Кеудесін оққа тосқан арда азамат
Майдан даласында қаншама боздақ ерлік көрсеткені мәлім. Оның ішінде, менің әкем – Ақдәулет Үмбетайұлы бар. Ол – 1939 жылы әскер қатарына шақырылып Отан алдындағы борышын өтейді. Араға 2 жыл салып, жауға қарсы майданға аттанады. Өз кезегінде асқар тауым жөнінде қалам тербеуді жөн көрдім.
Қашанда елге сыйлы қалпынан таймайтын әкеміздің ғұмыр жолы ұрпақтарына үлгі-өнеге. Соғыс жылдарында әкеміз пулеметші ротасының сарбазы болады. Аламесек ауылдық Кеңесінде дүниеге келген ол – майданда көрсеткен ерлігі үшін 1942 жылы «За Отвагу» медалімен наградталады. Әкемнің балалық шағы елдегі нәубет жылдары орын алған сыңдарлы кезеңмен тұспа-тұс келгені мәлім. Ардақты азамат Қырым маңайында болған шайқаста ауыр жарақаттанып, тұтқынға түседі. Біршама уақыт өткеннен кейін тұтқыннан қашып шығып, Чехославакия партизандары қатарына қосылады. Талай оқтың ортасынан аман шыққан әкем жанқиярлық ерлігі еленіп, «Ерлігі үшін» медалін иеленеді.
Әрине, әкемнің соғыс жылдарында табандылығымен танылған қайсарлығы бар мақтауға лайық. Әкем соғыстан кейінгі жылдары ұстаздық қызметте еңбек еткен. Сонымен бірге Ташкент қаласындағы екі жылдық ауыл шаруашылығы институтының агрономия мамандығы бойынша бітірген. Ол – 17 жыл бойы Қызылорда облыстық өсімдік қорғау станциясының бас маманы болып қызмет атқарған. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегі орасан жанның ел есінде қаларлық ілкімді істері баршылық. Үнемі айналасына ақыл-кеңесін айта жүретін арда азаматтың еңбегі еленіп, 1960 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан. Зейнет демалысына шығам дегенше, «Тереңөзек» күріш совхозында жұмысшы болып жұмыс жасағаны баршаға аян. Жеңіс күнінен арналған мерекелік медальдары кеудесінде жарқырап, көптеген «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатпен» марапатталған. Әкеміз негізгі жұмысымен қоса қолынан қаламы түспеген азамат ретінде елге белгілі. Сол кездегі «Еңбек туы» газетінің штаттан тыс тілшісі болған. Әкеміз 1982 жылы ауыр науқастан 62 жасында дүниеден озды.
Әрқашан оның ұрпақтары өшпес ерлігін еске алып, рухына тағзым ете береді.
Қыдыркүл Ақдәулетқызы,
зейнеткер