Қазақ тарихындағы әйгілі әйел қайраткерлер
Қазақ елінің дамуына, рухани тұрғыдан өрлеуіне үлес қосқан, тарихта алтын әріптермен жазылып қалған аналардың есімдері әрдайым құрметпен аталады. Олар ақыл-парасатымен, қайтпас қайсарлығымен жұрт билеп көсемдік көрсетті, соғысты да бастан кешті. Ұлтымыздың жаңғыруына бастамашы болған, өмірдің түрлі салаларында нәзік жандылар арасынан алғашқы болып сүрлеу салған батыл аналар мен әпкелеріміздің ерлігін қалай дәріптесек те жарасады. Kazinform агенттігі Халықаралық әйелдер күніне орай ұлт тарихында есімдері мәңгілік кестеленген әйелдерді бір еске түсіріп көрді.
Дина Нұрпейісова
1861-1955 жылдары өмір сүрген қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі. Халық өнерпаздарының 1937 жылы өткен республикалық байқауына қатысып, 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында жүлдегер болған. 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алады. Бала кезінде ұлы күйші Құрманғазымен кездесіп, тәлімін көрген. «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма», «Кербез», «Он алтыншы жыл», «Қосалқа», «Әсем қоңыр», «Тойбастар», «Ана бұйрығы», «Жеңіс» және тағы басқа күйлердің авторы.
Гүлсім Асфендиярова
Гүлсім Асфендиярова (1880-1941 ж.ж.) – қазақ қыздарынан шыққан алғашқы медицина мамандарының бірі. Ташкент әйелдер гимназиясын, Санк-Петербор әйелдер медицина институтын бітірген. Қазақ әйелдері арасында алғашқы дипломды маман атанған.
1913 жылы Ташкенттегі перзентхананың бас дәрігері болған. Ташкент қаласында мұсылмандар ұйымының Түркістан өлкелік бюросының өтінішімен жергілікті халықтардан шыққан әйелдер үшін акушерлік мектеп ұйымдастырды, әрі сол мектептің меңгерушісі және оқытушысы болды.
Аққағаз Досжанова
Аққағаз Досжанова (1893-1932 ж.ж.) – әйел құқығын қорғаған алғашқы дәрігер, оқытушы және белсенді әйелдердің бірі. Мәскеу қаласындағы медициналық курста, Томбыдағы медициналық институтында және Орта Азия мемлекеттік университетінің медициналық факультетінде оқыған. Медициналық практикадан басқа, ол ұйымдастыру-педагогикалық жұмыстарға да қатысты.
Аққағаздың медицина туралы еңбектері «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» сияқты басылымдарда жарияланған. 1930-1931 жылдары Алматыдағы №1 ауруханада гинеколог болып жұмыс істеді. Небәрі 39 жасында өкпе ауруынан көз жұмды.
Нәзипа Құлжанова
Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы журналист-ағартушы. Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен көзге түскен қазақ қыздарының бірі Нәзипа Құлжанова еді. «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде әйел мәселелеріне байланысты мақалалар жазып бастаған. 1920 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару, баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссияның құрамына, кейін жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі комитеттің құрамына енеді. «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» басылымдарында, «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызметтер атқарады. Қазақ мектептері үшін оқулықтар жазған. Затаевичке «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» әндерін жазып берген.
Хиуаз Доспанова
Екінші Дүниежүзілік соғыс кезеңінде 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару-жарақ қоймаларын талқандаған Хиуаз Доспанованың есімі ұрпақ жадында жатталып қалған. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш әрі жалғыз ұшқыш қыз. Оңтүстік, Солтүстік Кавказ, Кавказ маңы, Украина және Белоруссия майдандарында әскери тапсырмаларды орындаған. Әуе ұрыстарында екі мәрте жараланса да, жазылған соң қайтадан сапқа қосылып отырған. Соғыста «Әуе ханшайымы», «Түнгі мыстан» лақап аттары болған.
Хиуаз Доспановаға көзі тірісінде еліміздегі ең жоғарғы «Халық қаһарманы» атағы берілді. Батыр ана 2008 жылы 86 жасында өмірден өтті.
