Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі білім ошағын аралап көрді

Аудан әкімі білім ошағын аралап көрді

Кеше аудан әкімі Руслан Рүстемов №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің жұмысымен танысты. Аудан басшысына білім беру мекемесінің жетістіктері мен атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат берілді.
100 жылдық тарихы бар білім ұясы аудандағы 4 мектеп-лицейдің бірі. Білім ұясында қазіргі таңда 537 оқушы білім алса, оларға 67 мұғалім білім беруде. Тереңдетілген сыныптарда жұмыс жасайтын барлық мұғалімдер деңгейлік және жаңартылған білім мазмұны аясында біліктілік курстарынан өткен. Осы және басқа да мәліметтерді баяндаған мектеп-лицей директоры Бақытжан Бақбергенова ғылыми негізде білім беретін пән кабинеттері жұмыс жасап жатқанын айтты.
– Мектептің материалдық база толықтай жаңартылған. Сыныптардан барлығы тереңдетілген және 3 мультемедиялық кабинет жұмыс жасайды. Мұғалімдер мен оқушылар үшін ғаламторға қосылған 95 компьютер бар. соңғы үш жылдан бастап оқушыларғы кәсіптік бағдар беру мақсатында оқу шеберханалары, тігін цехы, оқу тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы техникасын меңгеруге басты назар аударылуда. Оқушылардың білім алуымен қатар, спортпен шұғылданулары үшін шағын гимнастикалық зал жұмыс жасайды. 62 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген,- деген мектеп-лицей директоры 2018-2019 оқу жылында 2 оқушы мемлекеттік қорытынды аттестаттау нәтижесімен «Алтын белгі» иегері атанып, 5 оқушы «Үздік аттестат» иеленгенін атап өтті.
Аудан басшысы Р.Рүстемов тамыры терең білім ордасындағы «Рухани жаңғыру» сыныбының жұмысымен танысты. Аталған сынып Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытында ашылған. Сыныпқа мектеп-лицей тарихынан сыр шертетін құнды мәліметтер, білім беру ісінде қажырлы еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың өмірбаяны мен мектеп түлектерінің жетістіктері топтастырылған.
Аудан әкімі мектеп-лицейдің сыныптарын аралап, жоғары сынып оқушыларының ашық сабағына қатысты. Мұғалімдер бөлмесінде ұстаздармен кездесіп, білім беру саласын дамытудың басым бағыттары жөнінде пікірлесті. Аудан басшысы елдің ертеңгі тізгіні білімді ұрпақтың қолында екенін айтып, білімді ұрпақты тәрбиелеу ұстаздар қауымына жүктелген абыройлы міндет екенін атап өтті.
Өз кезегінде биология пәні мұғалімі Светлана Құрамысова сөз сөйлеп, ағымдағы жылы өткізілген «Тамыз кеңесінде» аудан мұғалімдеріне оқушыларға сапалы білім беру мақсатында тиімділігі мол тәжірибелерді енгізу жөнінде маңызды тапсырмалар берілгенін, қазіргі таңда бұл жұмыстар мектеп-лицейде жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен абыройын арттыру үшін нақты шаралар қолға алынғанын тілге тиек етті.
Аудан әкімі мектеп-лицейдің аудан тарихында және білім беру саласында өзіндік орны бар екенін айтып, ұстаздар қауымының жұмысына жеміс тіледі.
25 қыркүйек 2019 ж. 900 0