Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ – ҚАРАПАЙЫМ ҚЫЛЫҚ

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ – ҚАРАПАЙЫМ ҚЫЛЫҚ


Осы кез келген жанды тоқтата қалып: «адам баласының қай қасиеті ұнайды» десең, бірден «қарапайымдылық» деп жауап береді. Жігіт немесе қыздардан да «болашақта жұп құратын жан қандай болуы керек» дей қалсаң, ойланбастан «қарапайым» дейді. Яғни, бұл адамның бар болмысын ашып көрсететін асыл қасиет болып саналады.
Қарапайымдылық – менмендік, мақтан­шақтық, өркөкіректікте мүлдем қарама-қарсы қасиет. Мұндай қасиет барлық адамның бойында бар, бірақ бар адам мұны білдіре бермейді. Тек өзінің қабілет-қарымын дұрыс бағалаған жан ғана аталған қасиетімен қадірлі атанады. Ал атаққұмарлықтан аулақ болмай, көкірек көтеріп, менмендікке салыну қарапайымдылықты басып кетеді, одан соң әлгінің құты қашып кетеді. Ақыр соңында өзін бағалай алмағанның өзегін өкініш кернейді.
Негізінен, қарапайымдылықты айтқанда адамзаттың асыл тәжі – Мұхаммед Пайғам­барымыздан (с.ғ.с.) асқан үлгілі адамды таппаймыз. Айша (р.а.) анамыз Пайғамба­рымыздың (с.ғ.с.) қарапайымдылығы жөнінде мына бір оқиғаны әңгімелеп берген: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) алдына тамақ әкеліп: «Жантайып ішіңіз! Жантайып ішкен өте ыңғайлы», - дедім. Сонда Ол (с.ғ.с.) маған: «Құл қалай жесе, мен де солай отырып ішемін, бірақ жантайып емес», - деді. Осылайша, өмірінің соңына дейін Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жантайып ішкенін көрген емеспін». Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Сізге биік орын жасайық. Сол жерде тұрып, адамдарға насихат айтарсыз», - деп айтқандарға, өзінің қарапайымдылығы себепті мынаны өсиет еткен: «Мені өз дәрежемнен артық дәріптемеңдер! Алла мені пайғамбар етіп жібермей тұрып, ең алдымен құл етіп жаратты» деген. Яки, адам пенде болып жаратылған соң, бір-бірінен артық емес, тек бір-бірінен қарапайымдылығымен, асыл қасиеттерімен ерекшеленеді.
Персиялық ақын Жалаладдин Руми «Кеше мен əлемді өзгертуге тырысатын «өте ақылды» адам едім. Ал бүгін өзімді өзгертуге жұмыс жасайтын қарапайым адамға айналдым» деп өз қабілетін айтқан. Демек, өзіңді өзгелерден биік ұстамай, жаман қасиеттерді тыйып, жақсылыққа жаның құмар болып, өзгелердің көзқарасымен санасып, сыйлай білгенде қарапайым адам саналасың. Ал қарапайымдылыққа барлық ізгі қасиеттер сиятыны сөзсіз.
Қарапайымдылықтан қарапайым қылық туады. Әркез өзімен бірге өзгелердің қамын жасап жүретін қайырымды жандар бұл қасиетті әрқашан берік ұстаным етіп сақтаған. Мәселен, қазіргі таңда тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, «Атымтай Жомарт» атанып жүргендер жетерлік. Олар осындай қарапайым қылығын көпшілікке жария етпей, тек барымен бөлісуді өз міндеті санайды. Өзінің адамдық қадір-қасиетін түсінген жандар осылайша қарапайымдылығымен, қарапайым қылығымен ерекшеленеді. Ал көрер көзге жасалған қарапайымдылық – барып тұрған екіжүзділік. Сондықтан әрбір адам қарапайым болып, жан-жағына қуаныш сыйлып, нұр шашып жүргені абзал.

Е.БЕРКІНБАЕВ
17 сәуір 2018 ж. 8 999 1

Мави от 22 қаңтар 2019 23:14
Mavitochkakom