Күләш Байсейітова
Күләш Байсейітова (шын есімі Гүлбаһрам) 1912-1957 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың бұлбұл үнді, күміс көмей әнші қызы. Небәрі 24 жасында КСРО Халық артисі атанған. Қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қазақтың өнерлі азаматтарының арасында бірге аттанған. Үлкен театрда Сталин: «Операны грузиндерден де жақсы айта алатын қазақтың қызы бар екен-ау» деп, оның орындаушылық шеберлігін жоғары бағалаған.
Роза Бағланова
Әйгілі «Кестелі орамал», «Ах, Самара, городок» әндерімен ел есінде қалған әнші. Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында ән салды. 1945 жылы 9 мамырда Берлин қаласындағы Жеңіске арналған концертке қатысты. Кейін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының әншісі, Қазақ филармониясының орындаушысы болды.
Роза Тәжібайқызы қазақтың ән өнерін дамытуға айрықша үлес қосты. Оның репертуарында қазақтың халық әндері, композиторлардың шығармалары, әлем халықтарының – орыс, өзбек, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты. Қазақ өнерін шетелдерде таныстырып әрі насихаттай отырып, белсенді гастрольдік қызмет жүргізді. Еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Халық қаһарманы атағына ие болды.
Шара Жиенқұлова
Қазақ сахнасындағы кәсіби би өнерінің негізін қалаушы Шара Жиенқұлованың өмір тарихы аласапыранға толы. Он алты жасында «Биші қыз» атанып, үлкен сахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастаған. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөзінде» басты рөлді сомдады. «Айман – Шолпан» спектаклінде «Келіншек» деген қазақтың ұлттық биін тұңғыш рет алып шықты. Оны ойлап тапқан да, орындаған да Жиенқұлованың өзі, бұл қазақ хореографиясының бастамасы болды. Шара Жиенқұлова 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, кейін «Амангелді» фильміне түскен.
«Қазақ билері» және «Би құпиясы» кітаптарының авторы. Қазақ биінің элементтерін табу үшін республика бойынша көп саяхат жасаған. Нәтижесінде «Айжан қыз», «Тәттімбет», «Қырық қыз» және тағы басқа билер пайда болды.
Алма Оразбаева
ХХ ғасырдың басында елімізде әйел теңдігі қозғалысының негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның есімін де атаусыз қалдырған дұрыс болмас. Ол қазақ ауылдарын аралап, әйелдерге өз құқықтарын түсіндіріп, сауаттарын ашуға атсалысқан. 1922 жылы қазақ өлкелік партия комитеті жанындағы әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан қазақ әйелдерінің сауатсыздығын жою, оларды үкіметтің, кеңестер мен мәдени құрылыс жұмыстарына тартуда Оразбаеваның сіңірген еңбегі орасан. «Әйелдер теңдігі», «Жас қазақ», «Жас қайрат» журналдарындағы редакциялық алқа мүшесі болған.
Гүлфайрус Ысмайылова
Қазақстанның Халық суретшісі, «Платинді Тарлан» сыйлығының иегері. Атақты «Қазақ вальсі» кескіндеме суретінің авторы. Бұл туындыны 1970 жылы 29 жасында салған. Суретте биші Шара Жиенқұлованы бейнелеген. Қазақ сахнасында қойылған «Ер Тарғын», «Жұмбақ қыз», «Қозы көрпеш - Баян сұлу» және т.б. қойылымдарға, «Қыз Жібек» фильміне декорация мен костюмдер жасаған. Ысмайылованың өзі «Қыз Жібек», «Ботагөз», «Аласталған Алитет» фильмдеріне түскен.
Балжан Бөлтірікова
Балжан Бөлтірікованы қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел деп атауға әбден лайықты. Қазақ КСР-да әйелдер арасынан шыққан тұңғыш Сыртқы істер министрі, Қазақ КСР-інің әлеуметтік қорғау, ағарту министрі қызметтерін абыроймен атқарған. Бөлтірікова БҰҰ Бас ассамблеясының XXI және XXV сессияларына Кеңес Одағының ресми делегациясын бастап барды. Оның есімі мен өмірбаяны Кембриджде басып шығарылатын «Әйелдердің арасында кімнің кім екені» халықаралық анықтамалығында, Қазақ КСР энциклопедиясында, Одақтық және республикалық басылымдарда жарияланды.
Коллаж Kazinform