Жаужүрек полктің жауынгері

Жақан Нұрышов 1922 жылы Тереңөзек ауданына қарасты Құндызды бөлімінде дүниеге келген. Балалық шағы ауылдың тыныш тіршілігімен өрілгенімен, жігіттік дәурені от пен оққа толы кезеңмен тұспа-тұс келді. 1942 жылы, бар-жоғы жиырма жасында Кеңес әскерінің қатарына алынды. Ол 134-атқыштар дивизиясының 629-полкінде жауынгерлік міндет атқарды. Архив деректеріне сүйенсек, бұл дивизияда тек 36 қазақ жауынгері болған. 629-атқыштар полкі көзсіз ерлігі және батырлығымен танылып, тарих беттерінде «жаужүрек полк» деп аталған.
Майданның әр күні – жан мен тәннің сынағы еді. Бірақ бұл майданда жауынгер Жақанның жігері мұқалмады. 1942 жылдың сұрапыл шілдесінде жаужүрек қаруластарымен Белый қаласының солтүстігіне аттанып, тарих парағына алтын әріптермен жазылған ерлікке толы беттерді ашты. Қауіпке қасқайып қарсы тұрған 629-атқыштар полкіне жаудың темірдей құрсауын бұзу, 39-армия мен 17-гвардиялық дивизияны қоршаудан алып шығу міндеті жүктелді. Бұл тапсырма – елдің тағдыры, Отанның болашағы еді. Жауынгерлер жалындаған жігермен, отты рухпен алға ұмтылды. Олар Оленино – Нестерево – Белый бағытын кесіп тастап, 1500-ден астам сарбаз бен офицерді қоршаудан аман алып шықты. Бірақ жау қарап жатпады. Артиллериямен атқылап, танкімен таптап, сегіз мәрте қарсы шабуыл ұйымдастырды. Сонда да Жақан Нұрышов бастаған жауынгерлер кері шегінбеді. Оқ біткенше – оқпен, оқ таусылғанда – шаншып алар штыгімен шайқасты. Бес күнге созылған қан майданда 11 жау танкісі, бір бронды көлік жойылып, жүздеген неміс офицері мен сарбазы мәңгілікке көз жұмды. Майдангер батпақ кешіп, белге дейін суға батып, алдыңғы шепке оқ пен минаны арқалап жеткізді. Оның жанқиярлық ерлігі үшін 41-армияның Әскери кеңесі алғыс жариялады.
1943 жылдың тамызында жан алып, жан берісіп жатқан майдан даласында Жақан Нұрышов қызмет еткен дивизия жаудың оң жақ қапталын жауып, найза ұшындай шабуылмен алға ұмтылды. Қанды шайқастың қызған ортасында, жаудың алдыңғы қорғаныс шебін бұзып өтіп, 2-3 шақырымға дейін алға жылжыды. Қарсыластың екінші қорғаныс шебінде жауынгерлер шегінуді білмеді. Тасқа соғылған тасқындай қайсарлықпен шептерге орнығып, әр метр жер үшін өліммен бетпе-бет келді. Тамыз айының соңына дейін дивизияның батырлары тактикалық жағдайды жақсартып, жауға алапат соққы беріп отырды. Нәтижесінде 3000-нан астам жау әскері мен офицерінің көзін құртып, ондаған тұтқынды қолға түсіріп, жүздеген қару-жарақты жойды.
Жақан Нұрышовтың Украина мен Польша жерін неміс басқыншыларынан азат ету жолы – Берлин түбіне дейін жетіп, соғыс тарихындағы ең маңызды әрі шешуші шайқастардың біріне – Берлин шайқасына қатысуымен аяқталды. 1945 жылдың 17 сәуірінде, Одердің батыс жағалауындағы шешуші ұрыста, Шенфлис станциясын алу кезінде көрсеткен ерлігі нағыз қаһармандық еді. Жауынгер вокзал ғимаратына бірінші болып кіріп, жаудың миномет расчетын жойып, шайқастың тағдырын өзгертті. Бұл батыл қадамымен ол ұрыстың барысын өз қолымен анықтап, өшпес із қалдырды. Сол ұрыста ержүрек батыр ауыр жарақат алды. Неміс әскері ойсырай жеңіліп, кері шегінуге мәжбүр болды. Жақан Нұрышов тек соғыс алаңында ғана емес, жүрегінде де өзінің Отанға деген шексіз махаббатын, елінің болашағы үшін қаншалықты тер төккенін дәлелдеді. Жауынгердің еңбегі мен ерлігі ескерусіз қалмады. Ол қажырлы күресі мен ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды.
Елге есен оралған майдангер қазақ баласының жүрегіне білімнің шырағын жағуға бел буды. 1946 жылдан бастап Тереңөзек өңірінің талай мектебінде мұғалім болып, кейін мектеп директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
– Атам үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ұлт алдындағы қасиетті борыш болатын. Ол мектеп партасында отырған әр баланы – елдің болашағын қалыптастыратын тұлға ретінде көрді. Әр сабақты болашаққа салынған көпірдей сезініп, білім мен тәрбиені ұштастыра жүріп, ұрпақтың жүрегіне жол салды. 42 жыл бойы осы ұлы жолдан таймай, өзінің еңбекқорлығымен, адамгершілік келбетімен шәкірттерінің санасына сәуле құйды. Әсіресе, №137 орта мектептегі қызметі көптің жадында ерекше сақталды. Ол жай мұғалім ғана емес, нағыз ұстаз, ұлағаттың үлгісін көрсеткен тағылым иесі еді. Мектеп дәлізінен өткенде оның байыпты жүрісінен сабырдың лебі есіп тұратын, ал әрбір айтқан сөзінен даналықтың үні естілетін. Мемлекет те атамның еңбегін ескерусіз қалдырмады. 1980 жылы «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Атамның өмірлік серігі Шакар Маханова да ұрпақ тәрбиесіне өз өмірін арнаған ардақты жан. Ұзақ жыл бойы математика пәнінің мұғалімі ретінде шәкірттеріне білім нәрін сіңіріп, өзі де «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Шакар әжем де тыл ардагері, бейбіт өмір үшін үнсіз күрескен нағыз еңбек адамы еді, – дейді жаужүрек жауынгердің немересі Самал Әлиқызы.
Бүгінде бұл қос тағдырдан тараған ұрпақ тек аудан көлемінде ғана емес, елге мәлім «Ұстаздар династиясы» деген қасиетті атқа ие. Бұл – жай құрмет емес, сан жылдық қажырлы еңбектің, маңдай тердің, адал қызметтің жемісі. Ұрпақтары әкенің ерен ерлігі мен еңбегін ұмытпай, сол ұлы жолды лайықты жалғастырып келеді.
2001 жылдың тамызында ұлағатты жан Жақан Нұрышов мәңгілік сапарға аттанды. Бірақ оның бейнесі – ұрпақ жадында. Ол – соғыстың қасіретін де, бейбіт өмірдің қасиетін де жүрегімен сезінген жан. Оның өмір жолы – жеңістің нақты көрінісі. Жарақат алса да, жеңісті жақындатып берген, тыныштық орнаса да, тыныш отырмаған Жақан Нұрышов – елдің нағыз ері, ұлттың ұлы ұстазы.
Бибісара ЖАНӘЛІ