Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аудандық газеттің айшықты белесі

Аудандық газеттің айшықты белесі

Мерзімді басылымның жалпы адамзат тарихында алатын орны қай кезде де маңызды. Баспасөз – халықтың рухани-мәдени өмірінің айнымас бөлшегі ғана емес, ой кеңестігін дамытатын күш және де елдің өсіп-өркендеуі жолында қоғамдық сананы қалыптастыратын құндылық. Сондықтан қазақ қоғамында «Барлық БАҚ халық үшін қызмет етуі керек» деген қанатты қағида қалыптасқан. Осы ретте алғашқы нөмірі сонау 1939 жылдың 26 наурызында оқырманға жол тартқан аудандық «Тіршілік тынысы» газеті биыл 85 жылдық мерейлі белес­ке қадам басып отыр.

Санамалап айтар болсақ, ең алғаш Серғазы Абдуллаев редакторлық еткен аудан­дық газеттің 85 жылдық тарихындағы мен жиырмасыншы редакторы екенмін. Ал 1939 жылы «Сталин жолы» деп аталған газет атауы бүгінгі күнге дейін алты рет өзгеріп, қазіргі таңда «Тіршілік тынысы» болып таратылуда. Бүгінгі мақаланы редакторлар мен газет атауы жөнінде бастауым бекер емес. Өйткені бұл айшықталып айтылып, терең зерделеніп жазылуы тиіс тарих. Енді газеттің 85 жылдық тарихына шолу жасап, кейінгі буын басылым туралы ізденгенде қажетіне жарарлық мақаланың негізгі бөліміне, түпкі тарихына көшейік.

Біздің қолымызда Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының Орта­лық Комитетінің 1930 жылдың 17 тамызын­дағы қаулысы бар. Ол қаулыда округтердің жойылуына байланысты газет жүйе­лерін қайта құру туралы жазылған. Осы құжат­қа сәйкес негізгі өндіріс орындарында және ауылшаруашылық аудандарында қалалық, аудандық газеттер ұйымдастырыла бастаған. Сол жұмыстардың негізінде 1938 жылы Тереңөзек ауданы қайтадан аудан мәрте­бесін алып, аудандық газет 1939 жылдың 26 наурызында «Сталин жолы» деген атпен жарыққа шыққан. Архивтік деректерге сүйенсек, газеттің атауы кеңестік жүйенің даму кезеңдеріне сәйкес саясат ыңғайына қарай өзгеріп отырған. Атап айтар болсақ, «Сталин жолы» газеті 1939 жылдың 26 наурызынан 1956 жылға дейін таратылған. Ал 1956 жылдан 1963 жылға дейін «Еңбек майданы» ретінде оқырман қауымға жол тартқан. 1963-1967 жылдары Тереңөзек (қазіргі Сырдария) және Сырдария (қазіргі Тасбөгет) аудандарының бірігуіне байланыс­ты аудандық басылым «Сырдария» атауымен жарық көрген. Сәйкесінше 1967 жылы аудан екіге бөлініп, Тереңөзек аудандық партия комитеті мен халық депутаттары аудандық кеңесінің органы «Еңбек туы» газеті болып өзгертілген. Яғни 1967 жылдан 1992 жылғы шілденің 30-ына дейін газет «Еңбек туы» атауымен тараған. Осы ретте аудандық газеттің 1990 жылдың 2 қарашасында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Қазақ ССР Баспасөз жөніндегі Мемлекеттік Комитетінде тіркелгенін айта кетейік. Мұнан кейінгі жылдары, яғни ел Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде газеттің мазмұндық сапасы түбегейлі өзгерді. Қоғамдық-саяси газет ретінде мемлекеттік тапсырысты орындап, ақпараттық-насихаттық саясатты жүргізді. Сөйтіп 1992 жылдың 30 шілдесінде басылым атауы «Тереңөзек тынысы» деген атпен Қазақстан Республикасының Бұқаралық ақпарат министрлігінде №834 санды тіркеу куәлігімен тіркелді. Ал 1997 жылдан бері «Тіршілік тынысы» деген атаумен жарыққа шығып келеді.

