ТУҒАН ЖЕР ТАРИХЫН ТАНЫТТЫ
Жақында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын басты бағдарда ұстай отырып, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері географиясы», «Тәуелсіз Қазақстанның тарихи тұлғалары» бағдарламалары аясында «Үздік мультимедиялық библиографиялық құрал – 2017» шебер сынып кәсіби байқауы болып өтті. Оған кітапхана мамандары қатысып, өз біліктіліктерін көрсетті.
Байқау барысында кітапхана директоры Г.Нұржакиева сайысқа қатысушы мамандарға жұмыстарына сәттілік тілей отырып, библиографиялық ақпарат қызмет көрсету жүйесінде маңызды рөл атқарып, кітапхана құрылымында жетекші орын алатынын атап өтті. Осыған орай, уақыт талабына сай жұмыс атқарып, саланың маңыздылығын әркез арттырып отыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ, қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында кітапханада көптеген мәдени-көпшілік шаралардың ұйымдастырылып келе жатқанын, осы байқау да соның заңды жалғасы екенін жеткізді.
Байқауға қатысушылар Сыр өңірінің бай тарихын, осы жерде кіндік қаны тамып, туған жерге елеулі еңбектері сіңген тарихи тұлғаларды және «Сыр елі – жыр елі» деген сөзді айғақтайтын әдебиет алыптарының өнегелі өмір жолдарын қамтыған әр түрлі тақырыптардағы әдістемелік-мультимедиялық құралдар назарға ұсынылды. Атап айтар болсақ, «Өлке тарихы – ұрпақ мұрасы», «Тілі шешен, жүзі көркем – Ұлбике», «Әдебиет алыбы – Асқар Тоқмағанбетов», «Сөз зергері, сын мергені – Қалтай», «Ұлы даланың ұлы перзенті – Сералы Лапин», «Алғаш қазақ дәрігерлерінің бірі – Әли Көтібаров», «Сыр елінің киелі жерлері», «Дін қайраткері, ғұлама ұстаз –Қалжан ахун», «Батыр баба – Текей Қарпықұлы», «Сыр бойының бас қаласы – Қызылорда» атты әдістемелік-мультимедиялық құралдар арқылы ел мен жер тарихы дәріптелді және осында өнегесімен ел есінде қалған тарихи тұлғалар өмірі таныстырылды. Аталмыш құралдар алдағы уақытта кітапхана қызметін пайдаланушы оқырмандар үшін өз көмегін тигізбек.
Осындай тағлымды байқаудың қорытындысында әділ-қазылар алқасы әр жұмысқа жеке-жеке тоқталып, сараптама жүргізу арқылы кәсіби шеберлікпен жасалған бірнеше библиографиялық құралға жоғары баға берді. Атап айтқанда, М.Балмағанбетова «Өлкелік мультимедиялық библиографиялық құрал», Г.Жұмаділова «Тарихи тұлғаларды танытқан библиографиялық құрал», С.Сейтен «Жоғары кәсіби шеберлікпен жасалған библиографиялық құрал», Ә.Қосымова «Оқырманға айрықша ақпарат ұсынған библиографиялық құрал», З.Бакова «Туған жердің тарихын танытқан библиографиялық құрал» және С.Найзатаева «Әдебиет алыптарын біріктірген библиографиялық құрал» номинацияларымен марапатталды.
Е.БЕРКІНБАЕВ