Оның түп-төркінінде жүректілік жатыр. Кез келген жан жаужүрек болса, барлық кедергілерден тайсалмай, әркез батылдық танытады. Мұндайда «Жүрек – ер, бас – кемеңгер», «Ерлік білектен емес, жүректен», «Жүректе қаһар жалындаса, бойда қайрат арындар» деген аталы сөздер бекер айтылмағаны айқын.
Кейде «жүрегінің түгі бар екен», «өзінде жүрек жоқ» деген тіркестерді қолданып жатамыз. Мұндай қасиет батырларға тән. Өйткені, досына құшақ жайып, жауына қаһарын көрсете білетін жүректілер елін, жерін қорғауға қауқарлы. Яғни, олардың жүрегі «Отан» деп соғып, жігерлілерге өжеттік, қайсарлық қасиеттер тән. Бұл тұста, халық қаһарманы Б.Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті» деген нақылы ойға оралады.
Ал жүректілікке кереғар қасиет – жүрексіну. Бұл қорқақтық, ерлік емес ездік. Мұндай жүрегінде түгі жоқ жігерсіздерден қорқу керек, сақтану қажет. Өйткені, жаныңда жанашыр болып көрінгенімен жарға келгенде жыға салуы ықтимал. Сондықтан жүрексінгеннен гөрі жүректілікті жанға медет қылған жөн.
Жүрек сүю үшін жаралған. Отанға, елге, жерге, ата-анаға деген махаббат осы жұмыр ет еншісінде. Сондай-ақ, ғашықтық сезім де жүрекке тікелей байланысты. Жоғарыда айтқан жүректілік батылдыққа үндесе, жүрек тілік ғашық жанға деген махаббатты дәріптейді. «Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз, бәріңе бірдей бөліп берер ем» деп ақындар жыр жазып, әншілер шырқаған, ғадауатқа толы махаббат әлемі жүректі тіліп, ерекше сезімге бөлейді. Жүрек туласа, кірпік буланады. Оның сырын көздің нұрынан байқауға болады. Бір сөзбен, ғашықтыққа келгенде жүрекке әмір жүрмейді.
Абай тілімен айтқанда:
Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық, іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық.
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