Газет редакторлары жөнінде де тарқата жазуға болады. Басылымға ең алғаш Серғазы Абдуллаев редакторлық еткенін жоғарыда жаздық. Бұл – 1939 жыл. Негізі «Газеттің ең алғашқы редакторы кім болды?» дегенге келсек, нақты қолы қойылып, есімі жазылғандықтан Серғазы Абдуллаевты айтамыз. Алайда, кейбір баспасөз деректерінде Айтмағамбет Жалмұханбетовті 1937 жылы Тереңөзек ауданының газет редакторы болып қызмет атқарған тұста «Халық жауы» ретінде ұсталып, Ресей жеріне айдалып, ақыры сол жақта қайтыс болған деп келтіріледі. Бұл деректі былай түйіндеуге болады. 1929 жылдың шілде айында Қызылорда округтік «Сыр бойы» газеті шыға бастаған. «Сыр бойы» Қызылорда округінің партия Кеңес комитетімен кәсіподақ ұйымының және Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Қармақшы, Қазалы, Аламесек, Қарсақбай аудандарының да органы болып табылған. Міне, сол тұста Айтмағамбет Жалмұханбетов «Сыр бойынан» Тереңөзек ауданына бөлінген редактор-тілші болған. Сонымен «Сталин жолы» газетінің 1940 жылдың №1 (57) санында (1 қаңтар) жауапты редактор Серғазы Абдуллаев, кейіннен жауапты редактордың міндетін атқарушы болып Мәулен Меңдіғараев, газеттің кей нөмірлеріне Дүйсен Жұқабаев та қол қойған. Бұл азаматтар 1940 жылы аудандық партия комитетінің қызметкерлері болған. Ал 1940-1941 жылдары газет тізгінін Баймахан Уызбаев ұстаған. Газеттің 1941 жылғы 8 қазандағы санына жа­уапты редактор болып А.Тортаев, Б.Уызбаевтар қол қойған. Бұл деректерден ара-тұра партия қызметкерлері де редактор үшін қол қойып отырғанын көруге болады. 1939-1946 жылдары ауыл-село тілшілері Тұрсынбай Аралбаев, С.Дәрібаев, Мұса Нұрманов, Бақытжан Әденов, Сайлығараев, Қайролла Оспанов, Үмбетов, Н.Төртбаев және тағы басқалар тұрақты түрде автор-тілші болып мақала жазып тұрған.

Газеттің жарыққа шыққан алғашқы жыл­дарын­дағы мазмұны жайында мынадай дерекке сүйенуге болады. Бұл дерек «Сыр журналистикасының тарихы» бестомдығының ІІ томында жазылған.

«Ол кездерде баспасөздің, әсіресе газеттің беделі өте зор болатын. Сын мен өзара сын және фельетондар газет беттерінде жиі жарық көруші еді. Газет сынын жоғарғы партия, Совет, комсомол және шаруашылық орындары, оның басшылары қатты қолдайтын. Газет көтерген дабылға баса мән берілуші еді. Редакцияның аппараты шағын болуына қарамастан газет бетінде түрлі саяси-шаруашылық мәселелер, сын материалдары үнемі және жан-жақты қамтылатын. Газеттің қызғылықты, тартымды шығуына сол кездегі ауыл активтері, комсомол-жастар барынша белсенді түрде атсалысушы еді. Мысалы, №23 ауылға сол кездегі «Бостандық жолы», «Үлгі» және «Сталин» атындағы колхоздар кіретін болса, осы шаруашылықтардың өмірінен тамаша материалдарды осы ауыл советтің азаматы Қараев үнемі жазып тұратын. Кейін осы газетте жауапты секретарь қызметін атқарып, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан оралмады. №1 Қызылөзек ауылдық Советінің қамтуындағы «Жаңаарық» колхозынан Есентұр Дәуітбаев ауыл өмірін үнемі жазып отырумен қатар көркемсөз, өлең де жазды. Ол 1940 жылы Қызыл армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысып, елге көптеген өлеңдерін жіберіп тұрды. Қазақстан Жазушылар одағы жинақтаған соғыстан оралмаған жас ақындар жайлы деректерде сырдариялық Есентұр Дәуітбаевтың де есімі аталады. Сол кездегі «Қызылдиқан» колхозынан соғысқа дейін де және онан кейін де осы ауылдың тұрғыны Мұса Нұрманов газеттің белсенді авторларының бірі болды. Газет осындай авторлардың жемісті еңбегінің арқасында талқыланып, беделге ие болды. Газетте жарияланған, әсіресе, сын материалдардың бірде-бірі ізсіз жоғалып кетпейтін. Оған тиісті жолдастар редакцияға жан-жақты, түбегейлі, тиянақты жауап беретін. Газет бетінде сыналу деген жазаның ең ауыры сияқты болып көрінетін. Газет қызметкерлерінің беделі де жоғары болатын» делінген бестомдық жинақтың ІІ томында.

