Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғаш үйге газ құбырын жүргізген кім?

Алғаш үйге газ құбырын жүргізген кім?

Ауданда газдандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Кент орталығының біраз көшелеріне газ құбырлары жүргізіліп, енді тұрғындар үйді-үйге кіргізудің қамына кіріскен. Бүгінде газ монтаждау жұмыстары басталып, тереңөзектіктер мердігер компанияларға өтініш түсіруде.
Демалыc күндері «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС дирек­торының орынбасары Дүйсенбек Сарбалақов хабарласты. Қазіргі таңда тұрғындардан өтініш көптеп түсуде екенін айтып, Ж.Құттыбаев көшесінде тұрғын үйге газ құбырлары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сол сәтте аталған мекен-жайға жетіп, тұрғынмен тілдестік.
Кент тұрғыны Сәбит Тұңғышбаев – ауданға газдың келуін күтіп жүрген сырдариялықтардың бірі. Көшелерге газ құбырлары жүргізілгенде осы жылы үйге кіргізіп алуға қам жасапты. Содан Ж.Құттыбаев көшесінің тұрғыны аталған серіктестікпен келісіп, қазіргі таңда үйінің асханасы мен пешке дейінгі монтаждау жұмыстары жүруде.
– «Газ келсе, жаз келеді» демекші, аудан орталығын газдандыру басталды дегенде қуанғанымыз рас. Оның тиімділігін көпшілік біледі. Сондықтан алғашқылардың бірі болып газ қондырып жатырмыз. Биыл осы көшеге газ беріледі. Көгілдір отын таратылғанда игілігін көрмекпіз, – дейді кент тұрғыны.
Серіктестік директорының орынбасары бұл үйге газ монтаждау жұмысы 150 000 теңгеге жүргізіліп жатқанын айтты. Яғни ауданда бекітілген стандарт бойынша 25 метрге 115 000 теңге, одан әрі қарай әрбір метріне тұрғындар 2500 теңгеден төлейді. Екі тарап арасында өзара келісім жасалып, қаржыны бөліп төлеуге болады.
Сәбит Тұңғышбаев – кентте газ орнатқан екінші адам. Ал ең бірінші болып С.Жәкеев көшесінің тұрғыны Жүсіпбек Тұрғанбаев газ құбырын қондырып алған. Үйдің бойымен жүргізілген газ құбыры асханаға және пеш орнатылатын от жағу бөлмесіне барып тұр. Белгі бергіш (САКЗ) те орнатылған. Енді келер айда арнайы пеш әкеліп орнатса, осы жылы көгілдір отынды тұтынбақ. Сөйтіп, Ж.Тұрғынбаев пен С.Тұңғышбаев тұңғыш рет және алғаш болып үйлеріне газ құбырларын қондырып алды.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
24 қыркүйек 2019 ж. 788 0