31 мамыр – ұлт жадындағы қасірет күні
Бүгін – 31 мамыр. Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн қазақ тарихындағы ең ауыр кезеңдерді ойға оралтады. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған нәубет, үзілген тағдырлар, қара жамылған шаңырақтар – бәрі ұлт жадында сақталған ауыр шындық.ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстанда орын алған ашаршылық адам қолымен жасалған алапат апат болды. Голощекин жүргізген «Кіші Қазан» саясаты, күштеп ұжымдастыру, тәркілеу науқаны қазақ қоғамын күйретті. Мұрағаттық деректер мен зерттеулерге сүйенсек, 1931–1933 жылдары қазақ халқы өз санының шамамен 30–40 пайызынан айырылды. Аштықтан, індеттен, ауыр тұрмыс салдарынан 1,5–2 миллионға жуық адам қаза тапты.
Қазақ даласының тіршілігі малмен тығыз байланысты еді. Малдан айырылу халық үшін күнкөрістен, тіршіліктен айырылумен тең болды. 1928–1932 жылдары Қазақстандағы мал саны 40 миллионнан 4 миллионға дейін кеміді. Бұл көрсеткіш сол кезеңдегі экономикалық күйреудің, әлеуметтік апаттың нақты көрінісі.
Аман қалудың жолын іздеген жұрт туған жерін тастап көшуге мәжбүр болды. Бір миллионнан астам қазақ Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Иран мен Ауғанстанға босып кетті. Олардың көпшілігі туған топырағына қайта орала алмады.
Ашаршылық жылдары халықтың сөзін сөйлеген, елдің ертеңін ойлаған зиялылар да қуғынға ұшырады. Алаш қайраткерлері, мемлекет және қоғам өкілдері «халық жауы» атанып, жаппай репрессия құрбанына айналды. 1937–1938 жылдардағы «Үлкен террор» тұсында Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қудаланып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды тұлғалардың тағдыры – сол зұлмат дәуірдің айғағы.
Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің ірі лагерлері орналасты. АЛЖИР, КАРЛАГ, СТЕПЛАГ лагерлерінде мыңдаған адам азап шекті. Бұл лагерлерге қазақтармен бірге Кеңес Одағының әр өңірінен жер аударылған халықтар жеткізілді.
Тәуелсіз Қазақстан – сол қасіретті жылдардан аман қалған ұрпақтың жалғасы, бабалардың аманаты. Өткенді еске алу өшпенділік үшін қажет емес. Тарихты білу, тоталитарлық жүйенің зардабын ұғыну, тәуелсіздіктің құнын түсіну үшін қажет.
Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым ету – әр буынның азаматтық парызы. Белгісіз бейіттерде қалған, аштықтан жан тапсырған, жазықсыз жазаланған жандардың есімі ұмытылмауға тиіс. Өткенін таныған халық өз болашағын берік құра алады.










