Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұхамедияр жырау

Мұхамедияр жырау

Өнердің өрісі өміршең. Иә, оған ешқандай дау жоқ. Мұхамедияр жырау­дың таңды таңға ұрып жырлайтын қис­салары бала күнімізден құлағымызға сіңісті болған. Ол табалдырығын аттаған әрбір үйдің шаңырағы кішігірім мерекеге айналатын. Мұхаң сұлу Сырдың жағасындағы «Ақиін» деген ауылда тұрды. Шағын елді мекен аршыған жұмыртқадай әдемі ауыл еді. Жыраудың үйі «Ақиіннің» бір биігінде орналасқан болатын. Жырға сусаған жұртшылық Мұхаңды қонаққа шақырып, қой сойып, қол қусырып күтетін.
Халық жыр, өсиет, терме айтатындарды жыршы атаған. Олар өз жанынан қисса, дастандар шығармаса да ауыз әдебиеті нұсқаларын, ақындар мұрасын жырлаған. Апталап, айлап жырлайтын айтулы жыршыларды да халық жырау атаған.
Жыраулар өзіне дейінгі шығарма­ларды орындап қана қоймай өздері де ойдан толғау, дастандар шығарды.
Таңды таңға ұрып жырлайтын сондай жыраулардың қатарында Сыр бойына белгілі жырау Мұхамедияр Жа­бағыұлы да бар.
Мұхамедияр жырау 1908 жылы тамыз айында Қармақ­шы ауданының Қызылтам елді мекенінің Қайыршақты аталатын өңірінде өмірге келген. Әкесі Еспайұлы Жабағы ескіше хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу кісі болған.Қисса, дастандар айтып, халқын ән-жырына бөлеген жан.
«Тақыр жерге шөп шықпайды» дегендей, Мұхаң – текті жерден шыққан кісі. Ол кісінің түп нағашысы атақ-даңқы тек Сыр өңіріне ғана емес, алты алашқа мәшһүр атақты Марал ишанның баласы Қалқай ишан болатын. Сол кісінің Зылиха есімді қызынан Жабағы туады. Шешесі Қыстаубай қызы Сәти де жүрек жылуы мен мейірім шуағы мол, мінезі салмақты кісі болған екен. Мұхаң Зылиха әжесінің бауырында болып ән -жыр, қисса, дастандарды кішкентай кезінен құлағына сіңіріп өседі.
Он бес-он алты жасынан бастап ел арасында жырау бала атанады. Әрқайсысы бір түндік «Алтын балық», «Айша қыз», «Шаһзада», «Мағауия», «Жалаңаш бала», «Әбу Шаһнама» қиссасын жатқа айтып, халықтың қошеметіне бөленеді. Оның репертуарында Шораяқтың Омары, Тұрмағанбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Даңмұрын, Тоқжан ақын, Сейітжан, Молдабай сынды өнер саңлақтарының шығармалары аз болмаған. Сонымен қатар Сыр бойы күйшілері Құрақтың Досжаны мен Жалдыбайдың шығармаларын да орындаған. Жадында басқа да күйшілердің сирек орындалатын күйлері болған. 2008 жылы шыққан «Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық антологияда Мұхаңның орындауындағы Алаша Молдабайдың әні «Молдабай», Тоқжанның «Гөй-гөйі», Даңмұрынның «Бақташы бақ құсына бола қойсаң», Ешнияз Жүсіптің «Көңілім гүл», «Сөйле, тілім, жосылып» (Әкімгерей – М.Жабағиев) және өзінің термесі «Ықыластанып сөйлесем» берілген. Мұхаңның қандай жырау болғанын осы термелерді орын­дағанынан-ақ байқауға болады. Әсіресе жасының келіп қалғанына қарамастан Молдабайдың әнін өз нақышында орындауы таңкалдырады. Бір жерлерінде құтыртып, екілендіре айтып, енді бір жерлерінде музыкалық тілмен айтқанда фортиссимодан пианиссимоға дейін тү­суі тәнті етеді. «Қазіргі орындауы мынадай болғанда, жасырақ кезінде қалай айтты екен» дегендей ойға қаласың.
Сүлейлердің көпшілігімен сырлас, табақтас болып, тәлім-тәрбиесін көрген Мұхаң тек орындаушы ғана емес сонымен қатар өз жанынан да өлең- жыр шығаратын арқалы ақын болған. Сейітжан ақынның «Қиямет нама», «Қасірет нама» дастанын орындап қана қоймай жаңғыртып, толықтырып отырған.
