Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ГАЗДАНДЫРУ: халыққа тиімді бәсеке

ГАЗДАНДЫРУ: халыққа тиімді бәсеке

Негізі бұл мекеме кентте биылғы жылдың мамыр айынан бас­тап жұмыс істеуде. Серіктестік бас директорының орынбасары Алтынбек Алдамжаров мекеменің офисі «Өркен» сауда дүкенінде орналасқанын айтады. Қазірдің өзінде тереңөзектіктер өтініш жазып, газ монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. «Үйге газ орнатуда халыққа тиімді баға ұсынып отырмыз» дейді бас директордың орынбасары.
Газ монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан қос мекеме қызметі бірдей. Тек газ орнату бағасында сәл айырмашылық бар. Атап айтқанда, екі үйдің ортасына қойылған ШРП-дан үйге дейінгі 25 метр аралықты «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС 115 000 теңгеге, одан асса әр метрін 2500 теңгеге жүргізеді. Ал «Қызылорда Газ Монтаж LTD» ЖШС 25 метрге 110 000 теңге, одан арғысының метріне 2500 теңгеден алады.
Серіктестік тарапынан әрбір тұрғын үйге орнатылатын белгі бергіш (сигнализатор) сыйлыққа беріледі. Сондай-ақ барлық құжаттарды өздері рәсімдейді. Тұрғындар тек өтініш түсіріп, газ жүргізуге келісімшарт жасауы тиіс.
Әрине газ монтаждау жұмыстары қомақты қаржыны қажет етеді. Кейбір үйдің ШРП-дан ара қашықтығы 25 метрден асып кетеді. Оның ақысын төлеу тұрғындарға қиындық туғызуы мүмкін. Сондықтан серіктестік газ монтаждау жұмысының ақысын 2-3 бөліп төлеуге мүмкіндік жасап отыр.
Бұдан бөлек, газ пешін несиеге беру жағын да қарастырған. Қазіргі таңда офисте газ пешінің түр-түрі бар. Оңтүстік Кореядан шығатын «Navien Ace» пеші қабырғаға орнатылады. Оның бағасы 185-200 мың теңге аралығында. Ал Италияда шығарылып, Ресейде жиналатын «Сигнал» пешінің бағасы 115-150 мың теңге аралығын қамтиды. Сонымен қатар мұнда Ресейдің «Келет» газ пеші де бар. Оның құны 71-120 мың теңге аралығында. Бұл жерде сатып алынатын газ пеші үйдің көлеміне байланысты. Мұны серіктестіктің арнайы маманымен кеңесе отырып алған жөн. Бас директордың орынбасары А.Алдамжаров газ монтаждау жұмысын сапалы әрі тиімді бағада жүргізіп береміз дейді.
Қос мекеме де қызу жұмысқа кіріскен. Қазірдің өзінде біраз тұрғын газ монтаждау жұмысын жүргізіп қойды. Дегенмен бұған енді көңіл бөліп жатқан тұрғындар көп. Сондықтан олар енді таңдау мүмкіндігіне ие.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
12 қазан 2019 ж. 354 0