Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлігімен танылған сарбаз

Ерлігімен танылған сарбаз

Соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, жанқиярлық іс-әрекетімен танылған Назар Қосмамбетов генерал-майор Дмитрий Смирновтың ұсынысы негізінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Айбынды жауынгер жаяу әскеріне кедергі келтірген жаудың тоғыз сарбазының көзін жойып, ерлік көрсетеді. Бұл кезде Назар Қосмамбетов №471 атқыштар полкінің үшінші батальонның арнайы рота құрамында еді. Жеңісті жақындата түскен сарбаз көптеген шайқаста майдан шебінен табылып, кеудесін оққа тосқан.

Кез келген майдангердің со­ғыс жылдары көрсеткен қажыр-қайраты көзсіз ерлікке пара-пар. Назар Қосмамбетов Брянск майданындағы №48 армияның үшінші мәрте жасақталған №73 Новозыбкалық атқыштар дивизиясы, №471 атқыштар полкінің жауынгері атана жүріп, Воронеж-Касторг және Малоархангель операциясына қатысады. Бұдан бөлек, майдангер бірнеше мәрте немістің қорғаныс шебін бұзып, жоспарын күл-талқан етеді. Көптеген ауылды неміс басқыншысының құрсауынан босатқан батыр өз ротасында көптеген ерлік көрсеткен. Жау әскерімен бетпе-бет ұрыста тайсалмай батылдық танытқан кейіпкеріміз өзге дивизия жауынгерлерімен бірігіп, ұрыс-тәсілін ұйымдастырған.

– Менің әкем 57 жыл ғұмыр кешкен ардақты жан. Әкем өмірден өткен уақытында мен 2 жастағы сәби болатынмын. Сұрапыл соғыс кезінде әкем айрықша ерлігімен көзге түскен. Орел қаласының маңында үлкен операция орын алады. Қан майданда ұрыс жүріп жатқан уақытта №471 полк шегініске ұшырайды. Ал блиндажда пол­ктің картасы мен туы қалып кетеді. Жау жақындап, жер мен әуеден оқ борап жатады. Сол кезде менің әкем мен қырғыз жігітіне командир ту мен картаны аман-есен белгіленген орынға жеткізуді тапсырады. Бұйрықтың талқыланбайтынын білген қос сарбаз жандарын шүберекке түйіп, көздеген жеріне ұмтылыпты. Дегенмен, тапсырманы орындау барысында әкемнің қасындағы сарбаз қайтыс болып, өзі аяғынан жарақат алыпты. Әйтсе де, тапсырманы мүлтіксіз орындап, біздің мақтанышымыз ерлігімен таныла түскен, – дейді Мэлс Қосмамбетов.

Назар Қосмамбетов қаншама рет соғыс даласында ажалдың тырнағынан сытылып шықты. Биыл оның туғанына 125 жыл толады. Әкесі – Қосмамбет зергер кісі болса керек-ті. Майдангер өте сауатты, қоғамда белсенді азамат болған. Зеректік қасиетін жоғары бағалаған сол кездегі басшылық оны Алматы және Мәскеу қаласына жіберіп, арнайы курстан өткізген. Білімі жетіле түскен жауынгер аймақтық жұмысшы комитетінің төрағасы, облыстың ет өнімін дамытуға барын салады. Яғни, Обкомпартия жолдамасымен облыстық ет дайындау конторасы директорының орынбасары, №10 совхозының жұмысшылар комитетінің төрағасы, Тереңөзек кентіндегі селподағы асхана мен темір жол дүкенінде қызмет атқарған. Сонымен қатар Шымкент қаласында нан өнімдері мекемесінде жұмыс жасаған. Зайыбы Сағира Омарқызы екеуінен тараған 7 перзентті жеткізу үшін ауыртпалықтың сан түрлісін көреді. Қара жұмысқа тартылып, мал бағады, пішен орады. Бұның барлығы – ұрпақтары үшін жасалған табандылық еді.

– Әрине, Назардан тараған бүгінде 40-қа жуық ұрпақ бейбіт өмірде ғұмыр кешуде. Анамыз бізді өсірді, жеткізді. Енді балаларының қызығын көрер шағында, яғни, 52 жасында өмірден өтті. Біз Тереңөзек кентіндегі темір жолдың арғы бетінде тұрдық. Балалық шағымыз сонда өрбіді. Кейіннен, ізденіп, зерттей келе әкеміздің көптеген ерлігіне қанықтық. Бір аяғынан айырылған әкеміздің өмір жолы – өнеге. Әкем туралы естелікті анамнан жиі сұраушы едім. Аз ғана ғұмыр ішінде өмірін саналы, мағыналы етуі – ерекше мақтауға тұрарлық. Ұға білген адамға қан майданда ел үшін, жер үшін, жауға бодан болмау мақсатында ерлік көрсеткені әкемнің жанқиярлығы деп білемін. Айта кетейік, 1995 жылы Тереңөзек кентінде әкім болған кезімде теміржолдың арғы бетін­дегі көшеге даңқты батыр Бауыржан Момышұлының есімін беруге ықпал еткен едім. Әрине, туған жердің гүлденуі – әрбір перзент үшін мақтаныш. Біз қашанда әкеміз бен анамыздың есімін жаңғырта береміз, – деді Мэлс Назарұлы.

Бүгінде Назар әулетінен тараған ұл-қыздар еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігі үшін қызмет етуде.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

19 сәуір 2025 ж. 298 0