– Әкемді айтсам, әкем туралы ой қозғасам ең бірінші Қараөзек өзені, Ақиін, Қапсалған, Төрттам еске түседі. Ес біліп, етек жиғалы көрген жерім, асыр салып ойнап өскен жерім, жаз болса күні бойы Қараөзектің суынан шықпай, одан тіпті сирақтарымыз тілім-тілім болып жарылып, кешке ойбайлатып отырып сиырдың желініне жағатын солидолмен майлап, ертеңіне қайтадан суға түсетінбіз. Әкемді көке деуші едім.
Көкем ақын-жыраулылығынан бөлек аңшы, мерген, балықшы болатын. 2-3 тазы, аңшы иттері болатын. Көктем келсе, Сырдарияның суы арнасынан асып, онымен бірге Қараөзектің де суы тасып отырған жерден судан қашып, ат арбамен уақытша көшетінбіз биіктеу жерге су бармайтын. Одан айнала көл болатын, қаз үйрек, шағала, көкқұтан, аққулар келетін. Мен үйдің шаруасынан гөрі далаға бейімдеу едім. Көкемнен бір елі қалмауға тырысатын едім. Аңға шығып, балық ауласа да қалмай соңында жүретінмін.
Бірге пішен оратынбыз, белорақпен қара шөп, қызылмия, жантақ, алабұта орып оны маялайтынбыз, кепкен соң арбамен үйге таситынбыз, – дейді жыраудың қызы Қыдыркүл Жабағиева балдәурен балалық шағын еске алып.
1963 жылы Алматыдан фольклоршы ғалымдар М.Байділдаев, З.Киреева, М.Жармұхамедовтар келіп оның орындауындағы ән-жыр, қиссаларды таспаға түсіріп, рес­публика фонотекасына алып кетеді. Мұхаң кейінірек Мардан Байділдаевпен хабарласып, хат алысып тұрады. Республикалық радионың сол кездегі облыстағы тілшісі Ахат Жанаев Мұхаң жайлы музыкалық хабарлар әзірлеп эфирге таратты, газеттерге жариялады.
Бұл күндері Мұхаңның мұрасын зерттеуді Нұр-Сұлтан қа­ласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры жырау А.Алматов пен оның шәкірттері жалғастыруда.
– Әкем Нұрабай Жүнісұлы Мұхамедияр жыраумен тікелей араласып жолдас болған. «Алтын-Жаппас бір туған» дегендей, Мұқаңның руы – Алтын, біздің руымыз Жаппас болғандықтан әкеммен інісі есебінде сыйласқан.Жырау жасы келіп қалса да еңбектен қол үзбей, малшыларға хат-хабар, газет-журналдар жеткізіп тұрған.
Мұхаң ол кездерде Тереңөзек ауданына қарасты Қаракөл совхозының Төрттам аталатын жерінде тұрған. Әкеміз Төрттамнан он шақты шақырым жерде мал бағып, қыс айларында қыстауда, көктемге қарай жайлауға көшетін болған. Жыраудың сиыршыларға көп қыдыратын кезі осы жаз айлары болатын. Мұхаңның астында тор жорғасы, қасында ерткен екі тазысы болатын. Жырау үйге енгесін қой сойылып, маңайдағы көрші-көлем тегіс шақырылатын. Астында қос құс жастық, шайды ұрттап қойып, жырау алдымен қысқа термелерді, соңынан ұзын-сонар дастандарға кірісетін. Ол кезде бала болсақ та жыр-термені шама-шарқымызша тыңдайтынбыз. Түннің бір уағында жұрт үйді-үйіне тарайтын.
Ертеңіне әкем алған әсерін айтып, жырауды өте мықты, күшті кісі деп мақтап отыратын. Айтса айтқандай, ол кісіні Сыр бойының белгілі жыршылары Балхашбай Жүсіпов, Әбілда Жүргенбаев ұстаз тұтады екен. Балхашбай Жүсіпов болса уақтында ақиық ақын Нартай Бекежановпен бірге Қарақалпақстанды екі-үш ай аралап жыр айтқан.
Әкемнің қонақжайлығынан және өнер­­ді сүйгендігінен болар үйімізде Мұ­хамедияр жыраудан бөлек, жыршы-тер­мешілер Балхашбай Жүсіпов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Берік Жүсіпов, күйшілер Рақыш Ысқақ, Сламбек Ысқақов, әнші ақын Ниятолла Раманқұловтардың өнерін тамашалауға мүмкіншілік алдық, – дейді аудандық саз мектебінің мұғалімі, белгілі өнерпаз Қуаныш Нұрабайұлы Жүнісов.
Мұхамедияр жырау өмірінің соңында Қызылорда қаласында тұрады. Әйгілі жырау 1989 жылы қайтыс болады. Елімізге белгілі жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановтың туған інісі Ибрагим Мұхамеджанов өзінің жырауға арнаған көңілқосын былайша келтіріпті.

