Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Сыйынар ем, ана деген тәңірге» атты салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік іс-шарада аудан басшысы нәзік жандыларды мерекемен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады» деген сөзінің мәні зор. Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген Ана алдында бәрiмiз бас иемiз. Сырдария ауданында ақыл мен парасаттың, әдемілік пен әділдіктің, ауызбіршілік пен сыйластықтың үлгісін қалыптастырған ардақты аналардың өнегелі өмірі аңызға айналып, ел аузында. Біздің қазіргі қоғамда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол сан түрлі мәселелерге де белсене араласатын қоғам мүшесі. Бүгінде аудандағы 40 мыңға жуық халықтың 51 пайызын әйел-аналар, қыз-келіншектер құрайды. Олардың басым көпшілігі білім, денсаулық, мәдениет салаларында қызмет жасайды. Ауданда 274 Алтын алқа, 643 Күміс алқа иегері, 56 Батыр ана, 3 аудандық мәслихат депутаты, 8 әйел мектеп директоры, 24 қыз-келіншектер балабақша меңгерушісі, 48 әйел мемлекеттік қызметте елге қызмет етуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Салтанатты іс-шарада ауданның дамуына еңбек етіп жүрген ардақты аналар мен түрлі сала қызметкерлері облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мұнан соң әйел-аналар мен қыз-келіншектердің құрметіне мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
08 наурыз 2024 ж. 243 0