Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ДҮЛДҮЛІ

ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ДҮЛДҮЛІ


Көрде туған бала жөніндегі «Көрұғлы» эпосын оқығаныңыз бар ма? Оқысаңыз, бұл ғасырлар бойына жырланып, бүкіл түркі тілдес халықтардың сүйікті шығармасына айналған эпостың бірі. Мұны бізге синкретті өнердің өкілдері жеткізді десек, олардың қатарында Сыр бойының саңлақ жырауы Рахмет Мәзқожаев бар. Ауданға қарасты Аманкелді ауылының тумасы аталмыш эпостың бір нұсқасын бізге жеткізді.
Жалпы, қасиетті домбыраның күмбірімен тұла бойы шымырлап, жыр-дастанмен құлақ құрышы қанатын халық жыршы, жырауларға ерекше құрмет көрсетеді. Өйткені, таңды таңға атырып, ежелден келе жатқан халық қиялының идеалы болған батырлар жырын, лиро-эпостық дастандарды заман ағымына сай түрлендіріп жеткізуші өнер өкілдері ерекше талантқа ие. Олар өз дарынымен ерте дәуірден келе жатқан дәстүрді сақтай отырып, әрдайым өңдеп, ілгері дамытқан. Міне, осындай өнер тұлғалары Сыр бойында жетерлік. Негізі, жыраулық дәстүрдің өзіндік ерекше сарыны осы Сыр топырағында қалыптасқан. Оған біз айтып отырған Рахмет жыраудың қосқан үлесі зор.
Жыраулық өнер Рахмет Мәзқожаевқа тектен тек қонбаса керек. Бұл жөнінде оның немере інісі Шатай Арынұлы:
– Бала Рахмет далада ұйықтап қалады. Түсінде балаға ақ сақалды, ақ киімді қария келіп, домбыра мен дорба ұсынады. Көңіліне қорқыныш кірген бала дорбаны алмай қашқақтаған екен. Қария келіп, дорбаны баланың қолына ұстатып кеткен. Жыршының өзі «Бұл өнер маған осылай қонған еді» деп айтып отыратын, – депті.
«Көрұғлы» эпосын Рахмет жырау 5 салаға бөліп, 14 түрлі мақаммен жырлаған. Түркі жұртына ортақ туындыны үйренудің өзі оңай дүние болмапты. Бұл тұрғыда жырау: «Көрұғлы» эпосын жыраулар бірінен-бірі атан түйедей етіп қолқалап алып үйренетін, мен де соның бірімін» – дейді. Елге таратқан жырларының ішіндегі ең көлемдісін (4465 жол) жырау ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Нақыпұлы Барат жыраудан, ол қарақалпақтың Сейіл деген жырауынан үйреніпті.
Сырдың мақамына салынып жырланған эпосты 1958 жылы қазақ жазушысы М.Әуезов жырауды арнайы шақыртып, жаздырып алған. Бес салаға бөлінген жырдың төрт саласы Қазақ Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының әзірлеуімен жинақ болып жарияланды. Сол сапарда Рахмет жыраудан «Көрұғлымен» қоса «Шахзада», «Шахнама», «Фархад-Шырын» секілді бірнеше дастан жазып алынған. Осыдан кейінгі уақытта Р.Мәзқожаевтың бірнеше өлеңі, Әбділда Жүргенбаевпен, Өкім Жайлауовпен айтысы баспада жарық көрген.
Одан бөлек, қазақ киносының тамаша туындысы болған «Қыз жібек» жырын да бізге жеткізушілердің бірі осы сырдариялық жырау екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Бұл жырды 1880 жылдары Мұсабай жырау жырласа, одан кейін бізге жеткізген Әбілқайыр Дәнекеров, аманкелділік Қуаныш Баймағанбетов, Рахмет Мәзқожаев сынды жыраулар болды. Мұндай саңлақ жыраулар болмаса тамаша туынды да шықпас па еді, кім білсін?!
16 жасынан бастап «Қобыланды», «Алпамыс» «Қамбар батыр» жырларын жырлаған жырау елге айтыс­кер ақын ретінде де танылған. Ол өзінің шығармашылық ғұмырында бірнеше рет айтысқа шығып, ел намысан қорғайды. Мәселен, 1957 жылдың қыркүйегінде Сырдария ауданының Киров және Жамбыл атындағы ұжым шаруашылықтарында айтыс өтеді. Онда Киров ұжымшарынан шыққан Қуаныш Баймағамбетов пен Жамбыл ұжымшарының ақыны Айтбай Дүйсенбаев сөз өнерімен сайысқа түседі. Осы айтыс қарт ақын Р.Мәзқожаевтың кіріспе өлеңімен басталып, өлең-жырымен қорытындыланады. Ал сол жылдың желтоқсанында Қызылорда қаласында өткен ақындар айтысына ел атынан Қ.Баймағамбетов пен Р.Мәзқожаев қатысқан. Сонымен бірге, 1958 жылы Қызылордада өткен облыстық ақындар айтысында Рахмет жыраудың тереңөзектік ақын Әбділда Жүргеновпен, осы жылғы республикалық айтыста жамбылдық ақын Өкім Жайлауовпен айтысы «Айтыс» жинағына енген.
Осы айтыстарда Р.Мәзқожаев туған жер табиғатын, облыстағы еңбек озаттарын, мұндағы берекелі тіршілікті шебер суреттей білген.
Облысым – Қызылорда, туған өлкем,
Көлі көп, желі салқын, жері көркем.
Ойы орман, қыры қырман, қырқасы мол,
Құлпырған қызғалдағы, гүлі – көркем, – деген жолдар осының айғағы.
Жалпы, Сыр бойының саңлақ жырауының жыршылық, ақындық мұрасын жыраулар секілді тоқтамастан айта беруге болады. Бір отырғанда батырлар жырын түгелімен жырлап, оның тәлімдік мұратын ұғындыру екінің-бірінің қолынан келмес. Бұған тек Рахмет жырау секілді ерекше дарын иесі ғана лайықты. Өзінің бүкіл ғұмырында осы халық ауыз әдебиетін жинақтауға үлес қосып, жыраулық дәстүрді жалғаған аманкелділік Рахмет Мәзқожаев мұрасы кейінгілерге құнды рухани қазына деп білеміз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
29 қаңтар 2019 ж. 1 412 0