Баспасөзде жарияланған мәселенің аяқсыз қалмайтынын газет оқырманы Қожабек Қоянбаевтың өзі жазған мақаласын мысал етіп, естелік жазып қалдырумен де байланыстыруға болады.

«Ұмытпасам, 1941 жылдың март-апрельдің іші болар. Біз оқитын жетіжылдық мектеп батыстан шығысқа қарай бейне пойыздың вагонындай ұзынша етіліп салынған. Жалпы көлемі 5-6 бөлмеден тұрады. Ал енді мектептің шығысында мектеп үйіне қабырғалас салынған өзі ұзынша жайды одан сайын ұзарта түсетін ауылдың бір бөлмелі клубы болатын. Бір таңырқарлығы, мектептің іші-сырты қысы-жазы ылғи әктелінген аппақ болып тұрса, ал мектеппен қабырғалас клубтың сырты бидай сабан араластырған балшықпен сыланған, қабырғаларынан су аққан, тамшы тескен күйінде үнемі ағал-жағал болып тұратын. Өмірі әктелмеген қоңыр сылақтан сояудай-сояу­дай сабан көрініп тұратын. Ауыл адамдары қол бос уақыттарында клубқа үнемі келетін, газет-журналдар оқитын. Клубтың әдемі шағын сахнасы бар еді. Мереке күндерде мектептің ересек оқушылары, мұғалімдері концерт қоятын. Осындай көпшілік жиі келіп, көңіл көтеретін клуб үйінің жағдайы аз уақытта мүшкіл күйге түсті де қалды. Клубқа жақын жердегі колхоздың астық сақтайтын қоймасының бір қабырғасы жарылып, құлауға айналғасын колхоз барлық тұқымдық астығын бір жетіге толмайтын уақытта клубқа тасып алды. Клуб үйі лезде қоймаға айналды. Осы бір келіссіздеу жағдай менің, яғни 6-класс оқушысының қолына қалам алдырды. Өмірімде тұңғыш рет «Қоймаға айналған клуб» деген мақала жаздым. Әдемілеп көшіріп, конвертке салып, адресін жазып, көршіміздегі аудан мен ауыл арасына пошта таситын Шадай ағайдың аспалы қара сумкасына сүңгітіп жібердім. Арада жеті-он күн өткенде аудандық газетте «Редакцияға хат» деген айдармен астық қоймасына айналған клуб жайлы хабар жарқ ете қалды. Баспасөздің құдіреттілігін мен сонда көрдім. Хабар жарияланған соң арнаулы адамдар келіп өгіз, ат-арбалармен тұқымдарды басқа жайға алып кетті. Клуб сыртына май мерекесі қарсаңында құм сылақ жүргізіп, аппақ шатырдай етіп әктеді. Ішін де әдеміледі, кем орындықтарды толықтырды, қабырғаларды ұрандармен безендірді» деп жазып қалдырған Қожабек Қоянбаев.
1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Соғыс өрті әлемді шарпыды. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін зұлматты жылдардың зардабын сезінді. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс салдарынан мерзімді басылымдардың басым көпшілігі өз жұмысын тоқтатты. Газеттердің жұмысы соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары ғана қайта жанданды. Аудандық газетке 1945-1946 жылдары Әбілда Құрманаев редактор болды. Ал Смайыл Ақ­жігітов 1946-1950 жылдары редакторлық қыз­мет атқарды. Осы ретте С.Ақжігітов туралы жергілікті басылымда былтыр «Әкем редактор болған...» кездейсоқ кездесуден кейінгі ізденіс» тақы­рыбында мақала жарияланған болатын. Бұл мақаланың жазылуына С.Ақжігітовтің қызы Сәуле Смайыловамен Қызылорда қаласындағы кездейсоқ кездесуім түрткі болды. Орайы келіп тұрғанда аудандық газеттің тарихында өзіндік орны бар қайраткер-тұлғаның өмірдерегі жө­нін­де жаза кетейін.

