Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылыжай – тәжірибе алаңы

Жылыжай – тәжірибе алаңы

Аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей іргелі қарашаңырақ саналады. Мұнда инновациялық, жаңартылған бағдарлама бойынша білім беру жұмыстары жүйелі іске асуда. Оның ішінде теорияны тәжірибемен ұштастыру бағытында айрықша жұмыс та бар. Атап айтқанда, мектеп-лицей жанында жылыжай жұмыс істеп, мұнда оқу­шылар өз білімдерін тәжірибе жүзінде жүзеге асыруда.
Жылыжайға мектеп-лицей директоры Үміт Жұмабаева бастап барды. Маң­дайшадағы «Жасыл аймақ» деген жазуы бар жылыжайға кіргенімізде ұстаздар мен оқушылар көкөністердің бап-күтімін жасап жүр екен. Үміт Қонысбайқызы бұл жердің оқушылар үшін шағын ғылыми орталық екенін, олар осында игерген білімдерін облыс, республика көлемінде дәлелдеп, биіктерді бағындырып жүргенін атап айтты. Ал химия пәнінің мұғалімі Гүлзада Ешмұратова жылыжай туралы толық ақпарат берді.
– Жылыжай БҰҰ Даму бағдарламасы аясында 2015 жылы салынды. Ал 2016 жылы білім ордасы «мектеп-лицей» статусын алғаннан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушыларымен бірлесе жұмыс істеліп, жылыжайға көкөніс егіле бастады. Содан бері университет оқытушылары мен мектеп-лицейдің химия, биология пәні мұғалімдері оқушыларға арнайы сабақ жүргізіп келеді. Университет оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Рахат Құрманбаев апта сайын келіп, мұндағы егілген көкөністерді бақылап, ауруға ұшырамауын, дұрыс өсуін қадағалайды, кеңес беріп отырады, – деді химия пәнінің мұғалімі.
Жылыжайда қияр, қызанақ, салат жапырағы, көк жуа, ақжелкен, болгар бұрышы, редиска секілді көкөніс өсіп тұр. Мектеп оқушылары бұларды қыркүйек айының соңында еккен. Бүгінде алғашқы өнімі алынуда. Қазір қыстың бірінші айы екенін ескерсек, жылыжайдан шыққан табиғи, сапалы өнімді көктем шыққанша тұтынатын болады. Өткен жылы егілген қиярдан 500 келіден аса өнім алыныпты. Ал қызанақты биыл ғана егіп, тәжірибе жүзінде көруде. Жалпы жылыжайға жылына екі рет көкөністер егіліп, өнімі жиналуда. Бірақ мұндағы мақсат – өнімнен пайда табу емес, оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу, экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ету. Бұл оқушылардың мамандық таңдауына да әсер етеді. Экожүйе арқылы оқушылар табиғи, сапалы өнім алу үшін топырақтың құнарлылығын, су құрамын, табиғат бедерін зерттейді. Оны ғылыми жобаға айналдырып, проблемалық мәсе­ле­лерді шешу жолдарын ұсынады.
– Экологиялық аймақ болған соң біздің жер сорланып кеткен. Сондықтан осы мәселені шешуде ғылыми орталық саналатын жылыжайдың тиімділігін оқушыларға түсіндіріп келеміз. Біз бұл жерге ағаш жаңқасы, көң және шеңгел шіріндісін араластырып, содан өнім алудамыз. Жылыжайда көкөністердің бап-күтімі ерекше. Қазір күн райы қатты суық емес. Ал температура төмендегенде көкөністер шықпай қалуы мүмкін. Сол себепті әрбір оқушы өзі еккен көкөнісін күтіп баптайды. Тамшылатып суарылады, үстеп қоректендіріледі, тыңайтқыштар беріледі, – деген Г.Ешмұратова оқушылардың білік­тілігін арттыру үшін жылыжайда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Мәселен, өткен жылы мұнда облыстық семинар өткен. Оған облыстық оқу ор­талығының меңгерушісі Сырым Асқаров тікелей бастамашы болып, ұстаздар мен оқушылардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік туды.
Негізі оқушылар 6 сыныптан бастап жылыжайға келеді. Алғашында олар жылыжай жұмысымен танысады. Ал одан кейінгі сыныптар өз біліктіліктерін тәжірибе жүзінде іске асырады. Бүгінде осы жерде тәжірибе жинақтап, ғылыми жобамен айналысып жүрген оқушылар облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Атап айтқанда, 10 сынып оқушысы Бағдәулет Барзуов «Табиғатты аяла» атты жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумында «Экоәлем» номинациясы бойынша марапатталған. Сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде «Биология» секциясы бойынша І орынды жеңіп алған (ғылыми жетекшісі Р.Құрманбаев, мұғалімі Г.Ешмұратова). Мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Әсемай Ахметова жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде «Химия» секциясы бойынша ІІІ орынды иеленген (ғылыми жетекшісі С.Наренова, мұғалімі Л.Абдрашева). Сонымен қатар 8 сынып оқушысы Аружан Жақсыбаева жаратылыстану-математика бағыты бо­йынша ІІ республикалық жасөспірімдер олимпиадасының қатысушысы, 7-8 сынып оқушылары арасында облыстық кезеңнің ІІ орын иегері (мұғалімі Г.Ешмұратова). Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша өткізілген олимпиаданың облыстық кезеңінде 8 сынып оқушысы Диана Ерниязова (мұғалімі Ү.Батишева) ІІ орынды, 7 сынып оқушысы Гүлнұр Жөргенбаева (мұғалімі А.Ералиева) ІІІ орынды иемденген. 9 сынып оқушысы Жансая Әлтаева да облыстық олимпиаданың жеңімпазы.
Бізбен әңгімесінде ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы Бағдәулет Барзуов мектеп-лицей жанындағы жылыжай мамандық таңдауға септігін тигізіп жатқанын айтады. «Осы саланы зерттеп, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, сапалы, табиғи өнім тұтынуға үлес қоссам» дейді. Міне, тәжірибе алаңына айналған осындай жылыжай ұстаздардың да, оқушылардың да теория мен практиканы ұштастыруға септігін тигізуде. Бұл да бір білім саласындағы айтулы жетістік десек артық айтқандық емес.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
10 желтоқсан 2019 ж. 2 242 0