БАБА ҚАЗДЫРҒАН ҚҰДЫҚ
«Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз».
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.
Бұқарбай Естекбайұлының атағы Сыр бойы жұртшылығына ғана емес, қазақтың кең даласына өшпес ерлігімен танымал. Ол XIX ғасырда патша отаршылдарына қарсы азаттық күрес жүргізген Жанқожа сынды аруақты батырларымыздың, Кенесары ханның қасында болған.
Халық батыры Бұқарбай Естекбайұлы 1812 жылы қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты елді мекенде дүниеге келгені мәлім. Осы өлкеде «Бұқарбай бұлағы», «Бұқарбай құдығы», «Бұқарбай суаты» сияқты жер атаулары жиі ұшырасады. Бүгін сондайжер-су атауларына тоқталамыз.
Сайын дала төсіндегі жер-су атауларына мән беріп, зерделей бастасақ, қызықты деректерге кездесеміз. Кешегі жаугершілік заманда ата-бабамыздың басынан небір қиын күндер өтті. Сол алмағайып кезеңде «мен қазақпын» деген ұлтжанды ер-азаматтар толарсақтан қан кешіп, ауыздықпен су ішіп үнемі ат үстінде, жорық жолында жүрді.
Жоғарыда айтқанымыздай, Бұқарбай, Жанқожа сынды аруақты батырларымыздың кезінде бір шеті Ырғыз, Торғай, екінші шеті мынау Қаратау, Алатау асуларына дейін ұрыс қимылдарын жүргізгені белгілі. Неткен жанкештілік, неткен жүректілік десеңізші! Сонда олар қара басының қамы емес, елін жартжұрттықтан қорғап қалу үшін күні-түні ат үстінен түспеген екен ғой.
Бұқарбай бабамызға біткен бір қасиет – жорыққа шығар алдында жүрер жолын әбден ықтияттап алады екен. Күн ілгері жіберілген шолғыншылар арқылы қай жерде су көзі бар, қандай жер ат белін суытып, тыныстауға қауіпсіз – міне, осылардың бәрін алдын-ала болжап, жасағының қиналмауын бірінші кезекке қояды екен.
Ардагер-журналист Ахат Жанаевтың айтуынша, Қызылорда қаласында тұратын жасы сексеннен асқан Отарбай Мамырайұлы есімді ақсақал бала кезінде Қарақұм, Арысқұм, Қызылқұм өңірлерін көп шарлағанға ұқсайды. Көнекөз кісілер сол кезде бұл кісіге батыр бабасы қаздыртқан, сексеуіл жігерімен шегендеткен құдықтарды көрсеткен екен.
– Әттең, көзім көрмей бара жатыр, әйтпесе әлгі су көздеріне өздеріңді де бастап апарар едім, – деген екен кезінде сол кісі.
Айтса айтқандай, әлгі өңірлерде «Бұқарбай бұлағы», «Бұқарбай құдығы», «Бұқарбай суаты» сияқты жер атаулары жиі ұшырасады. Арада сан жылдар өтсе де әлгілер кейінгі ұрпақтың қажетіне жарап тұр, әрі суы қандай мөп-мөлдір, тұщы десеңізші!
Батырдың атын қайта жаңғыртып тұрған сол естелікке толы мекендердің бұрынғы атаулары әлі сақталып, ел мұрасына қосылғаны қуантады.
https://syr-media.kz/