С.Ақжігітов 1911 жылы Қармақшы ауданы­ның Төрткүл ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келіпті. Бұл – қазіргі Жаңажол ауылдық округіне қарасты аумақ. Мектеп қабырғасынан орталау білім алған ол еңбек жолын қарапайым колхозшы болудан бастаған. Отбасы жағдайымен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында болып, сонда 1932-1934 жылдар арасында ауылдық кеңес хатшысы қызметін атқарады. Өзінің жазу-сызуға бейім екенін байқатқан жас жігіт 1935 жылы Ырғыздағы екі жылдық Совет партия мектебінің газетшілер тобында оқып, саяси білімін жетілдіреді. Газет қызметінің қыр-сырына осы жерде қанығып, халық шаруашылығының түрлі салаларында мақала жазуға бет бұрады. Сондай-ақ редакцияға келген хаттарды сараптауға да машықтанады. Тиянақтылығымен, табанды­лығымен көзге түсіп, жақсы қырынан танылып, 1937-1941 жылдары туған жеріне келіп, аудандағы «Қызыл ту» газетіне қызметке орналасады. 1941 жылы Жалағаш ауда-нындағы «Күрішшілер» аудандық газетіне жауапты редактор болып бекітіледі. Ол кезде газет редакторы лауазымын «жауапты редактор» деген атпен атаушы еді. Тап осы жылы елімізге тұтқиылдан жасалып, талай жанды жалмаған әйгілі неміс-фашист соғысы басталып кетеді де, кеңес әскері қатарына алынып, Отан қорғауға аттанады. Соғыс кезінде Примор өлкесі, Ворошилов қаласында болғандығы жөнінде мәліметтер қорғаныс істері бөлімінің мұрағаттарында кездеседі. Рота командирі қызметін атқарған деген дерек те бар. Кеңес одағы Жоғарғы Бас командашысы Генералиссимус Сталиннің 1945 жылғы 23 тамыздағы №372 Бұйрығы негізінде берілген «Қиыр Шығыстағы жапондармен соғыста үздік соғыс қимылдарын көрсеткені үшін» деген мазмұндағы алғыс хатынан 1945-1946 жылдары майдандағы ерлік істерін жапон соғысында жалғастырғандығын аңғаруға болады. 1946 жылы туған жеріне жеңіспен оралған С.Ақжігітов Тереңөзек ауданының «Сталин жолы» газетінің редакторы болады. Кейіпкеріміз аудандық газеттің жауапты редакторы қызметін 1950 жылға дейін атқарады. Бұл туралы «Сыр журналистикасының тарихы» атты бес томдық жинақтың ІІ томында баяндалады. Соғыс жылдарынан кейінгі тұрмыс жағдайы, жергілікті халықтың әл-ауқатының төмен болғаны белгілі ғой. Мұндай қиын кезеңде шығармашылық іспен айналысу да зор жауапкершілікті талап етеді. С.Ақжігітов жауапты редактор ретінде соғыстан кейін еңсесі түскен елге серпіліс сыйлайтын, шабыт беретін мақалалар әзірлеуге көп күш салған. Елді еңбекке шақырып, бірлесе жұмыс істеуге ынталандыратын мақалалар әзірлеп, басылым бетінде тұрақты түрде жариялаған. Айта кету керек, бұл жылдары белгілі әдебиет зерттеушісі Әлішер Тоқмағамбетов те аудандық газетке мақалалар ұсынып, ауданның рухани-мәдени, саяси-тәрбиелік даму жұмыстарын жақсартуға көп еңбек сіңірген. Осындай іргелі істердің басында жауапты редактор қызметін атқарған Смайыл Ақжігітов тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Соғыстан кейінгі жылдары газет редакторлары болып Смайыл Ақжігітов, Шілдебай Оңғалбаев, Айтбай Қойшыбаев және Жұмағали Елеуов сияқты тәжірибелі, білімді, өмірден көргені көп азаматтар қызмет атқарды. Аудандық газеттің жауапты секретары (хатшысы) болып көп жыл Құрманғали Ажаров жұмыс істеді. Ол кейін облыстық «Ленин жолы» газетіне қызметке ауысып, бір редакцияда 30 жылдан астам жемісті еңбек етті. Соғыстан кейінгі жылдары аудандық газеттің сапалы және жақсы шығып тұруына аудандағы зиялы қауым өкілдері, басқа да салада еңбек ететін азаматтар белсене араласты. Мысалы, әдебиет зерттеуші, сыншы-публицист әрі педагог Әлішер Тоқмағамбетов аудандық газетке үнемі мақала жазып, ауданның мәдени-экономикалық, саяси-тәрбиелік жұмыстарын жақсарту мақсатында көп еңбек сіңірді. Ол кей жастардың тәрбиесіне, оқуына байланысты проблемалық көкейкесті мәселелерді газет беттерінде батыл көтеріп отырды. Сондай-ақ сол кездегі аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі Дүйсен Жұқабаев партия ұйымдарының жұмысын жақсарту тақырыбына байланысты аудандық газетте үнемі сын мақа­лалар жазып тұрды. Ал мектеп мұғалімі Қасымхан Ысмайлов бала тәрбиесі, ата-аналар арасындағы жұмыстар туралы газет бетінде көптеп ұсыныс-пікірлер, сын жазған. Ауданда шаруашылық мекемелерінде басшылық қызмет атқарып жүрген Жүніс Жұмабаев қолы қалт еткен уақытта түрлі тақырыптарда өлең жазып, газет бетінде жариялап тұрған. Сол уақытта баспасөз бетінде көрінуге, ойындағы мәселелерін газет арқылы көтеруге қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап ауыл, аудан көлеміндегі жауапты қызметкерлерге дейін үйірсек болатын. Бір сөзбен айтқанда, аудандық газетті шығаруға оқырмандар жаппай қатысқан. Қалың көпшілік ақпараттандыру ісіне ерекше жауапкершілікпен атсалысқандықтан аудандық газеттің беделі де биік еді.

