Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырлы төсекағаш сыры

Сырлы төсекағаш сыры


Қазақ халқының өмір жолы көшпенділік, жартылай көшпенділік және отырықшылық жағдайда өтті. Осыған орай, олардың күнделікті тұрмыста пайдаланған ағаштан жасалатын үй іші жиһаздары (мебельдері) мен ыдыс-аяқтары да көші-қонға немесе отырықшылыққа бейімделіп жасалады.
Ағаштан жасалған үй іші жиһаздарының құрамына төсек ағаш, жастық ағаш, кебеже, сандық, әбдіре, саба аяқ, піспек, астау, табақ, тегене, шара аяқ, тостаған, ожау, қасық, күбі, ағаш, шелек, келі-келсап секілді халыққа қажетті құрал-жабдықтарды орындайтын жекелеген маман шебер ұсталар болмаса да, әр шебер өзінің мүмкіндігіне қарай орындап отырған. Ал аса шебер ұсталар ағаштан жасалатын үй бұйымдарының беттеріне ою ойып, түрлі-түсті бояулармен өрнек салып, әсемдеумен бірге сүйекпен, әртүрлі металдармен, түрлі-түсті тастармен, шынылармен көркемдей білген. Қазақ халқы – өте өнерлі халық, он саусағынан өнер тамған қолөнердің сан-саласын жақсы меңгерген ісмерлер, темір, мыс, жез, күміс ұстау ісі, яғни зергерлік ісін де жақсы игерген шынайы өнер иегерлері болған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ арасында кең тараған ағаштан жасалатын жиһаздардың бірі – төсек ағаш. Ел арасында «төсек ағаш» атауы «төсағаш», «кереует» деп те аталатын болған. Бізде көпшілік арасында кең таралған «төсағаш» атауын қолдануды мақұл көріп отырмыз. Жазба деректер мен музей коллекцияларын және ел арасынан өзіміз тапқан төсағашты салыс­тыра отырып қарасақ Қазақстан жерінде кездесетін төсек ағаштардың сыртқы кескініне қарай жіктелгенде бірнеше түрі бар екені байқалады. Солтүстік, оңтүстік, шығыс және орталық аймақтарына кең тараған төсек ағаштың ең көне түрінің екі басы тым шалқақ және жойдақ болады, төрт аяғы ішке қарай кіріңкі не тік келеді, екінші түрі шығыс және оңтүстік аймақтарда кездесіп бастары тым шалқақ алты не сегіз аяқты төсек ағаштар бар. Үшінші түрі Омбы мен Павлодар төңірегінде кездесетін бір жақ басы тым шалқақ, аяқ жағында мүлде сүйеніш болмайтын тәрізденген төсектер. Төртінші түрі - Торғай өңірінде кездеседі. Оның тіп-тік төрт аяғы және екі басы әлдеқайда қысқа болумен бірге, сәл ғана шалқақтанып барып жоғарғы жағы үлкендеу келеді. Бесінші түрі – Ақтөбе атырабынан кездесетін бастары түзу ағаштан жасалып, сәл ғана шалқақ, орналасатын төсектер. Алтыншы түрі – Семей, Өскемен төңірегінде кездесетін төрт аяқты, үсті жабық, екі басында бір сүйемдей ғана тік орнатылған. Жетінші түрі – Қазақстанның солтүстік-шығысында кездесетін орыс үлгісімен жасалған төсек ағаштар болып жіктеледі.
Төсек ағаштың осы айтылған түрлерінің әрқайсысында жергілікті және әлеуметтік ерекшеліктер анық байқалады. Жергілікті ерекшеліктері, негізінен, жалпы жасалу тәсілінде, шеберлер ісінің әдісіне байланысты болса, әлеуметтік ерекшеліктер оның бет жағының оюланып, сүйектеліп, күмістеліп безендірілуімен бірге, көк содыр, шұға, асыл тастардың, түсті шынылар, айна, т.б. кеңінен қолдануына немесе ешбір әшекейсіз жасалуына байланысты болған.
