Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан тарихының шежіресі

Аудан тарихының шежіресі

Біреу білер, біреу білмес, осыдан тура 82 жыл бұрын, яғни 1939 жылдың 26 наурызында аудандық газеттің алғашқы нөмірі оқырман қауымға жол тартты. Бүгін 82 жылдық мерейлі белесті бағындырып отырған шығармашылық ұжым осынау жылдар ішінде іргелі істер мен жақсы жаңалықтардың жаршысы бола білді.

Жергілікті басылымның тарихына зер салсақ, аудандық газет алғашында оқырман қауымға «Сталин жолы» деген атпен таралған. Кейіннен, яғни 1956 жылдың 1 маусымынан бастап «Еңбек майданы» болып өзгертілсе, 1963-1967 жылдары «Сырдария», 1967-1992 жылдары «Еңбек Туы», 1992-1997 жылдары «Тереңөзек тынысы» болып жарыққа шыққан. Ал, 1997 жылдан күні бүгінге дейін «Тіршілік тынысы» атауымен таратылуда.

Жергілікті газет елімізге белгілі қаламгерлердің ұстаханасына айналды. Дарынды жазушы Қалтай Мұхамеджановтың қаламының ізі қалған, ақын Сейфолла Оспан, Қайырбек Асанов, Жадыра Дәрібаеваларды көпшілікке танытқан басылымда Мұхтар Сақтапов бастаған алдыңғы буын өкілдері еселі еңбек етті. Бүгінде олардың ізбасарлары да осал емес. Ауданда газеттің өзіндік орны, мәртебелі төрі бар деп нық сеніммен айта аламыз. Соңғы өткен сайлауда аудандық мәслихаттағы 12 депутаттық мандаттың біреуі аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлына бұйыруы, бұқара мен билік арасына алтын көпір болған қаламгерлерге деген халықтың сенімі мен қолдауын білдіреді.

«Сыр медиа» серіктестігіне қарасты аудандық газет жұмысы сан алуан тақырып пен бағытты қамтиды. Бүгінде жергілікті басылым аптасына екі рет 3947 данамен таратылуда. Шығармашылық топ мүшелері түрлі айдарлар бойынша оқырманға ой саларлық дүниелерді, маңызды мақалаларды, сұхбаттарды жариялауда. Ең маңыздысы, жыл санап оқырмандар қатары артып келеді. Бұл ұжымның жұртшылықпен бірлесе жүргізген жемісті жұмысының нәтижесі.

Аудан жаңалықтарының жаршысына, сырдариялықтардың сырласына айналған төл басылымды 82 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын! Басылым тілшілеріне еңбекте жеміс, шығармашылық сәттілік тілеймін!

Димаш БАЙДУШЕВ,
Сырдария ауданы
әкімінің орынбасары
26 наурыз 2021 ж. 571 0