Ал 1951-1955 жылдары аудандық газеттің редакторы Шілдебай Оңғарбаев болады. Айтбай Қойшыбаевтың да редактор болғаны жөнінде деректер бар. Бірақ нақты мерзімін біз архивтік құжаттардан таба алмадық. Сәйкесінше 1955-1962 жылдары Жұмағали Елеуов бас редактор болса, осы жылдарда редактор үшін Ш.Оңғалбаев пен Б.Өтеповтер де қол қойған. Содан кейін 1965-1967 жылдары Болатбек Аманбаев, 1971-1972 жылдары Смағұл Маханбетов, 1972-1978 жылдары Ізхан Досмағамбетов редакторлық қызмет атқарған. Бұл кісілердің еңбегін, азаматтық қарым-қабілетін, өңір журналистикасының дамуына сіңірген қажырлы үлесін сырдариялықтар жақсы біледі. Қиын кезеңдерде еңбек еткен, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, өзіндік орны бар тұлғалардың есімін біз әркез құрмет тұтамыз.

1978 жылдан бастап 1992 жылға дейін аудандық газеттің редакторы Абызбай Маханбетов болған. Бұл жылдар басылым үшін өсу мен өркендеу жылдары болды. Газеттің сапалық мазмұны артты, таралым саны да көбейді. Беделі биіктей түскен басылымды жұртшылық асыға күтетін болды. Ал 1992-1993 жылдары Қуаныш Татанов, 1993-1994 жылдары Тынышбек Дайрабаев редакторлық еткен жылдары газетте тарихи-танымдық мақалалармен қатар зерттеу еңбектер көп жарияланды. Газет жергілікті атқарушы, өкілді органдардың жұмысын жан-жақты ақпараттандырды, оқыр­ман­мен тығыз байланыс орнатты. 1994-1998 жылдар аралығында Келдібай Уәйісов пен Тұрғанбай Болғанбаев газет редакторы болды. Ал ақын Асқар Кіребаев 1998-2000 жылдары аудандық басылымды басқарса, Нұрлыбек Ғизатов 2000-2001 жылдары редактор ретінде еңбек етті. Одан кейінгі жылдары табан аудармастан он сегіз жыл, яғни 2019 жылға дейін аудандық газетті Сәуле Ерімбет басқарды. Тарихы кемелденген басылымның бас редакторлары журналистика саласының дамуына өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. Талай журналист газеттен түлеп ұшып, республика өңірлерінде, облыс аумағында еңбек етуде. Ал 2019 жылдан бері бас редактор қызметін мен атқарып келемін.

