Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Р.Рүстемовтің саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі

Аудан әкімі Р.Рүстемовтің саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі

Қадірменді қауым!
Ардақты ағайын!
Біз бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде еліміздің қалыптасуына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан Алаштың асыл азаматтарын еске алып, тағзым етеміз.
Саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының көрнекті, көзі ашық, көкірегі ояу қайраткерлері азап шекті. Олардың туған-туыстары мен жақындары да аяусыз зорлық-зомбылық көрді, қудаланды.
Елбасымыз өз сөзінде: «Біз тәуелсіз еліміздің азаттығы мен ел бостандығы жолында құрбан болған арыстарымыздың мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етуге борыштармыз», - деген еді.
Қазақ елінің тарихында «Ұлы жұт» атауымен қалған ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы дәлелдеуді қажет етпейді. Біздің міндетіміз - осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы мен оның жазықсыз құрбаны болған Алаштың ардақты ұлдарының қазақ тарихында атқарған игі істерін мәңгі есте сақтау.
Сол жылдары ең кемі бір жарым миллионнан астам адам Қазақстан жерінде ашаршылық құрбаны болса, 600 мың қазақ амалсыздан өз Отанын тастап, аштық пен ел ішін жайлаған індеттен бас сауғалауға мәжбүр болды. Бұл қасірет – біз мәңгі ұмытпайтын ауыр қайғы және тарихтың ащы сабағы.
Тарихи таныммен ұрпақ өседі, ұлттық сана қалыптасады. Олай болса, арыстарымызға көрсетілген құрмет келешегіміздің жарқын болуына жол ашады.
Ардақты әлеумет!
Қазақстан – кеңестік жүйе елдерінің ішінде репрессия жылдарында жазықсыз жапа шеккен адамдар тағдырына қатысты тарихи ақиқатты қалпына келтірген бірден - бір ел. Тәуелсіздік жылдарында халқымыз жүріп өткен жол - біздің қоғам үшін қастерлі игілікке айналды.
Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған Үндеуінде тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құру жөнінде тапсырма берді.
Тарих беттерінде ерекше аталып, келешекке өшпестей етіп ерлік пен елдіктің, теңдік пен еркіндіктің үлгісін қалдырған, бүгінгі біз таңдаған Тәуелсіздік жолында жанын қиған осынау Алаштың арда туған азаматтарының ұлы есімдері тәуелсіз Қазақстанның тағылымды тарихында алтын әріптермен жазылмақ. Осынау дархан даламызда Алаш арыстарының қалдырған өшпес ісі, өлмейтұғын мұрасы келешек ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.
Біз аса қатал саяси қуғын-сүргін мен қолдан жасалған ашаршылықтың құрбаны болған арыстарымызды еске алып, олардың рухтарына тәу ете отырып, бүгінгі алаш жұртының басындағы тыныштық, бірлік, баянды болашағымыздың, Мәңгілік Ел мұратының алтын тұғыры деп білеміз.
Қазақстан халқының бірлігі жарасып, Отанымызда әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын!
Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі болсын ағайын!
31 мамыр 2020 ж. 1 473 0