Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМНІҢ ШЫРАҒЫ БИІКТЕН ЖАРҚЫРАЙДЫ

БІЛІМНІҢ ШЫРАҒЫ БИІКТЕН ЖАРҚЫРАЙДЫ


Қарқынды дамыған әлем елдерінің озық тәжірибелерін қоғам мүддесі үшін қолданысқа енгізу заман талабы. Білім саласында соңғы жылдары айтарлықтай тың өзгерістер орын алды. Жоғары дәрежелі педагогтарды дайындау арқылы кемел болашақты қалыптастыра аламыз. Мамандарды жаңа технологиялардың тілін жетік меңгерте отырып, ертеңгі жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашатымыз анық. Биылғы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында білім саласына айтарлықтай басымдық берілгені байқалады. Бүгінде ұстаздар әлеуетін барынша көтеру қағидаттары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Сонымен қатар, заманауи үлгіде жабдықталған технологияларды қолдану фукционалдық тұрғыда білім мазмұнын кеңейтуге жол ашады. Оқушы мен мүғалім арасында белсенді байланыс орнап, қашықтықтан оқыту жүйесіне түсу біршама жеңілдей түседі.

Қазіргі таңда инновациялық мектептер «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жоспарлы түрде балаларға білім беруде. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын бағдарлама аясында кейбір сыныптарда 5 күндік оқу жүйесі қалыптасқан. Арнайы оқу бағдарламасы негізінде мамандар біліктіліктерін арттыру мақсатында оқу курстарынан өтіп, алған тәжірибелерін балалар бойына сіңіруде. Аталмыш бағдарлама артықшылығын айтар болсақ, пән мұғалімдері оқушыларға арнап, үйірмелер, секциялар, жекелеген мүдделер бойынша клубтар, спорт секцияларын, дайындық курстарын, сабақтан тыс уақыттарда өз бейіні бойынша танымдық, конкурстық, ойын-сауықтық бағдарламаларын ұйымдастырады. Бұлардың барлығы 5 күндік сабақ кестесінен бөлек, сенбі күні оқытылады. Бұл дегеніміз әрбір оқушының қабілетін қай деңгей екенін анықтап, қалаған мамандығына қарай бейімдеу болып табылады. Келешек белсенді тұлғаларды дайындауда танымдық шаралардың рөлі ерекше. Өз-өзін көрсетуде жан-жақты ізденістерге жол ашу жаңартылған білім мазмұнына бейімделген педагогтар міндетіне кіреді. Қоғамнан бейтарап қалған балаларды тиісінше өз ортасынан алшақ ұстамай тең құқықты бергеніміз жөн. Мұндайда жекелеген оқушымен тығыз қарым-қатынас орнату мұғалім біліктілігінің жоғары екендігін көрсетеді. Осы орайда Мемлекет басшысы ұстаздардың жалақысын жаңартылған бағдарлама негізінде көбейтуді ұсынды. Ал, қырқүйек айынан бастап сынама тест тапсыру арқылы педагогтардың жалақылары жоғарылайтын болады. Сондай-ақ, оқу бағдарламасының шеңберінде үш тілде оқыту жүйесі бірте-бірте енгізіледі. Стандартты жүйе арқылы ағылшын тілінде пәндер оқытыла бастайды. Дегенмен, оқыту үдерісі алдағы жылдардың еншісіне қала бермек. Келешекте үш тілді жетік меңгерген түлектеріміз шетелдердің алдыңғы қатардағы білім ордаларында оқып, кәсіби маман атануы құптарлық жағдай. Өзге мемлекеттің таңсық дүниелерін ел игіліне орай жетілдіру кемелденуге бастар жол екені мәлім.
Жолдауда цифрлы білім беру ресустарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерімізді видео құрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажеттілігі басты назарға қойылған. Шалғайдағы ауыл мектептерінің мүмкіншіліктерін жоғарылатып, білім саласына қажетті ақпараттарды қолжетімді ету дағдылары қалыптасқан. Ғаламтор желісін енгізіп, ата-ананың үй жағдайында баласының сабақ үлгірімін көріп отыруға да тиімді жол ашылған. Ғылыми зерттеулермен айналысатын мамандар мен оқушылар келесі бір қаладағы әріптестерімен видео құрылғылар арқылы тәжірибе алмасып, өз ойларын айқын жеткізе алады. Бұл ретте білім ошақтарында мамандар цифрлы технологиялардың пайдалы тетіктерін өз қажетіне жаратып, видеосабақтар мен лекцияларды жүргізуге бетбұрыс жасауы керек. Электронды құжаттарды бір-біріне жолдай отырып, педагогтар қағаз бастылық қағидатын бәсеңдетеді. Мол ақпараттарға қанығып, басқа да әріптестерінің ашқан жаңалықтарымен таныса алады. Еркін сұқбаттасу алаңы құрылып, кемшіліктер мен артықшылықтар кең көлемді талқыланады.
Әрбір жас буыннан жеке тұлға қалыптастыру сапалы білімнің арқасында мүмкін болмақ. Бүгінгі күнгі ағартушылық саладағы реформалар халыққа тиімділігімен оңтайлануы хақ. 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшу толықтай шешімін табатыны анық. Десек те, үштілділік жобасы маңыздылығын жоғалтпайды. Орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелік құралдары даярланып, ана тіліміздің мәртебесін түсірмеуге жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Ендігі жерде айтпағымыз әрбір қазақстандық жеткіншектер заман көшіне ілесіп, білімнің қайнар көзін игеру жолында табандылық танытса дейміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
01 ақпан 2018 ж. 929 0