Осы жерде нақтылап жіберетін бір мәселе бар: 1963 жылдың 1 қаңтарынан бастап, 1964 жылға дейін Қызылорда облысы «Оңтүстік Қазақстан аймағы» құрамында болуына байланысты Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары таратылды. Тереңөзек ауданының елді мекендері Сырдария, Қармақшы аудандарына бөлініп берілді. Осыған байланысты 1962-1965 жылдар аралығында Тереңөзек ауданына қарасты газет шыққан жоқ.
Аудандық газеттің әр жылдардағы тиражына тоқталар болсақ, алғашқы «Сталин жолы» – 1000 данамен, «Еңбек майданы» – 1350 данамен, «Сырдария» – 4150 данамен, «Еңбек туы» – 3010 данамен, «Тереңөзек тынысы» – 2905 данамен оқырманға жетсе, қазіргі таңда «Тіршілік тынысы» газеті 3115 данамен таратылуда.

Аудандық басылымның елдегі реформа­ларға орай жабылып қалған кездері де бар. Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтапов өз естелігінде мынадай дерек келтіреді:

«Ел билігіне Н.С.Хрущев келгенде түрлі реформалар жүзеге асып, «аудандық партияға газеттің қажеті жоқ» деген тапсырмамен аудандық газеттер тарап кетті. Мұнан соң аудандық поштадан радиоторап ашылып, жаңалықтар халыққа радио арқылы беріліп тұрды. Газеттің жабылуымен бірге барлық аудандарда баспахана ізі сақталмай, тек Сырдария мен Арал ауданында ғана сақталып қалды» дейді ардагер.

Қайта ашылған аудандық басылымның алғашқы жылдарында бір редактор мен бір тілші еңбек етсе, уақыт өте редакцияда штат ашылып, шығармашылық ұжым қалыптасты. Бұл газеттің жалғыз тілшісі болған Сақтаған Есмаханов естелігінде жазылған.

«Сол жылдың күзінде ғой деймін, маған жауынгердің керзі етігі аяғынан түспеген ұзын бойлы, ашаң дөңгелек жүз жас жігіт келді.

– Сәке, сізді сырттай өлең, мақалаларыңыз­дан білуші ем. Армия қатарынан жуырда ғана келдім. Газетте кімдер істейтінін сұрастырсам, сізді осында деді. Сондықтан әрі танысқалы келдім, әрі «газет үлкейеді» дегенді естіп, егер сол рас болса, менің жаңа құрамға енуіме көмектесуіңізді өтінгелі келдім, – деді ол. Бұл – Төлепберген Тобағабылов еді. Көп ұзамай газет төрт бет болып аптасына үш рет шығатын болды. Коллективке бұрын осы аудандық газетте редактор болған Шілдебай Оңғалбаев, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Бәкір Өтепов, осы бөлімдегі нұсқаушы Ералы Бедебеков, жауынгер жігіт Төлепберген Тобағабылов, Нұрхан Жанаев келді. Бәкір Өтепов – редактордың орынбасары, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, Шілдебай Оңғалбаев ауылшаруашылығы, Ералы Бедебеков еңбекші хат­тары бөлімін басқарып, Төлепберген тілші, Нұрхан корректор болып бекітілді» деп жазып қалдырған Сақтаған Есмаханов сол жылдары редакцияның үлкеюіне байланыс­ты баспахананың материалдық-техникалық жағ­дайы нығая түскенін атап өтеді.

Мұхтар Сақтапов өзінің естелігінде шығармашылық ұжымның газет шығарудан бөлек еңбекке араласқанын жазады.

«Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов еді. Жоғары білімі болмағанымен ұйымдастырушылығы мол тұлға еді. Барлық бөлімді жұмысқа тартатын. Кесек құйғызады, құрылысқа апарады, масақ тергізеді. Редакция аудандық партия ғимаратының ішінде орналасқан. Газет шыққан соң редакцияны жаптырып, барлық бөліммен қосып жұмысқа апаратын» деп еске алада ардагер журналист өткен күнге көз жүгіртіп.