Кеулің күй, көңілің жыр күмбірлеген
Даңқыңды сұлу Сырда кім білмеген?!
Ұстазы ең жүзден жүйрік көп жыраудың,
Жиында жүз құлпырып, мың түлеген.

Аңызды әдемі жыр сазға бөлеп,
Өзен боп ағушы едің күркіреген.
Тыңдаушың өнеріңе риза болып,
Арман ғып сіздей ұлды мың тілеген.

Секірген тастан тасқа ақ бұлақтай,
Ән-термең ұштасушы ед күлкіменен.
Сырлы ойдың алтын гауһар қоймасы едің,
Ала алмас патшаң сатып мүлкіменен.

Жырлаушы ең адам сыры ғажаптығын,
Бақытын, қуанышын, азап мұңын.
Сіз жырлап, халық тыңдап отырғанда,
Біреуі қозғалмас ед аяқтының.

1977 жылы ауыл ақсақалдары «Құрмет Белгісі» ор­денді, республикалық дәрежедегі еңбек ардагері Рысбай Мырзатаев, Социа­листік Еңбек Ері, Қазақстанның ауыл ша­руашылығына еңбегі сінген қызметкер, одақ дәрежесіндегі зейнеткер Ахмет Халықов, Қазақстан Республикасының Білім саласының үздігі,ардагер ұстаз Данияр Досжановтардың бастамасымен Қара­көл совхозындағы бір көшеге жырау Мұхамедияр Жабағиевтің есімі беріліп, ескерткіш тақта қойылды.
Қазіргі кезде Мұхаңның ұрпақтары: Қызы – Жабағиева Қыдыркүл Мұхаме­дияр­қызы «ПетроКазахстан Құмкөл Ресорсиз» мекемесінде Орталық инже­нерлік басқармасында инженер қыз­­­­­метін атқарып, зейнетке шықты. Ұлы – Жабағиев Аслан Мұхамедиярұлы Мәс­кеудегі Губкин атындағы академия­да аспирантурасын бітіріп, мұнай саласынан облысымыз бойынша ең бі­рінші кандидаттық диссертация қор­ғады. Қазір Қызылорда мемлекеттік университетінде мұнай факультетінің деканы. Үйленген. Немересі Аида Жабағиева Өскемен қаласының об­лыстық телевидениесінде тележурналист болып жұмыс істейді.
Ата-бабамыз сөз өнеріне, оның ішінде гауһар тастай асыл, өсиет, терме-жырларға ерекше мән берген. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызекі же­тіп, жатталып келген халықтық туындылардың бүгінгі күнге байырғы қалпын бұзбай, тұнық қалпында жетуіне Мұхамедияр жыраудай саф алтындай жарқыраған талантының да үлесі бар.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
13 шілде 2019 ж. 1 553 0