БУТАФОР-СУРЕТШІ
Қандай да бір спектакльдің көрермен көңілінен шығып, үздік қойылымға айналуы тек сахна әртістерінің ғана еңбегінің жемісі емес. Себебі, театрда шымылдықтың сыртында жүріп тер төгіп, көзге көрінбейтін істің таудай нәтижесін көретін жандар бар. Олар қашанда жанын салып еңбек етеді. Қолдың ептілігімен көздің майын тауыса отырып, жұмыс жасайды.
Бутафория жайлы көбіміз біле бермейміз. Бұл мамандық жайлы естіп-көргеніңіз бар ма? Заты түгілі, аты өте сирек қолданылады. Аталмыш кәсіпті тек қолы іс білетін шеберлер ғана таңдайды. Себебі, ол – тікелей қолөнерлік пен суретшілік қасиетті талап ететін жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірегейі. Нұрбадреддин Бегімбет – Сыр өңірі театрының қарашаңырағында еңбек етеді. Бутафор-суретші аталмыш мамандықтың қыр-сыры туралы бізге айтып берген еді. Оның айтуынша, сахнада кейіпкердің киетін киімі, керек десеңіз, сауыты, қылыш-найзасы, қыздарының сырғасы, білезігі дейсіз бе, мойнына тағар алқасы, тіпті ішер тамағына дейін образ бен заманына сай болуы тиіс. Мәселен, кезінде қазақ батырларының қару-жарақтарының өзі бір арбаға жүк болған екен. Ал, оны көрермендердің талғамынан шығатындай өте шебер деңгейде дайындау – театрдың бутафор-суретшісіне жүктелетін міндет.
Біз барған сәтте Нұрбадреддин аға алдағы жаңа жылдық қойылым – «Ұйқыдағы ару» спектаклінің көркемдік жұмыстарын жасау үстінде екен. Шеберхана бөлмесі құрал-жабдықтармен қатар, түрлі сахналық кескіндемелермен лық толып тұр. Олардың қатарында батырлардың портреттері, қару-жарақтары, үй жиһаздары, тіпті жасанды жеміс-жидектер де бар. Садақ жебелеріне дейін аса ұқыптылықпен шебер жасалған. Ол сырт көзге байқалып-ақ тұр. – Бұл – үлкен төзімділік пен көркемдікті талап ететін іс. Кішкентай дүниелер арқылы тұтас қойылымның эстетикалық талғамын, әсемдігін көрсете білуіміз қажет. Кейде 3-4 минуттық сюжеттер үшін бутафориялық дүниелер жасауға тура келеді. Мәселен, «Ұйқыдағы ару» қойылымы үшін жасап отырған мына дүнием – патшалардың жейтін қырғауыл еті, яғни байдың тамағы. Өздеріңіз білесіздер, байлар анау-мынау асты қорек етпеген. Сондықтан оны көрермен сенетіндей аса ұқыптылықпен жасауым керек. Айтайын дегенім, осы дүние тек патша тамақтанатын сәтте аз уақытқа ғана сахнаға шығарылады. Біз сол санаулы сәттің көркемдігі үшін еңбек етеміз. Ал, кейде тұтас спектаклдің өзегін құрайтын маңызды дүниелерді құрастырамыз. Біздің мамандықтың қызығы мен шыжығы да осында жатыр, – дейді Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрдың бутафор маманы.
Әңгімеге жомарт жан мамандығының машақатымен қатар, аталмыш салаға келу жолын да ақеден көңілмен баяндап берді. Кішкентайынан сырлы бояуды серік етіп өскен жан болашақта осы өнердің кәнігі маманы болуды армандаған. Сөйтіп, Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем-сурет училищесін бутафор-суретші мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал, қарашаңыраққа келіп, қызмет еткеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Алғаш театр табалдырығын аттаған тұста екінші мүшелді енді толтырған жас маман еді. Қазір ердің жасы – елуді еңсерген жігіт ағасы өз ісінің нағыз шеберіне айналған. Саналы ғұмырын әсемдік дүниесіне арнаған ол театрдың мәдени-рухани тұрғыда жаңарып-жандануына бір кісідей-ақ үлес қосып келеді. Қазіргі күнге дейін оның ісмер қолынан 60-80-нен астам бутафориялық заттар дүниеге келген. Сондай-ақ, театр жанынан құрылған «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобының да балаларға арналған пьесаларын сахналық тұрғыдан көркемдеу осы кісіге жүктелген. Бүгінде ол балақайлардың көңілін дөп басар дүниелерді бес саусақтай жатқа біледі. – Бір әттеген-айы, бізде ойыңдағыны, қиялыңдағыны өз деңгейінде жүзеге асыруға аса мүмкіндік бола бермейді. Оған техника, құрал-жабдық жағы қолбайлау болып тұр. Десе де, театр басшылығы әрдайым қолдау білдіріп, толыққанды жағдай жасауға күш салып келеді. Содан кейін кадр тапшылығы да өзінің кері әсерін тигізуде. Себебі, бір қойылымның өзіне бірнеше қолөнер дүниелерін жасаймыз. Ал, оған кейде бір бутафордың шамасы келмей жатады. Еліміздің өзге өңірлеріндегі театрларда кемінде екі бутафор-суретші қызмет етеді. Болашақта осы жағдай ескеріліп, мамандар қатары көбейсе екен деймін. Бұл өз кезегінде шығармашылық жандардың өзара ақылдасып, ойласып тың дүниелерді жасауына сөзсіз ықпал ететіні анық, – дейді Нұрбадреддин Бегімбет. Ал, негізі бутафория сәндік-қолданбалы өнер бағыты бойынша жүзеге асырылады. Театр тілімен айтқанда, ол – әртістердің ойын атрибуттары. Яғни, сахна адамдарының рөлін айқындап көрсетуге көмектеседі. Театр бастау алған ежелгі Грекияда сонау замандардың өзінде әртістерге қолғабыс қызметін атқаратын көмекшілер болған. Қазір олардың орнын бутафор мамандары ауыстырып отырған жайы бар.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.