Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЖАҚСЫ КЕЛІН – ЖАНҰЯҒА ҚҰТ

ЖАҚСЫ КЕЛІН – ЖАНҰЯҒА ҚҰТ


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқаудың мақсаты – келін отбасының ұйтқысы, салт-дәстүрдің сақтаушысы екендігін ұғындыру. Осы мақсаттағы келіндер сайысына Гүлзира Анасова, Фарида Смайлова, Сандуғаш Досмайлова және Айдана Болат қатысып, 5 кезең бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Тегін білу – тектілік», «Өнерлі келін сүйкімді», «Ойлы болсаң озып көр», «Сыр – сандық», «Дәм – думан» кезеңдерінде өнер көрсетіп, көпшілік көзайымына айналды. Байқауға қатысушылар әр кезеңде өзіндік шеберліктерімен жұртшылықты тәнті етті.
Сайыс барысында бала бағып, үй тірлігін атқарып, жұмысты да қатар алып жүрген келіндер өнерден де кенде емес екендігін дәлелдеді. Байқаудың «Өнерлі келін сүйкімді» атты кезеңінде С.Досмайлова өзбек биін билеп көрермен қошеметіне бөленсе, Ф.Смайлова өзінің қолынан жасалған әшекей бұйымдарын назарға ұсынды. А.Болат болса өзі тоқыған түрлі киімдерді көрсетсе, Г.Анасова өлең шумақтарын оқыды. Олардың салт-дәстүрге қатысты біліктілігі де тексеріліп, ситуациялық сұрақтар қойылды. Бұдан бөлек, қазақтың ұмыт болып бара жатқан тағамдарын әзірлеп келу, яғни «Дәм-думан» кезеңінде келіндердің қолынан шыққан ұлттық тағам түрлерінің дәмді болуы ғана емес, қонақ күту мәдениетіне, сөз саптау шеберліктеріне де ерекше мән берілді.
Келіндер сайысының нәтижесінде Гүлзира Анасова «Ибалы келін», Фарида Смайлова «Шебер келін», Сандуғаш Досмайлова «Өнерлі келін» және Айдана Болат «Өнегелі келін» номинацияларымен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды. Бұл сайыстың өтуіне Тереңөзек кенті әкімдігі қолдау білдірген.

Е.БЕРКІНБАЕВ
24 қараша 2017 ж. 2 538 0