Төсек ағаштың барлық түріне тән ортақ ерекшеліктің бірі – олардың бер жағы ғана көркемделетіндігі мен қалған бөліктерінің көркемделмейтіндігі және барлық бөліктерінің өмірге бейімделіп алмалы-салмалы не тұтастығында. Және олардың өлшемдерінде де өзгешелік молынан байқалмайды. Жалпы ортақ өлшемі ұзындығы – 176 см-ден 200-205 см-ге дейін, биіктігі 60 см-ден 80см-ге дейін болса, ені 100 см-ден кем болмайды.
Төсек ағаштың үй ішінде жарасымдылығында алатын орны ерекше, жатын орынның тазалығы, жинақылығымен қатар үй ішілік көркемділігінде. Көркем безендірілген қоршалған төсек ағаш үйге кірген жанға әсерлі болады. Сонымен бірге төсек ағаш адам ағзасына пайдалы әсері мол екенін кезінде аталарымыз тіршілік қамымен ұзақ уақыт ай үстінде шаршап келгенде, төсек ағашқа басын кеудеден жоғары, алғында сәл жоғары қойып демалғанда, бойдағы қан айналымы жақсарып, бойы сергіп, шаршағаны басылып өзін жақсы сезінгенін білген.
Біздің өңірде сирек кездесетін осындай тұрмыстық бұйымды Қалжан ахун ауылының тұрғындары Досболаев Бақытжан мен Ақжарқыннын айтуы бұл төсек ағаш атамыз Досболанұлының уақытында Құлшыққа арнап соққан дүниесі екен. Біздер осы атадан қалған мұраны көзіміздің қарашығындай сақтап келдік. Енді бұл мұра халық игілігіне ассын деген оймен аудандық музей қорына өткізілген еді.
Төсек ағаштың орындалу үлгісі Батыс өңірі шебер­лерінің орындау тәсіліне ұқсас. Бірақ тозыңқырағанына қарамастан кезінде оның көркем болғандығы көрініп-ақ тұр. Бет жағы мұқият сүргіленіп, өңделуімен бірге алдыңғы бетіне ою-өрнектің стильденген өсімдік жапырағына ұқсас өрнектері терең ойылмай, оюлар арасында белгілі арақашықтықта диаметрі – 45 мм дөңгелек айнаны ойып бекіткен. Оюлардың орны қанық қара түсті бояумен боялған. Бұл көркемдеу төсек ағаш бетіне жарасымды рең берген. Орындалуына қарай әлеуметтік деңгейі жоғары кісілердін арнайы дайындатқаны көрініп тұр. Қалыңдығы – 70 мм қайың тақта ағашынан, ұзындығы – 195 см, биіктігі – 82 см, ені - 92 см, ал орта белағашының биіктігі - 45см. Тұтас ағаш тақтайдан шабылған төсек ағаш бастары тым шалқақ емес, аяқтары тік болып орналасқан.
Төсекағаш бастарының диаметрі – 11 см-ден бет жағы тегіс, шеткі жағы дөңестеле шабылып орындалғаны көрік беріп тұрады. Алдынғы беті ою әрі айнамен безендірілген сырлы төсек ағаш әлі сынын бермей тұр.
Қазақ қолөнерінің өсу жолы, өзіне тән даму тарихы бар. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының дәстүрлі қолөнері өз дам­уында айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілді. Кешегі кеңес заманы ұлттық өнерге ескіліктің сарқыны деп полуфабрикаттық бұйымды тұтынуға бейімдеді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенімен ұлттық өнерге деген көзқарас түбегейлі өзгере қойған жоқ десек қателеспейміз. Аталарымыздың табиғатпен үндесе оты­­рып, өзіне қажетті бұйымдарын шеберлікпен орындай білген құн жетпес музей қорында елеусіз күй кешіп жатырған осындай асыл дүниелеріміздің қасиетін келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз.
Ж.Маханбет,
қолөнер шебері ,
С.Қуандықова,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
21 желтоқсан 2017 ж. 2 984 0