ДӨҢГЕЛЕНГЕН ДҮНИЕ ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Бүгінгі күннің басты талабы IT саласындағы біз білмейтін мүмкіндіктерді игерудің айқын бағдарын ұстанып, жаңа заман көшіне ілесе алатын маман даярлау екені айтылып жүр. Осы ретте цифрлы технологияның жетістігі қарапайым халыққа тиімді екендігін айта кеткеніміз жөн. Ауылдағы ағайын үйден шықпай-ақ «ЕGOV.КZ» порталы арқылы керекті құжатқа қол жеткізе алады. Ал, өзінің шығармашыл әлеуетін байқаған әрбір жас цифрлық технологияның қыр-сырын меңгеріп, әлем мойындаған тәжірибені өз бағыты бойынша пайдалануы бек мүмкін. Бұл дегеніміз ақылды гаджеттердің мүмкіншілігін жоғары бағалап, еңбек бөлінісін азайтудағы басымдықты қолға алу жетістік болып табылады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының өзегінде мемлекетіміздің жаңа дәуірге қадам басуын бір ауыздан қолдап, ақпарат ағымына ілесу, жаңашылдыққа бет бұру, алыс шалғайдағы елді-мекендерге интернет жолақтарын тарту басты мақсат екені рас. Мемлекеттік кәсіпорындардағы қағазбастылықтан арылтып, компьютерлік жүйенің негізгі сатысына көшу құптарлық жағдай. Бұл орайда дүниедегі миллиондаған мамандықтың иесі компьютерлік жүйені еркін меңгеруі қажет. Оның сауатты болуын мемлекет мектеп қабырғасында оқитын оқушылардың білімін жетілдіру арқылы келешекке пайдалы инвестиция құюда. Өйткені, ел ертеңі – жастар демекші ақпарат ағынында еркін құлаш сермейтін маманның басым бөлігі бүгінде өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ.
Ғаламтордың шексіз мүмкіндігіне ие әрбір маман түйткілді мәселенің шешілу жолын да қарастыра алады. Тығырықтан шығудың негізгі принципі өз салаңдағы ақпараттық жүйені дамыту осы күні қалыптасқан үрдіс. Цифрландыру жүйесінің айрықша белгісі ретінде маманның компьютер алдындағы қызметі бірнеше бағытқа бөлініп, бір мезетте сан түрлі мәселені шешуге жағдай жасалуы барлық жағынан ескерілген дүние. Алдағы жылдар желісінде ақпарат ағыны толассыз өсіп, көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамуға жол ашылатыны ақиқат. Себебі, қарапайым тіршіліктегі ұсақ-түйек дүниенің өзі компьютер көмегімен шешіледі. Демек, ғаламдық мәселенің шың биігінде ақпараттық жүйе маңызды рөлге ие. Қай кезде де жұмыстың жүйелігі, біркелкі жүзеге асуы, уақыттың аз жұмсалып, шығынның орын алмауы әрбір кәсіпорын үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл ретте сандық технологияның, яки «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының артықшылығын алға тарта отырып, жемісін көру болашақтың еншісінде. Дөңгеленген дүниенің тосыннан туатын жаңалығына дайын болу, ойшыл мен ғалымның ойлап тапқан әрбір жетістігі мен артықшылығын дер кезінде игеру көштен қалмаудың сырын ашады. Ендеше, электронды, ақылды гаджеттер, сандық технологиялар компьютерлік жүйе барысын толықтай игеріп, игілігімізге пайдалану жаңашылдықтың белгісі. Егерде бір тетікті баса отырып, орасан жетістікке жетудің жолын қарастырсаңыз ақпараттық жүйенің артықшылығын игеруден жалықпағайсыз, компьютердің зор мүмкіндігін меңгеруден қашпағайсыз дегіміз келеді.
Б.ОРДАБЕКОВ