Шығармашылық ұжымды сол кезде қара жұмыстан босатқан қырғи тілді ақын Асқар Тоқмағамбетовтің бір шумақ өлеңі ел ішінде жатталып қалды. Ол жөнінде Мұхтар Сақтаповтың естелігінен үзінді келтіруге болады.

«Бір күні жұмысқа шығайын деп жатқанда Асқар Тоқмағамбетов келе қалды. Машинадан түсе бергенде бірінші хатшы алдынан шықты. Бәріміз қолын алып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Жағдайымызды сұраған соң жұмысқа бара жатқанымызды жеткіздік. Сол кезде Асекең:
– Әй, Бердіқұлов!
Журналист жаратылған том жазуға,
Сен оларды жұмсайсың тоң қазуға.
Бір күні «Правдаға» шығып жатсаң,
Кетесің ана жаққа ор қазуға, – дегенде бірінші хатшы:

– Асеке, болды, болды. Осы 5-10 адам бармағаннан жұмыс тұралап қалмас, қалыңдар, – деді. Осы сәт әлі есімнен кетпейді. Одан кейін бармайтын болдық» дейді Мұхтар Сақтапов.
Бұл мысал арқылы сол уақытта басшы­лардың журналист сынына ілігуден қаймы­ғатынын, жалпы баспасөздегі көтерілген әр­бір мәселемен санасатынын аңғаруға болады. Сондай-ақ М.Сақтапов өз естелігінде сол жылдары редакцияның аудандық партия комитеті­нен бөлек, өз алдына төрт бөлмелі ғимаратқа көшкенін айтады.

Газет ісі баспаханамен тығыз байланыс­ты. Аудан орталығындағы қос қабатты үлкен ғимаратта орналасқан сол кездегі баспа­­хана мен редакция жұмысы бір сәтке тоқтамайтын. Қайнаған жұмыстың басында әріп терушілер мен газет басушылар жүретін. Сартылдаған станоктар мен линотиптер... Қорғасын құймалар... Бәрі-бәрі бүгінде тарихтың қойнауына енді. Десе де аудандық газет тарихымен бірге жасасқан аудандық баспахана директоры болған В.Те, Уамық Аманбаев, Б.Жұмсабеков одан кейін ұзақ жыл баспахананы басқарып, газеттің сапалы шығуына атсалысқан Сергей Тоқсанбаев, механик-баспашы Қалман Төлегенов, бас механик-баспагер Бақытбек Әбдіхалықов, Шынар Әбдіхалықова, әріп терушілер Әнәпия Әбдірахманова, Шолпан Беркінбаева, Қалды­гүл Балшықбаева, Жақсыгүл Тасымбаева, Бақыт Байжүнісова, Қазына Асықбаева, Жұма­күл Қожағұлова, Қалдыгүл Жаншыбаева, Гүлнар Ысқақова, корректор Айдан Манасова, Роза Досмағанбетова, Роза Есмағанбетова, Кеңескүл Жұмабаева, Ләззат Өскенбаева, Алтын Болғанбаева, бет әзірлеуші Оразкүл Күзембаева мен Анар Ысқақовалардың есімі де, еңбегі де ешқашан ұмытылмайды.

Газет тілшілері басылымның оқырманға жол тартқан алғашқы санынан бастап қоғамдық сананы жаңғыртуға, атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жеткізуге, оқырман сұранысына жаңалық таратуға жауапкершілікпен жұмыс­танды. 2014 жылы «Сыр медиа» серіктестігіне қосылған аудандық газет бүгінде аптасына екі рет таратылуда. Түрлі айдарлар ашылып, сапартамалық мақалалар жазылуда. Сайт жұмысы да жетілдірілуде. Осы ретте 85 жылдық айтулы мерейтойға аудандық газет өзіндік жетістікпен жетіп отыр, алдағы уақытта да өңір журналистикасын дамытуға үлес қосады деп сеніммен айта аламыз. Жыл аяғына дейін мерейтойға байланысты «Тіршілік тынысы – 85 жыл» айдарымен түрлі бағытта мақалалар жарияланатын болады. Бұл газет ұжымы үшін ғана емес оқырмандар үшін де ортақ қуаныш. Сондықтан төл басылымның торқалы тойын бірге тойлап, бірлесе жұмыс істейік, қадірлі ағайын, құрметті оқырман!

Ақтөре Ибрагимұлы,
аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы
30 қаңтар 2024 ж. 285 0