Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Көгілдір отын» кешікпеуі керек

«Көгілдір отын» кешікпеуі керек

Аудан әкімі Руслан Рүстемов жыл аяғына дейін газға қосылатын әлеу­мет­тік нысандарды аралады. Аудан орталығына газ жүргізіп жатқан мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.
Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары екі жыл­ға жоспарланғаны белгілі. Соның ішін­де биыл­ғы жылы бірқатар кент көшелері мен 9 әлеуметтік нысан газға қосылады деп жоспар­ланған. Атап айтқанда, аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат, аудандық ішкі саясат бөлімі, неке сарайы, аудандық мәдениет үйі, кент мәдениет үйі, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей және №1 «Қызғалдақ» пен №13 «Нұр бөбек-Тереңөзек» балабақшасы жыл аяғына газбен жылытылады деп күтілуде. Қазіргі таңда осы мекемелердің бу қазандықтарын газға лайықтандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов аталған әлеу­меттік нысандардың ішінде №1 «Қызғалдақ» бала­­бақшасына барды. Мұнда мердігер мекеме өкілдерінен мән-жайды сұрап, мекемені көгілдір отын­мен қамтудың жұмыс барысын көрді.
– Аудан орталығын газдандыру жұмыстары са­палы әрі уақытылы жүргізілуі тиіс. Биылғы жылы 9 әлеуметтік нысан көгілдір отынмен қам­тылады деп жоспарланған. Сондықтан келесі айдың ішінде көпшілік газдың игілігін көру керек. Сырдариялықтар көгілдір отынға қосылса, бұл аудан тарихындағы тарихи жаңалық болмақ, – деді аудан басшысы.
Аудан әкіміне аудандық тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтияров монтаждау жұмыстарын таныстырды. Қазіргі таңда 9 әлеуметтік нысанның монтаждау жұмысымен мердігер мекеме «РеалСтройИнвест» ЖШС қызметкерлері айналысуда. Учаске бастығы Нұртуған Қонысбай бүгінде мекемелердің бірқатарына ішкі құбырлар тартылғанын жеткізді. Аудан басшысы осы айдың аяғына дейін аталған мекемелердің барлығы газға қосылуға дайын болу қажеттілігін тапсырды. Ал кентте газ құбырларын жүргізіп жатқан «Әлия Сервис» ЖШС инженері Бекмағанбет Сатаев қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарды айтты. Бүгінде кентке газ жеткізу үшін темір жолдан газ құбырларын өткізу жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан кейін аудан әкімі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің бу қазандығына жүргізілген газ монтаждау жұмысын көрді. Мұнда аудан басшысы экономикалық есеп жасалып, сұйық отынға қарағанда газдың тиімділігін біліп отыру керектігін атады. Яғни қазіргі таңда сұйық отынмен жылытылатын бу қазандығы сағатына 80-90 литр жанар-жағармайды қажет етеді. Ал мектеп-лицейдің бу қазандығы газға лайықтандырылғанда 1500 кВттық газ жанарғысы (горелка) орнатылып, сағатына 100 текше метр көгілдір отын жағылады. Демек, сұйық отынға қарағанда газ 7-8 есе тиімді болмақ. Әркез экономикалық есеп жүргізіліп отыруды атаған аудан басшысы ең бастысы қауіпсіздікті сақтау қажеттігін ескертті. Газдандыру жұмыстары сапалы әрі уақытылы атқарылуын айтып, бірқатар тапсырма берді.

***
Ауданда газдандыру жұмыстары жүргізіл­гелі бері кент тұрғындары қыс түспей үйлеріне газ құбырларын жүргізуге қамданып әлек. Осыған орай «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС директорының орынбасары Дүйсенбек Сар­балақов тұрғындардың көбісі газ монтаждау жұмыстарын жүргізгенін тілге тиек етті.
– Аудан орталығында газ монтаждау жұ­мыс­тары басталғалы бері тұрғындарға өз қызметімізді ұсынып, тиімділік жағын қарас­тырып келеміз. Біздің тараптан жеңілдіктер қарастырылған. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда 40-тан аса үйге газ монтаждау жұмыстары жүрді. Серіктестікте екі бригада жұмыс істеуде. Тұрғындардың талап-тілегін қамтамасыз ету үшін сапалы қызмет атқарудамыз. Келер айда көпшілік көгілдір отынның игілігін көрсе, газды үйге кіргізуге асығатын тереңөзектіктер қатары артатыны сөзсіз, – дейді маман.

Е.БЕРКІНБАЕВ

19 қараша 2019 ж. 909 0