Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

81-ші көктем

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Ахмет Байтұрсынұлының осы бір сөзі мерзімді басылымға дәл айтылған теңеу секілді. Расында да кез келген ақпарат айдынындағы газетті алып қарасаңыз, ғасырға жуық тарихы бар. Сөзімізге дәлел сіз ұстап, көріп, оқып отырған қолыңыздағы «Тіршілік тынысы» газетіне биыл – 81 жыл.
1939 жылы 26 наурызда алғашқы саны жарыққа шығып, өз оқырманына жол тартты. Ең алғаш «Сталин жолы» деген атпен тарап, кейін «Еңбек майданы», «Сырдария», «Еңбек туы», «Тереңөзек тынысы» деген атпен оқырмандар тілегіне орай жария болды. Бүгінде бұл газет «Тіршілік тынысы» деген атпен оқырманға жол тартуда.
Аудандық басылымның 81 жылдық тарихы аз уақыт емес. Осы аралықта аудандық жалғыз баспасөз аудан халқымен, оның тұрмыс жағдайымен, оның әлеуметтік-рухани жай-күйімен бірге жасасып келеді. Өзінің алғашқы санынан колхоз құрылысының жемісін насихаттаудан бастаған газет соғыс жылдарындағы, одан кейінгі кезең тудырған түрлі жағдайларды үзбей жариялап келді. Мұның айқын айғағы – сол кездерде газет бетінде берілген түрлі айдарлармен жарық көрген мақалалар қайнаған тыныс-тіршілікті аңғартса керек. Егемендік алғаннан кейінгі тұста да аудан үнжариясы азаттық айбынын, ел жетістіктерін назардан тыс қалдырған жоқ. Оның берісінде ауданның тыныс-тіршілігін үнемі ақпараттандырып, басылым көзі қарақты оқырманның көзайымына айналған.
Редакция ұстаханасында талай сөз зергерлері ұшталды, қалам тербеді. Өзекті деген мәселелердің шешілуіне ықпал етті. Басылымның мазмұндық деңгейі өсті. Бүгінде ауданға қарасты 14 елді мекенді, жалпы айтқанда 40 мыңға жуық халықты үздіксіз, тың жаңалықтармен хабардар етіп келеді. Газет тілшілері облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпаздары. Шетел асып, тәжірибе жинаған журналистер. Мұның бәрі шығармашылық ұжымға барлық жағдай жасалғанының нәтижесінде атқарылып жатқан жұмыстар. Ең бастысы, аудандық газеттің электронды нұсқасы, яғни сайт жұмысы қолға алынды. Аудандық газеттің сайты оқырманға күнделікті әлемде, елімізде, облыста және ауданда болып жатқан жаңалықтарды жеткізіп отыр. Сайт жұмысы жанданып, қазіргі таңда жергілікті ақпараттар көптеп таратылуда. Бұл газет пен сайт оқырманының көбеюіне ықпал етуде.
Аудан басылымдары арасында аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясы алдыңғы қатардан көрініп, өмір көшін жалғастыруда.


Майя ҚОЖАБАЙ
27 наурыз 2020 ж. 853 0